немесе құрылысшы Жомарт Нұржанов жайлы

Еңбекқорлық арманына жеткізді

Бұл талай зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлерді тұрғызуға өзінің қомақты үлесін қосып келе жатқан Жомарт Хамзаұлы Нұржановты көп жылдардан бері білемін десем артық болмас.

Кейіпкерім сыртқы кескін-келбетіне жан дүниесі сай келетін асыл азамат. Ол ынтымағы жарасқан әулетте өсті. Бұлардың отбасын бүкіл Торғай өңірінің халқы ерекше сыйлайды.

Өйткені, киелі шаңырақтың иесі Хамза атамыз Қостанай облысындағы ұлтымыздың хас батыры Амангелді Имановтың есімі берілген ауданның Байғабыл деп аталатын елді мекенінде туып өскен.

Қадыр қасиеті баршаға мәлім тұлға кезінде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин ашқан орыс — қазақ мектебінде білім алған дарынды жан еді.

Содан кейін ол өз замандастарынан қалмай, жоғары оқу орнын тәмәмдады. Кезінде бойындығы ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен зерделілігінің арқасында Амангелді аудандық партия комитетінде жауапы қызмет атқарды.

Оның болашағы жарқын екенін сезген тиісті орындар, Алматыдағы іргелі білім ордасына жіберді. Оны ойдағыдай аяқтаған соң еліміздегі ішкі істер органында тергеуші болып өзін жан-жақты көрсетті.

Содан Хамза Нұржанов ұзақ жылдар бойы туған жерін өркендетуге айтарлықтай үлесін қосты. Жасы 90-ға жақындағанда дүниеден өтті.

Ал жанұяның ырыс – берекесін келтіріп, барлық ағайындардың бабын тауып, отағасының алаңсыз жұмыс істеуіне қолдан келген жағдайдың бәрін жасаған бәйбішесі яғни, Малика апамыз да қазақ қыздарына тән барлық қасиеттер бір бойынан табылатын инабатты да ибалы кісі-тін.

Ерлі – зайыптылар өздерінің сегіз баласын қатарынан қалдырмай оқытуға көп көңіл бөлді. Тек өкініштісі, екі перзенттері ерте көз жұмды. Қалған ұлдары мен қыздары өмірден өз орындарын тауып, үйлі- баранды болды.

Бұл күндері өңір халқына есімі белгілі, құрылыс саласының білгірі Жомарт Хамзаұлы ағалары Болат, Самат, әпкесі Роза, қарындасы Дариға, інісі Жанаттармен өте сыйласады.

Бауырларға мына тіршіліктегі барлық қуаныштар да ортақ. Кейде күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, хабарласа алмай қалса, сағынысып тұрады. Ол жақында інісі Жанаттың 60 жасқа толғандығы жайлы айтқанда, жүзінен қанаттас бауырына деген айрықша ықылас пен сезімді байқадым.

Өмірде өзін бақытты сезінеді

Замандасым әрі құрдасым Жомарт Хамзаұлы алдағы ақпанның 15-де пайғамбар жасына толады. Өмірден көргені мен түйгені мол, өз саласы бойынша талай лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған азаматтың айтары да мол.

Ол кезінде Амангелді ауданындағы Байғабыл орта мектебін тәмәмдады. Сыныптастарының арасында ерекше көзге түсіп, үздік шәкірттердің бірі атанды.

Білім ордасын аяқтаған соң сол кезде Шұбартаулықтардың қой шаруашылығын өркендету жөніндегі бастамасына орай ауылдағы 22 талапты жас туған жерінде қалып, жастардың шопандар бригадасын құрды.

Ауылда өзін жан – жақты көрсетіп, дараланған бозбала содан кейін Рудный қаласындағы қазіргі индустриялық институтына студент болып қабылданды.

Оны 1979 жылы бітіріп, қолына көптен күткен инженер – құрылысшы мамандығына байланысты дипломды алды. Сол кездегі жас жігіттің қуанышын тілмен айтып жеткізе алмаспыз .

Содан кейін білікті жас маманды Арқалық шаһарындағы «Тургайсельстрой – 15» тресіне жолдамамен жіберді. Ол ә дегеннен Амангелді селосындағы 1503 жылжымалы механикаландырылған колоннаның құрылыс учаскесінің басшысы болып тағайындалды.

Сөйтіп, инженер-құрылысшы өзінің жауапты қызметіне білек сыбана кірісті. Туған өңірінің әлеуметтік бейнесін көркейтуге ат салысты. Аудандағы бірқатар елді — мекендерді құрылыс нысандарын салды.

Байғабыл елді-мекенінде 3 қабатты орта мектепті тұрғызды. Амангелді аудандық ауруханасын салды. Олардың бәрінде де айтулы құрылысшының қолтаңбасы бар.

Бертін ол жоғарыда аталған трестің құрамындаңғы бірқатар мекемелерде басшылық қызметтерде болды. Бас инженер, содан кейін жылжымалы механикаландырылған колоннаның жетекшілігіне көтерілді.

Әрине, оның атқарған қызметтері кейінгі ізін басып келе жатқан інілеріне қай жағынан алсақ та өнеге. Содан бері Торғай өңірінде және біздің Қостанай облыстық құрылыс саласына байланысты департаментте өзін тек қана жақсы жағынан танытты.

Бұл күндері жеке кәсіпкер. Техникалық бақылау сарапшысы. Қостанай шаһарындағы қаншама биік ғимараттар мен тұрғын үйлердің сапалы да заман талабына сай болуына айрықша назар аударып келеді.
Өзінің мектеп қабырғасында жүргеннен бергі басты арманы — инженер — құрылысшы атанып, еліне адал қызмет ету еді. Осы көксеген мақсатының биік шыңына көтерілді.

Жомарт бауырымыз отбасында да бақытты. Қазіргі таңда мәуелі бәйтерекке айналған тұлғалардың бірі. Жан-жары Зәбира Кәрімқызы екеуі 4 перзенттерін тәрбиелеп өсірді.

Олардың бәрі де жоғары білім алып, ата-анасының сенімін ақтады. Үлкен қыздары Венера тұрмыста, одан кейінгі перзенті Жадыра дизайнер – конструктор яғни, тігін бұйымдарымен айналысады.

Ұлдары Саян мен Аян да білікті мамандар. Қос немерелері Назар және Алиша тіршіліктерінің мәні әрі көз қуаныштары. Күйеу балалары Дәулет пен келіні Нүргүл әулеттерінің абыройын асырып, өздерін ата-аналарындай ардақ тұтады.

Оразалы Жақсанов

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись