Шәкірттерін шеберлікке баулыған

Шәкірттерін шеберлікке баулыған

Қазақстанның халық әртісі, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Ерсайын Төлеубаймен сырласу


Қазақ еліне бүгінгі кейіпкеріміз Ерсайын Жүнісбекұлы Төлеубайдың есімі жақсы таныс. Ол бүкіл ғұмырын қазақ театры мен өнеріне арнаған тұлға.

Ұзақ жылғы қызметі үшін Қазақстанның халық әртісі, Қырғызстан Республиксының еңбек сіңірген әртісі атанды. Киноға да түсті. Тәлімгер ретінде талай жастардың бағын ашты.

Кезінде мәдениет министрі болған Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі болғанына да он жылдың жүзі болды.

Жуырда біз оның 65 жылдық мерейтойының қарсаңында арнайы жолығып, көңілде жүрген сауалдарымызды қойып, нақты жауабын алған едік. Бүгін біз осы сыр-сұхбатты талғампаз оқырмандар назарына ұсынғалы отырмыз.

Өткен өміріме өкінбеймін

– Қадірлі Ерсайын Жүнісбекұлы, әне-міне дегенше мерейлі 65 жасқа да келіп қалдыңыз. Біздіңше осы мағыналы ғұмырыңыздың біраз жылдары қазақ өнеріне арналды. Жалпы өзіңізді бақытты сезінесіз бе?

– Өтіп бара жатқан өмір емес пе. Шынымды айтсам, өзім де осы жасқа қалай келгенімді білмей қалдым. Бұл бір жағынан артта қалған кезеңдердегі атқарған істеріме есеп беретін шақ екен.

Осы тұрғыдан қарайтын болсам, еш өкінішім жоқ. Себебі, жастайымнан алдыма қойған мақсатыма жеттім деп нық сеніммен айта аламын. Өнерде халтураны жек көрдім. Театр актері де болдым. Режиссер де атандым. Драматург ретінде де сіңірген еңбегім аз емес секілді. Оған енді бағаны беретін қашан да халқымыз емес пе.

– Сізді көрермендер қауымы драматург ретінде де жақсы біледі. Әңгіменің орайы келгенде, соған да қысқаша тоқталып өтсеңіз. Спектакльдеріңіз Қостанайдан басқа қай өңірлерде қойылып жатыр?

– Әрине, өзімді мақтаудан аулақпын. Дегенмен де, бұл күндері республикамыздағы он бес театрда пьессаларым қойылып жатқандығы рас. Өзіңіз білесіз, бізде әлі де болса балаларға арналған туындылар көп емес.

Сондықтан, осы жасөспірімдерге бағышталған жеті-сегіз драмалық туындыларым бар. Олар: «Жыл басы», «Ақ сайтанның әлегі», «Алтын мен ақыл» және басқалар. Шығармаларым көрермендер тарапынан өзінің лайықты бағасын алды. Бұл менің спектакльдерім еліміздің Ақтөбе, Шымкент, Жетісай секілді шаһарларында жұртшылық назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, өзімнің Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновке арналған пьессаларым да көрермендерге үлкен ой салған сияқты.

Сондай-ақ, драматургиялық шығармаларымның бірқатары кешегі қазақ халқының басына қара бұлт болып үйірілген нәубет жылдары құрбан болған Алаш ардақтыларына арналған. Онда ұлтымыздың жарқын болашағы үшін аянбай қызмет атқарған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов және басқалар қамтылады.

Мысалы, актерлық пен режиссерлық жұмысым ол уақыт талабына сай атқарылған қызметтерім емес пе. Ал драматургия — ол мәңгілік. Жалпы, осы уақытқа дейін жиырмадан астам пьессаларым жазылыпты.

Өзімнің Алаш тақырыбына өндіртіп қалам тартуыма бір жағы кезінде оқыған тарихшы мамандығым да өзінің септігін тигізген секілді.

– Жалпы, драматургия жанры өте қиын деседі. Сіз бұл жөнінде не дер едіңіз? Пікіріңізді таратыңқырап айтсаңыз.

– Шынында да солай. Драматургия саласы оңай емес. Егер ол жеңіл болса, театрларға қойылатын спектакльдер мен пьессалар да жеткілікті болар еді ғой. Сонымен қатар, драмалық шығармалардың тағдырын негізінен режиссер мен актер шешеді.

Ал туындының көрермендерді ойландырып, толғандыруы режиссердің біліктілігіне, әрі актерлердің сахналық шеберлігіне байланысты. Мен актерлер жалпы жан-жақты, әрі интеллектуал иесі болуға тиіс дер едім.

Мысалы, мен өткен жылы Алаш қайраткері Қошке Кемеңгеровтың «Атын сақина» деп аталатын туындысын Арқалық шаһарындағы театрда қойдым. Ол жұртшылыққа ұнаған секілді. Мұнда образды сомдаған актриса облыстық меценаттар клубының сыйлығын алды.

Сонымен қатар, мен ұлы композитор Вагнер мен әлемге әйгілі Уильям Шекспирдің өмірін жаздым. Бұл екеуі де бүкіл дүниежүзі мойындаған тұлғалар емес пе. Олар театрдың жай-жапсарын жақсы білетін кісілер екені белгілі.

Мысалы, ағылшынның ұлы драматургы Шекспир кезінде 17 комедия жазған. Оның есімін білмейтіндер меніңше жоқ шығар.

Аталған рухани дүниелерді үлкен сахнаға шығару үшін, білімді де білікті актер керек.

Егер, нағыз талантты актерлер табылса, болашақта ол жұртшылық назарына ұсынылуы да әбден мүмкін. Менің ойымша, әлі де болса театр салаларында мықты актерлер, сапалы гримерлер де жетісе бермейді. Өз кәсібін бес саусақтай игерген суретші жағы да тапшы екендігі өзімді де ойландырмай қоймайды.

– Өзіңіз білесіз, осыдан бір жыл бұрын Елбасының: „Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру„ деп аталатын құнды мақаласы жарық көрді. Содан бері де арада бір жыл өтті емес пе? Осы арада өз ойыңызды білдіре кетсеңіз?

– Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз. Ол еліміздің бірқатар облыстарында актерлерге қолайлы театр ғимараттарын салдырып берді. Бұл өнер адамдарына жасалған нағыз қамқорлық емес пе.

Ендігі біздің мақсатымыз — халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жаңғырту. Әсіресе, жастар жағының санасына оны мүмкіндігінше молырақ сіңірген абзал. Ұлттық код дегеніміздің өзі сайып келгенде, тіліміз бен ділімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді одан әрі дамыту, өркендету емес пе. Кейінгі ұрпақ тәрбиесі қашан да басты орында тұруға тиіс.

– Ереке, сіз үнемі тың ізденіс үстінде жүресіз. Демалыста болсаңыз да, көкейіңізде жүрген көрікті ойларыңызды ақ қағаз бетіне түсіріп, оны көпшілікке жеткізгенше асығасыз.

– Мен қазір де қарап отырған жоқпын. Әлемдегі драматургия театрларын зерттеп жатырмын. Онда байқағаным, жеке меншік өнер ордалары жеткілікті. Бәсеке де мол. Сондықтан да, бәрі де үнемі ізденіс, талпыныс үстінде болады.

Өзімді қазақ елінің патриотымын деп есептеймін. Болашақта да бай тәжірибеме сүйене отырып, Қостанай облыстық қазақ драма театрының жұмысын одан әрі ширатып, зиялы қауымдарға ойлы туындыларды ұсына берсем деймін.

Қырғыздың өнер майталмандарымен де сыйласамын

– Өзіңіз жақсы білесіз, туыстас екі халықтың құрметіне бөленген заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовқа үстіміздегі жылы 90 жыл толады. Сіз де кезінде осы көрнекті тұлғаның туындыларына байланысты қойылған фильмдерге түсіпсіз. Сол жөнінде бірер сөз.

– Ия, Шыңғыс Айтматов – әлемге танымал тұлға. Оның жазған шығармалары дүниежүзіне кеңінен таралды. Кезінде аса дарынды қаламгер қаншама ауыз толтырып айтарлықтай марапаттарға ие болды.

Ол кісі қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовты өзіне ұстаз тұтқан. Осындай бауырлас елдің өнер саласында жүрген азаматтарымен әлі күнге дейін сыйласамын. Кезінде Шыңғыс ағаның туындысы негізінде көпшілікке ұсынылған «Бетпе-бет», «Боранды бекетке» түстім.

Ескі достарым арнайы шақырғандықтан, сол елде болып келдім. Ұзақ ой толғаныстан кейін әңгімеге арқау болған қайталанбас тұлғаның ой желісіне байланысты элегия жанрында «Бетпе-бет» деп аталатын пьесса жаздым.

Жалпы, көрші мемлекеттегі ағайындар біздің қазақтарға туысқан, әрі бауырластар деп қарайды. Менің өнердегі қызметімді бағалағандықтан ондағы басшылар кезінде Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі құрметті атағын берген болатын. Содан бері қарап отырсам, арада біршама жылдар өтіпті.

– Сіз өнерде сонау бір кезеңдерде қандай ерекше тұрғалардан өнеге алдыңыз? Кімдерді өзіңізге ұстаз, әрі тәлімгер санайсыз?

Жалпы, шығармашылық адамдарында қандай қасиеттер болуы керек деп есептейсіз?

– Мен көптеген өнер майталмандарынан үлгі алдым. Олардың бәрі де қарап отырсам, ұлтымыздың маңдайына біткен мәдениет қайраткерлері екен. Мәселен, айтулы кинорежиссер Сұлтан Қожықов пен Халық қаһарманы, атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтен түйгенім мол.

Олардың қасында жүріп, ұлағатты сөздерін естудің өзі біз секілді жастарға сол кезде үлкен бақыт еді. Шынымды айтсам, кейде сол күндерді ерекше бір сағынышпен еске аламын.

Содан кейін, өздеріңіз де білесіздер, Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрда актер болдым емес пе.

Сол жердегі алыптардан да көп жайды үйрендім дер едім. Мен сондағы Әнуар Молдабеков пен Нұрмұхан Жантөринді қайталанбас тұлғалар ретінде ерекше құрметтедім.

Балалық шаққа саяхат

– Өзіңіз секілді көрнекті тұлғадан сұхбат алған кезде өткен балалық шағыңыздан бастап, өнер майталманы болған кезіңізге дейінгі жылдарға қысқаша шолу жасап өткеніңіз артық болмайтын секілді.

– Мен табиғаты аса көркем, қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Аягөз ауданының, Мамырсу деп аталатын ауылында 1953 жылы дүниеге келдім. Өзімді қатарластарым текті жердің ұрпағы деп жатады.

Өткен жылдарға шолу жасайтын болсам, Серікбай атамның ұлы Құдайберген, Абайдың қызы Райханмен тағдырын қосқан. Бұл да болса оқырмандарға ой салса керек.

Әкем – Жүнісбек, сонау бір жылдары ФЗО-ны тәмәмдаған. Содан кейін, ұзақ жылдар бойы шахтер болды. Кейінгі жылдары жылқышылық кәсіппен айналысты. Әйтеуір ойлайтыны, бала-шағасының қамы, олардың жарқын келешегі еді.

Анам – Нұрғиза да өз заманының әдемі дауысы бар қазақ қыздарының бірі болатын. Шешеміздің қатысуынсыз бірде-бір той-томалақ өтпейтін. Оның адамгершілігі де өте мол еді. Қаншама дүниеге келген сәбилерге кіндік шеше атанып, мейірімін төккен асыл кісі-тін.

Жалпы, анам он құрсақ көтерген. Содан қазір бесеуіміз бармыз. Бәрі де үйлі-баранды. Бір-бір әулеттің басшылары. Бауыр болған соң олармен тіршілікте кездесетін қуаныш пен қайғыға ортақтасып тұрамыз.

Бірақ, солардың арасындағы өнер жолына түскен жалғыз ғана өзіммін. Олар да менің осы қасиетімді бағалайды. Өмірде жеткен азды-көпті жетістіктеріме өздерінің тілетестіктерін білдіріп жатады.
Қостанай – киелі мекен

– Өзіңіздің Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрына көркемдік жетекші болып қызметке келгеніңізге де едәуір жыл болып қалыпты. Бұл аз мерзім емес. Режиссер ретінде жұртшылық есінде қалатындай қандай жұмыс атқардым деп ойлайсыз?

– Мен өзіме баға беруден аулақпын. Дегенмен де, біраз шаруа тындырылған секілді. Қазіргі таңда ұжымда қырыққа жуық актерлер жұмыс істейді. Олардың арасында талантын ел мойындаған көрнекті өнер майталмандарымен қатар әлі де болса тәжірибесі аз жастар өз кәсіптерін жылдан-жылға шыңдап келеді.

Бұл күндері театрдың репертуарында жүзден астам спектакль бар. Олардың бәрі де жергілікті талғампаз қауымның тарапынан өздерінің лайықты бағасын алған туындылар.

Жаңа ортаға келгелі бері де өзім режиссер ретінде қойып, драматург ретінде жазған «Ерсұлтан», «Міржақып», «Абай», «Гоголь-Пушкин», «Сергей Есенин» секілді пьессаларыммен бірге «Боздаған бойдақтар» және «Жеңгетай» деп аталатын комедияларымды жұртшылық жылы қабылдады.

Кезінде театр жанынан екі жылдық студия ашылған болатын. Сонда бес-алты жас жігіт актерлық қабілетін ұштаған болатын.

Солардың өзі қазіргі таңда өнер ұжымының белді мамандарының қатарына қосылды. Мәселен, Төленді, Қуаныш, Аслан және Әсем есімді шәкірттерім әбден шыңдалып қалды.

Осында келгелі бері шетелдік классикалық туындылармен қатар Әкім Таразидің, Қадыр Мырза Әлінің, Серік Тұрғынбековтың, Жолтай Әлмештің, Иран Ғайыптың және бірқатар жергілікті талантты қаламгерлердің туындыларын үлкен сахнаға қойып,халықтың ризашылығына бөлендік.

Алда да жүзеге асырсам деген мақсат-міндеттер жеткілікті. Мәселен, қазірдің өзінде «Таланған таланттар» деп аталатын пьессам дайын. Сондай-ақ, болашақта Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев және Төлеген Айбергеновтың ғұмырлары қамтылған драмалық шығармаларымды жазбақпын.

Өйткені, олармен кезінде тіршілікте кездесіп, жүздестім, сырластым, рухани жан дүниелеріне үңілдім. Өзім білетін адам жайлы қалам тарту маған да бір ғанибет емес пе.

 

Әңгімелескен Оразалы ЖАҚСАНОВ

Сурет театрдан алынды 

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись