Ғылымда өзіндік орны бар

Ғылымда өзіндік орны бар

Көрнекті ғалым, академик Жангелді Отарбаев жөнінде
Торғай өңірінің МАҚТАНЫШЫ

Жангелді ағаны өз басым көзбен көріп, әңгімелесе алмасам да ол кісі туралы мәліметтерге әбден қанықпын. Қостанай облыстық кітапханасының дайындаған осы жылға кітапшасына қарағанда бүгінгі кейіпкеріміз биылғы жаңа жылдың 5 қаңтарында 70 жасқа толды.

Бұл айтулы күн ол кісінің ізін басып келе жатқан қаламдас бір інісі ретінде бізге де мақтаныш. Өйткені, Жәкең Қазақстан ғылымын өркендетуге айтарлықтай үлесін қосып келе жатқан көрнекті тұлға. Оның ғұмыры кейінгі білім қуған бауырларына қай жағынан алсақ та өнеге дер едік.

Ол кісіні жалпы, Торғай және Қостанай өңірінің зиялы қауым өкілдері ардақ тұтады. Өйткені, мерейтой иесі қос аймақта да өзінің жарқын істерімен өшпес ізін қалдырған.
«Жақсымен дос болсаң жетесің мұратқа» демекші онымен кезінде бір партада отырып, оқыған сыныптастары жастық шақтың бақытты күндерінде жақсы араласқан кейіпкеріміздің сол кездің өзінде көздеген мақсатына жетпей қоймайтын табандылығын айтудан ешбір жалықпайды. Солардың бірі — Қостанай қаласында ғұмыр кешіп жатқан менің журналистикадағы ұстазым әрі қаламдас ағам Сәлім Меңдібаев.

Жалпы, өзіндік пікірі мен көзқарасы бар айтулы азамат Жангелді Отарбаев 1948 жылы 5 қаңтарда Амангелді кентінде дүниеге келіпті. Ал бұл өңір қазақтың барлық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жөн-жоралғысын берік ұстанған киелі жер.

Өзі осы жерде шыр етіп дүниеге келгенімен Қостанайды да ерекше жақсы көреді. Себебі, облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың түлегі. Өзінің жалынды жастық шағын осы өлкемен де тығыз байланыстырады.

Кезінде ұлы ағартушының өзі негізін қалаған білім ордасында шәкірт болғанын әрдайым ерекше ықыласпен еске алады. Сонау бір жылдары өзіне дәріс берген аяулы ұстаздарын, бірге сырласқан бауырларын ешқашан да ұмытпайды.

Ол әлгі аталған меткеп-интернатты күміс медальмен тәмәмдап, қолына кәмелеттік аттестат алған соң машина жөндеу зауытында қарапайым ғана токарь болып жұмыс істеді.
Бір жағы осындай ұжымда жұмыс істегендігін өмірлік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді деп есептейді. Өйткені, отбасын адал еңбегімен асырап, күнделікті нәпақасын тауып отырған кәсіп иелерінің тағдырын өз көзімен көріп, әбден шыңдалды.

Сонымен қатар Қостанай облысындағы Шиминов 8 жылдық мектебінде физика және математикадан жергілікті балалар мен қыздарға сабақ берді. Бұл оның мұғалімдік мамандықты қадірлеп-қастерлеуіне игі әсерін тигізді.

Көрнекті академик атанды

Токарь болып еңбек етіп, мұғалімдік жауапкершілігі мол мамандықтың қуанышы мен қиындығын өз көзімен көріп, басынан өткерген бозбала уақыт өте Алматыда оқуды мұрат тұтты.

Сөйтіп, өзінің біліміне сенген жігіт бірден Қазақ мемлекеттік университетінің беделді факультеттерінің бірі — механика-математика факультетіне құжатын тапсырып, осы жоғары оқу орнының белді студенттерінің бірі болып шыға келді.

Ол үшін әрине, үлкен қалада өткізілген жылдардың жөні қашан да бөлек. Себебі, осы жерден білікті маман болып шықты. 1970 жылы қолына көптен күткен диплом алды.
Содан кейін әлгі шаһардағы М.Тынышбаев атындағы Алматы көлік және коммуникация академиясына қызметке шақырылды. Алдымен осында ассистент атанып, аға оқытушы болса, бертін іскер жігіттің ұйымдастырушылық және басқа да өнегелі қырлары ескеріліп, деканның орынбасары дәрежесіне көтерілді.

Жылдар жылжып өткен сайын оның ғылымға деген ынтызарлығы да арта түсті. Содан 1977-1987 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым Академиясының сейсмология институтының аспиранты болды. Оған үлкен сенім артылып, ғылыми қызметкер атанды.

Осынау жер сілкінісін зерттейтін ұжымда үлкен беделге ие болып, кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Содан кейінгі оның өмірі қазақтың бас сәулет құрылыс академиясында одан әрі жалғасты. Мұнда оқу орнының проректоры лауазымына дейін өсті.

Ғылымға ерекше ден қойған азамат докторлық диссертациясын да сәтті қорғап, еліміздегі аса құрметті ғалымдардың қатарына қосылды. Өзінің әу бастағы көздеген мақсатына қол жеткізді.

Оған тағы да үлкен сенім артылып, 2001-2010 жылдар аралығында Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің әл-Машани атындағы Жаратылыстану-гуманитарлық институтының директоры болып қызмет атқарды.

Бұл кезеңде ол шын мәнінде әріптестері арасында ерекше беделімен дараланды. 2010 жылдан бері аталған жоғары оқу орнының математика кафедрасының профессоры ретінде дарынды жастарға дәріс беріп келеді.

Алайда ол өзінің кіндік қаны тамған Амангелді кентімен қатар кезінде орта білім алған мектеп-интернатын да сағынышпен еске алып отырады. Қостанайға жолы түскен сайын өзі түлегі болып табылатын оқу орнында болып, мұндағы ұстаздармен дидарласады.

Сондай-ақ ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілген облыстық мемориалдық және тарихи-өлкетану мұражайларына да атбасын бұрып, осындағы қызметкерлермен кездеседі. Жастар да қазақ ғылымында өзіндік орны бар тұлғамен жүздесулерден үлкен әсер алады.

Ғалымның ұзақ жылғы еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан білім беру ісінің Құрметті қызметкері, еліміздегі инженерлік ұлттық, ұлттық жаратылыстану ғылымдары, жоғары мектеп академиясының толық мүшесі.

2007 жылы Қазақстан Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы атанды. Кеудесіне Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов және басқа да көрнекті тұлғалардың құрметіне арналған медальдарды тақты. Ғылыми еңбектерінің өзі бір төбе. Студент жастарға арналған оқулықтары да бар.

Ол отбасында да бақытты. Ғұмырлық серігі Сайлау жеңгеміз екеуі 3 балаға тәлімді тәрбие берді. Бұл күндері солардан 5 немере сүйіп отыр. Ағамыздың Құдай қосқан қосағы ұлағатты ұстаз.

Жангелді ағаны 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, жаңа ит жылында оған тек ғана мықты денсаулық, отбасында бақыт, инемен құдық қазғандай қиын да мәртебелі ғылым жолында тек ғана игі табыс тілейміз.

Оразалы Жақсанов

Оразалы Жаксанов

оставить комментарий

три × один =

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись