Тоғызқұмалақ оқушылардың ой-өрісін кеңейтеді

Тоғызқұмалақ оқушылардың ой-өрісін кеңейтеді

Мұны №15 орта мектептің өмірінен айқын көруге болады

Өте қызықты  әрі терең ойлауды талап ететін, халқымыздың даналығын көрсететін ұлттық ойындардың бірі — тоғызқұмалақ. Халқымызбен бірге жасасып келе жатқан тоғызқұмалақ ойыны қазір кең тарап, дамып, жетіліп келеді.

Көшпелі халықтың өмірінде бүтін сандардың төрт амалын есептеп шығару осы тоғызқұмалақ ойыны арқылы қалыптасқан. Сондықтан да бұл ойын «Малшы математикасы» деп аталған. Шындығында, бұрын далада кездесе кеткен екі малшы осы ойындағы  «қазан» мен «отау» орынын жерді шұқып ойып қойып, дорбаларында жүрген қойдың кепкен  81 құмалағын әр отауға тоғыз-тоғыздан бөліп салып, бірден ойнай беретін болған.

Бүгінгі таңда дүние жүзінде зияткерлік ойындарды дамыту, өркендету маңызды шаралардың бірі болып саналады. Ал тоғызқұмалақ нағыз зияткерлік ойын. Зияткерлік ойындар дегеніміз – адамның ойлау қабілетін, ой-өрісін дамытатын спорт түрі, оның үстіне, зияткерлік ойындардың теориялық сипаты да зор екен.

Сондықтан мен тоғызқұмалақ ойынын  оқушыларға үйретуді негізгі мақсат еттім. Екіншіден, ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, тоғызқұмалақтың тағылымдық, тәрбиелік, танымдық құндылықтары көп. Ата-бабамыздан аманат етіп қалдырылған бұл ойынды келесі ұрпаққа тапсыру мен үшін өте зор, өйткені ұлттық тәрбие жалпы тәрбиенің негізін құрайды.

2011 жылы  танымал тоғызқұмалақ жаттықтырушысы Рыспай Үмбетовпен танысып, ол кісі тоғызқұмалақ ойының үйретті.  Мен осы ойынға бірден өте  қызығып  кеттім және балалар да аса  құштарлық танытып, бірте-бірте   ойнай  бастады.

Өзім 2017 жылы №15 мектепке қызметке келіп, тоғызқұмалақ ойының оқушыларға үйрете бастадым. Осының нәтижесі 2017  жылы жасөспірімдер арасындағы тоғызқұмалақ бойынша облыстық жарыста көрінді.

Шәкіртіміз Арсен Жапаров 2 орынға ие болды, Темірлан Ташен тоғызқұмалақ бойынша қалалық жарыста жүлделі 3 орынде жеңіп алды. Ал үстіміздегі жылы Аружан Намиялиева қалалақ жарыста 1 орынға көтеріліп, 2-ші разрядқа ие болды. Бақтияр Әділханұлы да шаһардағы жарыста 2 орынды иеленді. Абылайхан Нұрсеитовте  қалалық жарыста жүлделі 2 орын місе тұтты.

Сөйтіп оқушылар бірте — бірте тәжірибе жинақтап, өзім тоғызқұмалақ үйірмесінде бапкер болып жұмысымды жалғастырып келемін. Оған 30  шәкіртім қатысады.

Талапкерлерді 1 сыныптан бастап тоғызқұмалаққа дайындаймын. Тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысқан баланың ой-өрісі кеңейеді, есеп шығаруға бейімделеді, табандылыққа үйренеді, жылдам ойлауға, жылдам шешім қабылдауға, Отанына деген шексіз сүйіспеншілікке, ұлттық патриоттық сезімге  тәрбиеленеді.

Менің күнделікті қызметімдегі басты мақсатым – оқушылардың  ұлттық ойынға деген белсенділіктерін әрі қарай дамытып, арттыру. Болашақта шәкірттерім республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болса деймін.

Әрине, ол үшін тыңғылықты әзірленіп, көп еңбектену керек екендігін түсінемін. Талпынған оқышылардың үнемі рухын көтеріп, қодап отырамын.

Самат Калиев

№15 орта  мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись