Немесе көрнекті ғалым, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Еркін Әбіл хақында


Атадан дарыған тектілік

Өз басым бұл азаматты танып білгеніме көп жылдардың жүзі өтті. Оны ең алғаш облыс орталығындағы Қостанай заң институтында факультет басшысы болып жүргенінде көрдім.

Сол алғашқы сәттің өзінде ол бойындағы қазақы қасиетімен, ана тілін жетік білуімен таң қалдырған еді. Міне, содан бері де арада біраз уақыт өтті. Өзі Қазақстан тарихына байланысты жазған құнды дүниелерімен де кейінгілерге тағылым боларлықтай.

Бұл жөнінде әлі осы дүниенің жазылу барысында айтылатын болады. Ең бастысы Еркін Аманжолұлы Әбілмен сөйлесу кімге болсын ерекше бір рухани ләззат сыйлайды.

Осындай жан сарайы кең азаматтармен сұхбат құрғаннан кейін, ой өрісің кеңейіп, біраз жайға бұрынғыдан да қаныға түсесің.

Ерекше бір тоқтала кетер жай, оның еліміздегі айтулы оқу орындарының бірі — Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіне ректор болып тағайындалғанына көп болмаса да, қысқа мерзім ішінде ұжымда тындырылған істері жетерлік.

Ол осы лауазымды қызметке бекітілгенге дейін, атылмыш жоғары оқу орнының ғылым және шет елдермен байланыс жөніндегі проректоры болып қазмет атқарды. Сол себептен де, оған білім ордасының тыныс тіршілігі бұрыннан да белгілі еді.

Оның үстіне үстіміздегі жылғы 13 наурыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №119 қаулысы бойынша, бұрынғы педагогикалық институт енді университет болып өзгертілді.

Жаңа қуанышты мәртебе берілгелі ректорда тыным жоқ. Қашан жоғары оқу орнына атбасын бұра қалсаңыз, оның әріптестерімен маңызды жиындар өткізіп жатқанын көресіз.

Бұл түсінікті де. Енді талап барынша күшейді. Ол тек басшы ғана емес, барша осындағы еліміздің болашақ дарынды кадрларын дайындап жатқан профессор-оқытушылар құрамына да үлкен жауапкершілік жүктейді.

Сол себептен де Еркін Аманжолұлы жұмысына күнделікті ерте келіп, үйіне кеш қайтады. Бірақ өзінің көп жылдардан бері көз майын тауыса зерттеп келе жатқан ғылыми еңбегі мен зерттеулеріне де уақыт табуға тырысады.

Өйткені, ғылым да инемен құдық қазғандай деп босқа айтылмайды. Еңбекқорлық, әріптестеріне үлкен құрметпен қарау, әлемде болып жатқан жаңалықтарға ден қою оның ұстанған мұраттарының бірі.

Ата-әжесінің бауырында өсті

Біздің Қостанай өңірінде Күзембай әулетін білмейтіндер жоқ десе де болады. Себебі, аталған әрі тамырын терең жайған киелі шаңырақтан көптеген елінің намысын жыртар қайсар жандар мен ғұлама кісілер түлеп ұшты.

Әрине, олардың бәріне бірдей тоқталып жату әсте мүмкін емес. Ең алдымен әулеттің тірегі болған Күзембай атамыз жөнінде баяндай кетелік. Жалпы, біздің қазақ халқы өз ұрпағына есім берер кезде ежелден ырымға ерекше көңіл бөлген.

Себебі, кез-келген азаматтың аты-жөнін алсақ, оның астарында үлкен мән-мазмұн жататындығы белгілі. Мәселен, кейіпкеріміздің атасы Күзембай ақсақал сонау 1920 жылы кәдімгі күздегі қой қырқу кезінде дүниеге келіпті.

Оның асыл анасы, дәл осы кезде босанып, өмірге шекесі торсықтай ұл алып келді. Сөйтіп оған Күзембай деген есім берілді. Ардақты тұлға 57 жасында дүниеден өтті. Оған кешегі Ұлы Отан соғысындағы алған ауыр жарақаттар мен кейінгі кездері бастан кешкен қиындықтары да белгілі дәрежеде өзінің зардабын тигізген секілді.

Атамыздың небәрі 7-ақ сыныптық білімі болды. Соған қарамастан өте парасатты, түсінігі мол жан еді. Оларды сол кездегі «Дала академиктері» десек те болатындай. Өйткені ақсақалдар өмір университетінен көп жайды түйді. Сонысымен де кезінде абыз атанды.

Ол кісіде тек бір-ақ арман болды. Еліне адал қызмет етіп, ұрпақтарын өз қатарынан қалдырмай өсіру-тін. Балалары да өсе келе әкелерін жерге қаратқан жоқ. Бәрі де елін, халқын сүйген азаматтар болып қалыптасты.

Күзембай атамыз туралы әңгіме болғанда, ол кісінің бәйбішесі Айтжан апамызға тоқталмай кете алмаймыз. Өйткені, ол да осы өңірге белгілі қазақ қызы еді. Апамыз туған жерінің нағыз патриоты атанған Социалистік Еңбек Ері, көрнекті мемлекет қайраткері

Оразалы Қозыбаевтың туған бауыры.

Ол өте ақылды, әрі парасатты кісі-тін. Оны білетіндер нағыз от ауызды, орақ тілді, әрі кез-келген ортада ойын ашық та, батыл айтатын өткір кісі ретінде де халық құрметіне бөленген деседі.

Апамыздың қайсарлығы соншалықты, тіршілікте кейбір замандастарын мысы басып, олар өзінен тайсалып тұратын. Оны өзінің білімге деген шексіз інкәрлігі де дараландыратын.

Жалпы, руханияттан қаражатын аяған емес. Сол кездегі бүкіл елімізге беделді басылымдардың бәрін де үйіне жаздырып алатын.

Әрине, оның бәрін де ұрпақтары күнделікті оқып, бұлар да нағыз зерек жандар болып өсті десек қателесе қоймаспыз.

Мен ел ардақтылары атанған Күзембай атамыз бен Айтжан апамыз хақында босқа әңгімелеп отырған жоқпын. Себебі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз, облыстық мәслихаттың депутаты, елін сүйген азамат Еркін Аманжолұлы кішкентайынан осы қадірлі кісілердің бауырында өсті. Өзі 1969 жылы 4-қыркүйекте Қаратал елді-мекенінде дүниеге келіп, бүкіл әулетті үлкен қуанышқа кенелткен еді.

Төрт жасқа дейін солардың қамқорлығында болды. Содан кейін Айтжан әжесі сырқаттанып қалуына байланысты, Қарағанды шаһарындағы ата-анасы балаларын өз қолдарына алды.

Әке-шешесі ел таныған ғалымдар

Күзембай атамыздың сүйікті перзенттерінің бірі — Аманжол аға да есімі мемлекетімізге кеңінен танымал тұлға, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан тарихын терең зерттеп келе жатқан дарынды жерлесіміз.

Ол кісінің сүйікті жары Тамара Қайыржанқызы Әлібек те көпке белгілі ұстаз. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор. Кезінде

Аманжол ағамыз бен Тамара апамыз Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде білім алған ұлтымыздың білім қуған жастары еді.

Олар тіпті бір топта оқыды. Осыдан жарты ғасырдан бұрын бір-бірін ұнатқан екі жас шаңырақ көтеріп, қазақтың ұлы тарихшысы Манаш Қозыбаевтың ақ батасын алғандары күні кешегідей еді.

Отағасы Аманжол аға Қостанай облысы, Меңдіқара ауданындағы кіл өзіміздің қазақтар ғұмыр кешіп жатқан Қаратал деп аталатын киелі ауылда дүниеге келді.

Ал сүйікті жары Тамара апамыз болса, Қостанаймен іргелес жатқан Ақмола облысының Атбасар шаһарында туылып, осында бойжеткен ұлтымыздың аяулы қыздарының бірі.

Аталған ерлі-зайыптылар ұстаздардың ұстазы. Олар кезінде шахтерлер қаласы болып табылатын Қарағанды қаласында көп жылдар бойы өздерінің әу баста таңдаған мамандықтары бойынша беделді жоғары оқу орындарында аянбай қызмет атқарды.

Мысалы, отағасы сол жердегі педагогикалық институтта жұмыс істесе, Тамара апамыз осындағы талай ақ халатты абзал жандарды түлетіп ұшырған медициналық жоғары оқу орнында дарынды жастарға тәлім-тәрбие берді.

Содан бері де талай жылдар зуылдап өте шықты. Олардың киелі Қостанай өңіріне келіп, осындағы білікті мұғалімдер дайындап жатқан, яғни бүгінгі дүниеміздің басында тілге тиек еткен университетте жемісті, әрі білгірлікпен қызмет атқарып келе жатқандықтарына да аз болған жоқ.

Олар қазіргі таңда білім ордасындағы бетке ұстар ғалымдар, өздерін әрдайым жоғары оқу орнының өміріндегі түрлі маңызды басқосулардан кездестіресіз. Ғылымның шыңына көтерілген абыройлы кісілерді кейінгі жастар да өздеріне үлгі тұтады. Еңбек жолын енді бастаған жігіттер мен қыздар келешекте солардай беделді әрі білімді болсақ деп армандайды.

Туған жер мақтаныштары

Кейбір дерек көздеріне қарағанда, Аманжол аға мен Тамара апамыз 1968 жылы 1 желтоқсанда жеке шаңырақ көтеріпті. Содан бері де қаншама жылдар артта қалды. Отбасындағы үш ұл да ата-анасының тағылымды тәрбиесінің арқасында жоғары білім алып, елі мен халқына адал қызмет етіп жатыр.

Тұңғыштары Еркінді бүкіл Қазақстан жақсы біледі. Кезінде ол Қарағанды мемлекеттік университетін үздік аяқтаған. Одан кейінгі Абзал да білікті маман. Қазір Қарағанды қаласында тұрады.

Одан кейінгі, яғни үйдің сүт кенжесі Азат Қостанай мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмәмдаған. Қазіргі таңда заман талабына сай кәсіпкерлікпен айналысады.

Үш ұлдарының Құдай қосқан қосақтары Эльмира, Айгүл және Индира да ұлтымыздың өнегелі отбастарында ұлағатты тәрбие алған, инабатты да ибалы келіндер.

Еркін жастайынан үйдің тұңғышы болған соң ба, өте парасатты, білімге шексіз талаптанған бозбала болып қалыптасты. Әу баста оның тілі қазақша шықты.

Бүгінгі әңгімемізде айтып өткендей, 4 жасында ата-анасының қолына барып, өзін бақшаға берер кезде ол бір ауыз орыс тілін білмепті. Сондықтан бас кезінде ондағы кісілер мұны әлгі тілді білмегендіктен, өздеріне алғысы келмеген көрінеді. Алайда бұл санаулы күндердің ішінде орыс тілін игеріп алған.

Осының өзінен кейіпкеріміздің балдырған шағынан қандай алғыр бала болғандығын сезіну қиынға соға қоймас. Ол мектепті аяқтаған кезде сыныптарында екі түлек қана орыс тілін жоғары деңгейде бітіріпті. Оның бірі Еркін болса, екіншісі түбі қостанайлық Анар Тұрмұхамедова болатын.

Ол да бұл күндері белгілі ғалым. Медицина ғылымдарының докторы. Қарағанды шаһарындағы медициналық академияда проректор.

Ардақты ағамыз Аманжол Күзембайұлының сөзіне қарағанда, өздері тұратын шаһарда кезінде ұлдары Еркінді беретін қазақ мектебі болмады. Сондықтан, осы қаладағы №66 орыс мектебінде оқуға тура келді.

Өздеріңіз білесіздер, көп нәрсе өскен ортаға байланысты. Кейбір кісілер ұл-қыздарымен үйде қаншалықты қазақша тілдескенімен, күндіз орыс тілді ұжымда болған соң, өз ана тіліне шорқақтау болып қалады.

Мұның бәрін Аманжол аға мен Тамара апамыз ерте түсінді. Сол себептен де ұлдарына республикамызға тарайтын «Балдырған» журналын жаздырып берді.

Осы басылымның арқасында кейіпкеріміз ана тілін сақтап қалды. Оның сыртында ата-анасынан көріп-түйгені, өз бетінше тынымсыз ізденгені де бар.

Баланың қабілеті ерте бастан айқын көрінеді. Еркін Аманжолұлы сонау өзі білім алған мектептің 6-сыныбынан 11-сыныпқа дейін археологиялық экспедицияға белсене қатысты. Соның арқасында кез келген жастың қолы жете бермейтін Артекке бару бақытына ие болды.

Ғылыммен мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде айналысты. Соның нақты бір айғағындай, Болгариядағы ғылыми конференцияда да болды.

Ол орта мектепті тәмәмдаған соң, Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінде білімін жалғастырды. Екінші курстан бастап, белгілі ғалым әрі әкесі Аманжолмен бірге мақала жаза бастады.

Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін әкесіне еншілес автор болды. Екеуі бірге 50-ден астам Қазақстан тарихына байланысты кітаптар жазды. Оның бір ерекшелігі қос тілге де бірдей жүйрік.

Орысша да өте сауатты. Жазған мақалалары да әрқашан оқырмандарына жетіп, олардың көкейіне қонып жататыны сондықтан болса керек. Оның тағы бір қасиеті жастайынан көңілді тапқырлар клубына белсене араласты. Сөйтіп, өзінің дүниетамының кеңдігін, білімінің тереңдігін өзгелерге көрсетті.

Ол алдымен кандидаттық, содан соң докторлық диссертациясын өте сәтті қорғады. Профессорлық дәрежесін де алды. Қазіргі жауапты қызметке ол таза өз еңбегімен жетті.

Ректорлық қызметі де аса жауапты. Жұмыстан бос кездері сурет салады. Көбіне кітап оқумен айналысады. Жан жары Эльмира екеуінің бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп келе жатқандықтарына да біршама уақыт болып қалды. Рүстем есімді ұлдары

Қарағанды техникалық университетінің студенті. Кезінде бұл жоғары оқу орнында мемлекет басшысы да тиянақты білім алған.

Жерлесіміз Еркін Аманжолұлы еліміздегі тарих методологиясын алғаш қорғаған ғылым докторы екенін де айтып өткеніміз лазым. Жалпы, мұндай саладағы ғалымдар дүние жүзінде өте сирек.

Тіпті, көршілес Ресейдің өзінде мұндай кісілер бірен-саран ғана көрінеді. Ал өзіміздің тәуелсіз Қазақстанда жалғыз өзі десек, артық айтпаған боламыз. Республикамыздағы беделді оқу орнының басшысын алда үлкен жұмыстар күтіп тұр.

Оған әрқашан да жұлдызыңыз жанып, алар асуларыңыз тек биік бола берсін деген ең ізгі телегімізді білдіргіміз келеді.

 

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Суретті түсірген Багдад АХМЕТБЕКОВ

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись