Спортқа деген шексіз құштарлық

Спортқа деген шексіз құштарлық

Әлем чемпионы Денис Кузин жөнінде


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласының аясында «100 жаңа есім» бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр.

Осы бағытта елімізде ерен еңбегімен көзге түскен яғни спорт, мәдениет, ғылым, техника салаларында өздерінің білімдері мен біліктіліктерін танытқан жастар осы «100 жаңа есімнің» тізіміне енгені белгілі.

Міне, солардың қатарында біздің даңқты жерлесіміз 2013 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен конькимен жүгіру спорты бойынша әлем чемпионатында, ерлер арасында 1000 метр қашықтықты 1.09,14. минутта өткен әлем чемпионы Денис Кузин де бар.

Жас та болса, спортта өзін жан-жақты көрсеткен азамат 1989 жылы 12 сәуірде Қостанай облысында дүниеге келген. Оны алғаш рет спорттың бұл түріне аяулы әжесі Светлана ертіп алып барған екен.

Денистің ата-анасы қайтыс болғаннан кейін әлгі есімі аталған әжесі немересінің тәрбиесімен толық айналысып, оның қолы бос кездері спорттың арнайы бір түрімен айналысқанын қалайды.

Осындай қамқорлықтың нәтижесінде кішкентай Денис ә дегеннен спорттың конькимен жүгіру түрімен шұғылдана бастайды.

Ол шын мәнінде өзін бақытты сезінеді. Өйткені, жанынан үнемі әжесі табылып, оның бойындағы асыл қасиеттерін дамытып, төзімділікке, шыдамдылыққа баулиды.

Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін Қостанайдың абырой-беделін барынша көтерген азаматтың пікірін келтіре кеткенді жөн көрдік. Ол былай деп сыр шертеді:

– «Конькимен жүгіру спортына мені әжем әкелді. Ол мені мұнда темекіге, ішімдікке әуестеніп кетпей, спортқа деген қызығушылығымды ояту үшін әкелгені анық. Соның арқасында конькимен сырғанау спорты менің жұмысыма, өмірімнің мәніне айналды. Бұрын жай ғана сырғанау, жаттығуға келіп-кету ұнаса, қазір менің дайындығым басқа дәрежеге көтерілді».

Сонымен ол 1998 жылы коньки тебу секциясына қатыса бастады. Алғашқы бапкері Пастушенко Николай Петрович болды. Кузин әлем чемпионатын жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы екені белгілі.

Өзін үнемі жеңіске жігерлендіріп, спортпен кәсіби түрде айналысқан Денис уақыт өте үлкен жарыстарға да қатыса бастады. Мәселен, ол 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен қысқы Азия ойындарында 1500 метрге жүгіру жарысында чемпион атанды. Бұл да оның жадында ерекше сақталған қуанышты сәттерінің бірі болса керек.

Ол ешқашан жеткен жетістіктерімен шектеліп қалмай, үнемі үлкен ізденіс үстінде жүреді. Сонымен қатар уақытының көбін жаттығу залдарында өткізеді. Сондай-ақ спортшы салауатты өмір салтын ұстанудың да адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін де ұмытпайды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись