Тұрғындардың құрметтісі

Тұрғындардың құрметтісі

Хат тасушы Людмила Волк жайлы сөз


Бүгінде күнделікті қарапайым жұмысынан ерекше ләззат алып, өзінің міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтын жандар біздің қаламызда да жеткілікті. Осындай беделді мамандық иелерінің бірі сөз еткелі отырған Людмила Волк.

Қазіргі таңда ол қалалық поштада хат тасушы болып жұмыс істейді. Өз ісіне өте тындырымды, сондықтан да әріптестері ол туралы тек ғана жылы лебіздер білдіреді. Біз осы жолы да соны айқын аңғардық.

Алдын ала хабардар болғандықтан ба, оны жұмыс орнынан кездестірдік. Өте мәдениетті, ибалы кісі екен. Әрбір сөзінен адам баласына деген ерекше ықылас, сыйластық байқалады.

Кейбіреулер қарапайым адамдар жан-жақты кәсіп иелері екендігін байқай бермейді. Сол себептен де онымен сұхбат құру барысында өз басым айрықша парасаттылықты сезіндім.

Кейіпкерім қазіргі абырой мен құрметке оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Тіршілікте талай қиындықтарды көрді. Бірақ оған еш мойымады. Алдына қойған биік мақсаттарына ұмтылды.

Ол әке-шешесіз өсудің қандай екендігін кішкентайынан біліп өсті. Сондықтан мынау өмірде тек өзінің адал еңбегі мен маңдай теріне ғана сенді.

Сол кішкентай кезінде ата-анасы бар балаларды көргенде қызыға қарайтын. Ертең өзім перзентті болған кезімде оларға қолдан келген қамқорлықтың бәрін де жасап нағыз парасатты азаматтар болып қалыптасуына барымды саламын деп армандайтын.

Жылдар тез өте шықты. Людмила да бойжетіп, көркем қыздардың қатарына қосылды. Отбасын құрып ұрпақ сүйді. Қазір олардың бәрі де өмірден өз орындарын тауып, үйлі-баранды болып кетті.

Солардың қызығына бөленіп, өзі де бақытты шақты бастан кешуде. Үш немересі әжелерін ерекше жақсы көреді. Мереке күндері шын көңілден құттықтап жатады. Людмила үшін одан артық мәртебе бола ма.

Өз ұжымының мақтанышына айналған замандасымыз алдымен тігіншілік мамандықты игерді. Содан кейін Қостанай шаһарындағы елімізге танымал тігін фабрикасында жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтады.

Онда да абыройсыз болған жоқ. Өз ісінің хас шебері атанды. Уақыт өте қазіргі жұмысына кірісті. Бұл кәсібінің де өз ерекшелігі бар.

Хат тасушы уақытпен санасуды білмейді. Жыл он екі ай тынымсыз еңбек етіп, қала тұрғындарын қуанышқа кенелтеді.

Бұл үшін әрбір үйдің адамдарынан алғыс алудан артық қуаныш жоқ. Тұрғындардың жүзінен тек ғана шаттық пен бақытты көргісі келеді.

Қазір әлі өңірде қар еріп, күн аса жыли қойған жоқ. Соған қарамастан өзіне бекітілген учаскелеріне дер кезінде барып, хат-хабарды жеткізеді.

Мұндай тиянақты да жауапкершілігі мол маманды кім жек көрсін. Бірге істейтін әріптестері оны үлгі тұтады. Кейінгі жастарға өнеге етеді.

-Мен өз кәсібімді ұнатамын. Сондықтан да еңбек тәртібін қатаң сақтаймын. Әсіресе, үлкен кісілер алыстағы ұл-қыздарынан хат арқылы жылы хабар күтетіндігі белгілі.

Міне, көктем де келіп қалды. Наурыз мерекесі де алдымызда тұр. Соның қарсаңында жерлестерімізге тек ғана қуаныш сыйлағым келеді,-дейді Людмила Волк.

Қазақстанда еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіледі. Біздің басылымда да олардың адами қасиеттері жайлы аз жазылып жатқан жоқ. Өйткені, тәуелсіз еліміздің тірегі де осындай өз саласын жетік меңгерген қарапайым жандар.

Халық арасында «Еңбек ер атандырады, даңққа бөлейді» деген сөз босқа айтылмаған.

Аягөз Кәкімжанова

Фото Александр ОТКИН

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись