Тұла бойы тұнған мейірімділік

Тұла бойы тұнған мейірімділік

Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Күлсін Тұяқова жөнінде
Туған жерін ардақ тұтады

Өз басым қазақтың аяулы қызы Күлсін Сәтбекқызы Тұяқованы біраз жылдардан бері білемін. Ол уақытта кейіпкеріміз Қостанай облыстық білім департаменті басшысының орынбасары болатын.

Журналист болған соң бұл саланың білікті мамандарымен де жүздесіп, сұхбат алып жатамыз. Сондай бір маңызды мақала жазу кезінде оны қызмет бөлмесінде кездесітіріп, жалпы білім саласының өзекті мәселелері жайлы әңгімелескен едік.

Адамның кісілік қасиеттері, білім деңгейі, ақыл-парасаты алғаш сөйлескен кезден де байқалады емес пе. Сол сәтте-ақ оның өмір мектебінен өткені, жастайынан терең білім алғаны, өз қызметіне барынша жауапкершілікпен қарайтындығы сезілген еді.

Міне, содан бері ол кісіні ерекше құрмет тұтамын. Дидарынан нұр төгіліп тұратын замандасымыз кейінгі сіңілілеріне қай жағынан болсын үлгі-өнеге. Сөзі де, ісі де тиянақты жанды бұл күндері өзі қызмет атқарып жатқан облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының барша мамандары да сыйлайды. Осындай аяулы жанмен әріптес болғандарына өздерін бақытты сезінеді.

Әрқашан да өзгелерге болсын деп тұратын кейіпкеріміз Қостанай облысы Таран ауданына қарасты Смайлов елді мекенінде дүниеге келді.

Ол да жастайынан ұстаз болуды армандады. Өйткені, сол кезеңдері бұл мамандыққа деген халықтың құрметі айрықша болатын. Өздеріне дәріс беретін мұғалімдердің ғибратты сөздеріне қарап, өзі де келешекте осындай кәсіпті меңгерсем деп алдына үлкен мақсат қойған-ды.

Біздің ұлтымызда «Талпынған жетер мұратқа» деген аталы сөз бар. Бұл өмірден ойып алынған. Сондықтан мектеп қабырғасында жүргенде өзінің алғырлығы, белсенділігімен көзге түскен бойжеткен білім ордасын тәмәмдаған соң Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына студент болып қабылданды.

Жастық шақтың жөні бөлек қой. Жоғары оқу орнында да талмай ізденді. Курстастары мен ұстаздарының арасында тек жақсы жағынан көрінді.

Осы білім ордасынан физика пәнінің мұғалімі болып шықты. Содан кейін ол өзіміздің облыстағы Наурызым ауданына қарасты Соснов орта мектебіне таңдаған мамандығы бойынша қызметке кірісті.

Ә дегеннен өзінің терең білімін, әріптестеріне деген құрметін, жаңалыққа жаны құштар қазақ қызы екендігін танытты. Содан кейін ол бұрынғы Торғай облысының Арқалық ауданындағы Тасты орта мектебі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып жоғарылатылды.

Еңбекпен келген абырой

Міне, осылайша мұғалімдік жұмыстың қыр-сырын бір кісідей меңгеріп, қызметі де өсті. Бұл сөзімізге оның Арқалық қаласындағы Дзержинский атындағы №2 орта мектепке директор болып тағайындалуы айқын дәлел.

Уақытпен санасу дегенді білмейтін, адамгершілігі мол аяулы маманға жоғарыдағылар үлкен сенім артты. Мемлекеттік қызметке шақырылып, өзінің қоғам қайраткері екендігін де жылдар барысында танытты.

Ол Арқалық қаласы атқару комитеті төрағасының орынбасары, содан кейін осы қалалық әкімдігі басшысының орынбасары секілді лауазымды қызметтерде де өзінің алғы шептің адамы екендігін өзгелерге көрсете білді.

Содан соң да ол біраз жылдар бойы әлгі аталған шаһарда жауапты жұмыстарда болды. Әріптестерінің арасында сый-құрметке бөленді. Өзіне жүктелген міндеттердің бәрін де абыроймен атқарды.

1997 жылы Күлсін Сәтбекқызы облыс орталығы Қостанай шаһарына келіп, осындағы мемлекеттік тілде жас жеткіншектерге дәріс беретін №20 орта мектептің басшысы болып тағайындалды.

Мұнда да өзінің іскерлігімен барша әріптестерінің ыстық ілтипатына бөленді. Сондықтан да болар, көп өтпей облыстық білім департаменті директорының орынбасары қызметіне жоғарылатылды.

Осы кезеңдерде ол өңірдегі білім сапасын көтеруге, білікті мамандармен қоян-қолтық жұмыс істеуге ұзақ жылдар бойы жинақтаған бай тәжірибесін арнады.

Сол кездері онымен қызметтес болған ұстаздар қауымы қазақ қызының мейірімділік, қайырымдылық секілді асыл қасиеттерін әлі күнге дейін өзгелерге өнеге етіп отырады.

Дарынды адам қай істе де өзін таныта алады деген қағида бар. Замандасымыз біраз жылдар бойы облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары секілді қызметті де абыроймен атқарып, өзінің руханиятқа жаны жақын екендігін, өнер мен мәдениетті әрқашан да жоғары қоятындығын іс барысында байқатты.

Біз сол жылдары да онымен кездесіп, жалпы ата-бабамыздан келе жатқан өнер жайлы да тілдескен едік. Әрқашан да кімді болсын ыстық ықыласпен қарсы алып, олардың өтініш-тілектеріне түсіністікпен қарайтын Күлсін Сәтбекқызы жерлестеріміз үшін қашан да сыйлы да қымбатты.

Бұл күндері жоғарыда тілге тиек еткендей, ол облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институттында білікті маман. Білгені мен түйгенін жас мамандарға үйретуден ешқашан да жалыққан емес.

Әрбір кісі өмірде елі мен халқына сіңірген еңбегі үшін лайықты бағасын алады. Өзіміз ардақ тұтатын қазақ қызы да кезінде халық ағарту ісінің озық қызметкері атанып, Ыбырай Алтынсарин атындағы белгімен Тәуелсіздіктің он жылдына арналған және «Шапағат» медаліне ие болды.

Біз Күлсін Сәтбекқызына алдағы уақытта да мықты денсаулық, білім саласындағы абыройлы да беделді қызметінде табыс тілейміз. Өзіңізді тек ғана биіктерден көре берейік

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись