Новости

Ұрлыққа тұсау болмай тұр…

Шалғай ауыл тұрғыны базынасын жеткізді

Сіздерге бұл мақаланы жазбас бұрын көп ойландым.Өмір болған соң біреулерге кесірім тиіп кетеме деген ойда болды. Мен қарапайым отбасынан шықтым.Әкем ерте қайтып біз өзіммен бірге туған үш тәтем мен інім, қарындасым жалғыз анамыздың тәрбиесін көріп өстік. Анам бізге «ешкімнің ала жібін аттама, ешкімге жазықсыз жала жаппа» деп тәрбиеледі. Әкеміздің соңында қалған алты баланы анамыз қолындағы азғантай малмен оқытып, аяқтандырып жіберді.

Сол анамның бізге деп жетелеп жүріп жеткізген жылқы малынан жалғыз бие мен құлыны болды. Сол бір басты біз ержетіп қатарға қосылған кезден бастап өсіріп, ендігі кезде бізде өз бала-шағамызға деп жинай бастадық. Осы уақытқа дейін жылқыларымды жаз болса сауып,қымызын үлгіртіп,күзде сатып қаражат қылып жүрдік. Өзімнің адал еңбегіммен сол бір құлынды биеден өсірген жылқым былтырғы жылы, яғни 2018 жылы барымташылардың айтауында кетті. Қайда барарымды, кімге шағымданарымды білмей дал болдым. Қасымдағы ағайын-туыстың көмегімен іздеу салдым. Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Бір шеті Ресейдің шекарасына дейін барып келдім. Сөйтіп жүргенде уақыт өте берді. Жолдастарымның бірі заң орындарына арыз тастауым керектігін айтты. Тағы да жоқты іздеуге кетіп бара жатқан жолда, ішкі істер бөліміне соғып арыз қалдырдым. Көңілімде енді заң орнына бердім ғой, алыс-жақын жерден бір хабар болып қалар деген  үміт болған еді. Сөйтсем мен бекерге сеніп жүр екенмін. Ол туралы  аудандық прокуратура   қызметкерлерінің жұмыс нәтижесінде, 2019жылдың ақпан айында  білдік. Жазған арызым ешбір жерге тіркелмеген, жабулы қазан жабулы күйінде қала берген. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген мақал осындайдан шыққан шығар. Сонда қарапайым шаруа баласы біздер кімге шағымданып,кімге мұңымызды айтамыз. Малым табылып қалар деген үмітте күннен-күнге азайып бара жатыр. Осы малдың арқасында балаларымды оқытып,киімдерін алып,қыстық отын-шөбімді дайындап алушы едім. Міне,екінші жылға аяқ басып бара жатыр,әліде болса бір жерлерден хабар келіп жатса өз қаражатыммен барып келіп жатырмын. Бір күндері бір жерлерден шығып қалама деген үмітпен. Осы малды іздеу үшін қаншама шығынға баттым.  Менің жоғалған 34 бас жылқым бір-екі адамның қолымен жасалған қылмыс емес. Бұл ұйымдасқан түрде жасалған қылмыс деп білемін.

Біз дамыған, өркениетті елде, жаңа заманда өмір сүріп жатырмыз,бірақ ұрылар осы заманда да емін-еркін мал ұрлығымен айналысуда. Өйткені оларға тыйым салатын ешқандай заң орны жоқ. Ұрлықмалды емін еркін кез-келген базарларға өткізе береді емеспе. Барлық полиция қызметкерлері адал жұмыс жасаса, бәлкім осы бір ұрлыққа тыйым болар ма еді. Малмен күнелтіп отырған халықтың ұйқысы да тыныш болар еді. Қазіргі уақытта малдың қасқырынан, адамның қасқырына тыйым салу деген қиынның-қиыны болды ғой. Бәлкім полиция қызметкерлері менің арызым бойынша дер кезінде жұмыс жасаса, отбасымды асырап-бағып отырған жылқыларым табылып қалар ма еді. Осындай жағдайларды біле отырып, жалған сан қуып қайда барамыз. Статистикалық көрсеткішіміз құлдырамаса болды ма. Мен, малмен күндерін көріп отырған адамдарға, ешқашан да ешкімге сенбеңіздер дер едім.

Ал, қазіргі уақытта Амангелді аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты менің малдарымның ұрлығы қылмысын жасырғаны,яғни менің жазған арызым теркелмей, жұмыс жасалмағандығы  үшін қылмыстық іс қозғалды.

Осындай болып отырған кикілжіңдерден кейін,түрлі мәселелер туындауда. Мал жоғалса ішкі істер бөліміне «хабарласпас бұрын ойланыңыздар» дейді, мал иесіне малына ие болмағаны үшін айыппұл салынады жәнебарлық шығынды мал иесі өзі төлейді деп айтуда. Сонда малын жоғалтқан мал иесі кімнен көмек сұрайды.Онсыз да шығынға батқан адам несін береді.

Осы бір мақаламды жазғандағы ойым, алдағы уақытта күнін малмен көріп отырған қарапайым қазақ баласы ойланса екен демекпін. Бала-шағам деп жинаған малыңызды ұры-қары барымталап кете берсе, оны сізге көмек қолын созып қылмысты ашуға көмек жасайтын заң болмаса, қазақ қайтіп күн көрер. Жазылған арызға бір жапырақ қағаз деп қарамай, дұрыс жұмыс жасалса әлде қалай болар еді. Сонда біз кімге сенеміз. Елбасымыздың ауыл шаруашылығын дамыту туралы бағдарламаларына шамам келгенше үлес қосудамын. Соның барлығына осы малдың күшімен қол жеткізудемін.

Осы басталған іс орта жолда тоқтамай,нақты шешімін тапса екен демекпін.Қазіргі таңда бұл іс сотқа түсіп тұр, алдағы уақытта істің әділ шешімін табуына үміттіміз. Сонда ғана «көп асқанға бір тосқан»болады, ұрлық деген тиылар еді.

Жомарт ЕСМАҒАНБЕТОВ,

Амангелді ауданы,

 Құмкешу ауылының тұрғыны

 

 

 

 

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77