Біздің Қостанай

Тәртіп бар жерде, нақты нәтиже де бар

Бұл Қостанай қаласы әкімінің ұстанған басты қағидасы

Бұрыннан іскерлігімен көпке танылған Қайрат Жұмашұлы Ахметовтың Қостанай қаласына әкім болып тағайындалғанына көп уақыт өткен жоқ.

Соған қарамастан қысқа мерзім ішінде өзінің талапшыл азамат екендігін дәлелдеп келеді. Ол бұрын өңіріміздің бірқатар аудандарында әкім болып қызмет атқарып, ол жақта да өзінің жарқын іздерін қалдырған еді.

Жұртшылыққа мәлім, үстіміздегі жылы да ол облыс орталығында жергілікті халықпен жүздесулер өткізді. Сол кезде де оның атына жерлестеріміздің атынан ізгі ниеттерін білдіріп, жаңа қызметінде табыс тілегендерге де куә болдық.

Өткен жылдарда да өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарған ол жаңа жұмысына да тың шабытпен кіріскен еді. Содан бері де шамалы уақыт өтсе де өзін өте тәжірибелі басшы, халықтың қамын ойлайтын әкім екендігін танытып үлгірді.

Қала тұрғындарымен жүздесулерде айтылған өтініш-тілектерді басшылыққа алған ол ә дегеннен халықты толғандырған жайларға ерекше назар аударды.

Әкімдікке тікелей қарайтын бөлім басшыларын және басқа да осы салаларға қатысы бар кісілерді ортақ мақсатқа жұмылдырып, олардың нәтижелерін бақылауда ұстап жатқаны да белгілі.

Қайрат Жұмашұлының ерекше көңіл бөлген мәселелерінің – бірі облыс орталығындағы бұрын отырғызылған ағаштарды кесіп, тәртіпке келтіру. Ол жайлы қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлескен үлкен мәжіліс те өткізілді.

Осы жиынға шаһарымызды көгалдандыруға, жасылдандыруға, көркейтуге тікелей қатысы бар білікті мамандар, танымал ғалымдар, шаһар тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы шақырылды. Олардың ой-пікірлері назарға алынды.

Қостанай бұрыннан да тазалығымен, сұлулығымен, мөлдір де кәусар ауасымен аты шыққан. Үстіміздегі жылы қалаға 140 жыл толғалы отыр. Соның бәрін алдын ала ойлаған тәжірибелі басшы, есімі көпке белгілі әкім басқосуда өз ойларын ортаға салып, игі бастама көтерді.

Содан кейін де ол мемлекет басшысының халықтың алдына қойған маңызды мәселелерді ойдағыдай жүзеге асыру барысында өзіне тікелей қарайтын бірқатар бөлімдердің жетекшілерінің есебін мұқият тыңдады. Оларға тиісті бағыт-бағдар берді.

Қайрат Жұмашұлы өткізген тағылымы мол жиындарда көп балалы аналарға, жетім балаларға, әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларға айрықша назар аудару жайлары назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар мәдениет, білім, әлеуметтік салаларға да алдағы уақытта айрықша көңіл бөлінетіндігі айтылды.

Өткен дүйсенбі күні кезекті мәжілісте қалалық әкімдіктегі орындаушылық тәртібінің жайы және қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полициясының атқарып жатқан жұмыстары жайлы сөз болды.

Осы қаралған мәселелер бойынша қала әкімі аппаратының жетекшісі Айдар Бердіходжаев, қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полициясы бастығының міндетін атқарушы Болат Тасов жан-жақты баяндады.

Міне, осылайша шаһар басшысы қызметке кіріскелі бері нағыз халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын беделді азамат екендігін дәлелдеді.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Фото tengrinews.kz


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77