Тәуелсіздік энциклопедиясы

Тәуелсіздік энциклопедиясы

Елбасының кітабына осындай жоғары баға берілді
Өткен жылдың соңы біздің халқымыз үшін есте қаларлықтай болды.

Өйткені, мемлекет басшысының «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталатын кітабы жарық көріп, әрбір азаматтың рухани жағынан жансарайын байытты.

Міне, сондықтан да болар, қазір жер-жерде осы өткен 26 жылдағы еліміздің қол жеткен жетістіктері арқау болған аса бағалы дүниеге байланысты жиындар өткізілуде.

Оның бір жарқын айғағы облыс орталығы Қостанай шаһарындағы «Мирас» мәдениет үйінде жоғарыда аталған Президенттің көпшілікке ой салар еңбегінің тұсау кесерінің жоғары деңгейде өткізілуі еді.

Бұл мәдени шараны ұйымдастыруға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси бюросының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, қазақтың іскер қызы Алма Дощанова тікелей ұйытқы болды.

Тұсау кесер жиынына өңірдегі колледждердің студенттері, қаладағы ұстаздар қауымы, шығармашылық және ғылыми саланың білікті мамандары, облыстық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқаратын әріптестеріміз қатысты.

Осынау аса маңызды жиынды облыстық мәслихаттың хатшысы, есімі елімізге танымал азамат Сайлаубек Есжанов ашып, әңгімеге арқау болып отырған мемлекет басшысының кітабының мәні мен мазмұнына, оның жастар өмірінде алатын ерекше орнына тоқталды.

Басқосуға қатысқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев өзінің ойын ортаға сала келіп, былай деді:

-Мен бүгін өте қуаныштымын. Өйткені, Қазақстан Республикасы Президентінің өте шеберлікпен жазылып, өткен жылдардағы табыстарымыз жайлы баяндалған кітабы баршаның көңілінен шықты. Ол әрбір азаматтың кітап сөресінде тұратын бағалы дүние.

Оның өскелең ұрпаққа берері мол. Төрт бөлімнен тұратын еңбекті оқыған адамның ой-өрісі кеңейіп, өткен тарихымыздан жан-жақты хабардар болатындығы даусыз. Сондықтан да бұл жиынды ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз.

Сондай-ақ «Мирас» мәдениет үйінде өткізілген кітаптың тұсау кесер мәжілісінде Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл де аталған еңбектің республикамыздың өмірінде алатын айрықша орны жайлы әңгімеледі.

Бұл басқосудан кейін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы жастарға табыс етілді. Одан студенттер қауымы үлкен ғибрат алары сөзсіз.

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись