Елена Бонз өз саласының білікті маманы

«Еңбектің наны тәтті» демекші, қашанда еңбек еткен абыройға бөленеді. Халықтың арасында жоғары беделге ие болады. Қазіргі таңда өзінің қолынан келетін сүйікті ісімен айналысып, елі мен халқына пайдасын тигізіп жүрген ардақты жандар өте көп.

Олар қашанда өздерінің ерекше бейнетқорлығымен дараланады. Міне, осындай білікті мамандардың бірі – менің бүгінгі кейіпкерім Елена Бонз десем қателеспеген болармын.

Шаһарымыздың қақ ортасында орналасқан көк базардағы «Север» шеберханасында Елена Владимировнаның жұмыс істеп келе жатқанына 18 жылдың жүзі болыпты.

Бала кезден тігінге өте жақын болып өскен елгезек замандасымыздың ата-анасы 1980 жылдары Ресейден елімізге қоныс аударған екен. Ол кездері небәрі 2 жаста болған Елена кішкентай шағынан қазақы ортаға тез бейімделіп, мектепте білім алды. Өскен ауылында көптеген қимас достар тапты.

Өңірімізге қарасты Алтынсарин ауданынан Қостанай қаласындағы №10 мамандандырылған училищеге оқуға түсіп, тігінші кәсібін игерді.

Елена тігіншіліктің қай түрін де болсын өте жақсы меңгерген. Қазіргі таңда арнайы тапсырыс бойынша көйлек те, белдемше де, шалбар да, күртеше, тіпті сыртқы киімдер де тіге алады.

Оның сыртында киімдердің түймелерін тағып, басқа да халық үшін қажетті жұмыстарды бір кісідей атқара алады.

Осынау шеберханада істеген жылдарында алдына келген тұрғындардың пікірлерімен санасып, олардың тапсырыстарын тап-тұйнақтай етіп, орындап келеді.

Сонымен қатар ол матаның қажетті түрлерін де тез айырады. Оның сапалы болуына көп көңіл бөледі. Сондықтан да өзінің тұрақты тұтынушылары бар. Олар Еленаның шеберлігіне дән риза. Қандай тапсырыс берсе де ойдағыдай шығатынына сенімдері мол.

Біз тігін ательесіне кірген кезде Еленаның жұмысы қыза түскендігін байқадық. Өйткені, тапсырыстары мол болғандықтан оларды дер кезінде әрі сапалы аяқтауға деген талпынысын сезіну қиын емес еді.

Ол үлкеннің де, кішінің де алғысына бөленуде. Балалардың талғамы да өте жоғары. Өйткені, мектептерде, бала бақшаларда түрлі мерекелерге байланысты іс-шаралар ұйымдастырылатыны белгілі.

Сонда киетін костюмдер Еленаның біліктілігінің арқасында ондағы қызметкерлер мен ата-аналардың тарапынан әрдайым лайықты бағасын алып жатады.

Осындай кездері бұл да еңбегінің еленіп, жұртшылықтың сенімінен шығып жатқанына іштей қуанады. Әр адам өзінің бейнетінің жемісін көріп жатса одан артық бақыт бола ма.

Өткен жылдар бұл үшін өте айтарлықтай болды. Қаншама рет халықтан алғыс алды. Тіккен киімдерінің талғамнан шығуы бұл үшін де үлкен мәртебе.

Еңбек адамы қоғамымыздың экономикасын нығайтушы, қалың жұртшылыққа адал қызмет етіп келе жатқан игі жан. Сондықтан да Елена Бонз үстіміздегі жылы қаншама жерлестеріміздің тапсырыстарын орындап, жылды ойдағыдай қорытындылағалы отыр.

Осы жерде болғанда көңілге түйгенім ол сөздің емес істің адамы. Ішкі жандүниесі сұлу кез-келген кісімен тіл табыса жұмыс істей алады.

Тапсырыстар көп болса да келген адамды мұқият қарсы алып, олардың талап тілектеріне айрықша назар аударады. Соның арқасында құрметке бөленіп, өз саласының білікті маманы атанып отыр.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Бағдад АХМЕТБЕКОВ

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись