Жаңа жатақханалар бой көтереді

Жаңа жатақханалар бой көтереді

Білімді жастар-еліміздің жарқын болашағы


Үстіміздегі жылы жарық көрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» деп аталатын үндеуі баршаның көңілінен шықты.

Мен өзім өңіріміздегі беделді бір жоғары оқу орнының студентімін. Қаламыздағы көптеген білім ордаларына қарасты жатақханалардың саны әлі де аз болғандықтан менің кейбір бір топта оқитын замандастарым басқа амал болмағандықтан пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

Жалпы, студенттердің тұратын орны оларға қолайлы әрі жайлы болса, таңдаған мамандығын терең меңгеруге ерекше талпыныс танытатындықтары белгілі.

Елбасының үндеуіндегі «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деп аталатын үшінші бастамасымен танысқан кезде ерекше қуанышқа бөлендік.

Облыста жыл сайын білімге құштар жастардың саны артып келеді. Сол себептен де жоғарыда айтылғандай сапалы да бүгінгі уақыт талабына сай келетін жатақханалар көбірек салынса, олар болашақта ештеңеге де алаңдамай тиянақты білім алар еді.

Бұл мәселе тек студенттерді ғана емес, олардың ата-аналарын да толғандыратындығы белгілі. Өйткені, кез-келген әке-шеше өз ұрпақтарының білімді де білікті азаматтар болып қалыптасқандарын қалайды емес пе.

Мемлекет басшысы аталған үндеуінде:«Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын.

Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек.

Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады.

Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді.

Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр.

Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі.

Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек.

Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд.

Сонымен бірге, адам ресурстарына салынатын үлкен салым.

Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет.

Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті.

Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек.

Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді.

2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын.

Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді» деген болатын.

Осы жолдардан Елбасының республикамыздағы жастарға деген қамқорлығын айқын сезінуге болады. Президентіміз қай кезде де еліміздің болашағы білімді жастар деп оларға үлкен үміт артады. Сондай-ақ олардың алдына тың мақсаттар қойып, үнемі қанаттандырып отырады.

Әрине, қай елдің болмасын жарқын болашағы жастардың қолында екені белгілі. Біздің тәуелсіз еліміз қазіргі таңда әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға талпыныс жасап жатыр. Ендеше студенттер қауымы да өздерінің тиянақты білімімен оған өздерінің лайықты үлестерін қосуға тиіс.

 

Мұхаммедәли Сыздығалин
студент

Фото с сайта photo.sfu-kras.ru

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись