Өз тәжірибесімен дәрігер-эндоскопист, №3 емханасы мен облыстық балалар ауруханасының оташысы Эльвира Асадова бөлісті

Белгілі дәрігер Эльвира Асадова биыл Астана шаһарында өткен „Жас Отан„ қанатының IV сьезіне делегат әрі спикер болып қатысқан болатын. Осы арада бір тоқталар кетер жай, аталмыш аса маңызды жиынға еліміздің барлық өңірлерінен екі мыңнан астам жастар басқосты.

Олардың арасында жастар ұйымының жетекшілері, ғылым және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері де болды. Сьезд „Біз әлемді өзгертеміз„ деген ұранмен өтті.

Сьезд делегаты Асадова осы басқосуда Елордадағы ұйымдастырылған маңызды жиыннан алған әсерімен бөлісті. Сонымен қатар басқа облыстардан келген жастардың қол жеткен жетістіктері жайлы да баяндады.

Ол өзі медицина саласының білікті маманы болғандықтан өздері қазіргі таңда халықтың денсаулығын нығайтуға байланысты атқарып жатқан жұмыстары жайлы да баяндады.

Әрине, бұл басқосуда оған жиналған жастар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды. Өзі осы уақытқа дейін Оңтүстік Кореяда біліктілігін көтергендігін, енді Жапонияда өткізілетін  тағылымдамаға әзірленіп жатқандығын тілге тиек етті.

Жиналған жастар болашақ ақ халатты абзал жандар болғандықтан олар заман талабына сай маман болу үшін жан-жақты біліктілік, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерін де меңгерулері тиіс екендігін   естеріне салды.

Сонымен қатар Эльвира Асадова студенттерге бірде Арқалық қаласынан ауыр халде түскен балаға сәтті ота жасалып, оның өмірін сақтап қалғандары жайлы да айтып берді.

Медициналық колледждегі бұл кездесу екі жаққа да өте тиімді де пайдалы болды. Өйткені, өз саласының майталманы осы кезге дейін кәсіби жағынан жадына түйгендерін ортаға салып, болашақ медицина қызметкерлерін ізгілікке, өздерінің таңдаған мамандықтарын жан-жақты меңгеріп шығуға шақырып, оларға тек сәттілік тіледі.

 

Оразалы ЖАҚСАНОВ

 

Оразалы Жаксанов

Похожие записи

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись