Жарқын дидары мәңгілік көз алдымызда

Жарқын дидары мәңгілік көз алдымызда

Белгілі көркемсөз шебері Кеңес Бірмағамбетова туралы сағыныш сөз. Өзім көрнекті мемлекет қайраткері, руханият жанашыры атанған Ілияс Омаровтың есімі берілген облыстық қазақ драма театрының барлық әртістерін бес саусақтай білемін десем бәлкім артық айтпаған болармын.

Тек соңғы жылдары қосылған іні-қарындастырыммен әлі де жете таныса алмай жатырмын. Мұның да сәті туатын шақ алыс емес деп ойлаймын.

Осы өнер ұжымының атын шығарып, өзіндік бітім-болмысы, ерекше қарым-қабілетімен дараланған замандастарымыздың бірі – осы жақында ғана бақилық болған Кеңес Бірмағамбетова еді.

Ол тек соңғы кездері сырқаттанып қалғандығына қарамастан театр өміріндегі барлық жаңа қойылымдарға келіп, мұндағы әріптестерінің шеберлігіне тәнті болып отыратын.

Өзі әңгімешіл еді. Кез-келген тақырыпта ойлы пікірін ортаға салатын. Ал көркем шығарма, жалпы руханият саласы жөнінде сырласа қалсаңыз, ұзаққа сілтер еді.

Бәріміз де мына өмірге қонақпыз. Жақында осы Кеңес әпкеміз дүниеден өтті дегенде басында сенбедік. Ол кеше ғана арамызда жарқырап жүрген еді ғой.

Бірақ ажал кіммен санасқан дейсіз. Біздің ата-бабаларымыз қонақ пен өлім болжаусыз деп жатады. Қай күні, қай сағатта дәм-тұзы таусылатындығын ешкім де білмейді.

Бәрі де күтпеген жерден болатын секілді. Жалпы, Кеңес бауырымыз өлімге қиятын жан емес еді. Өзінің жүрген ортасының гүлі еді-ау. Жалғыз қызының болашағы жайлы айтқанда сілтідей тынып тыңдап қалатынбыз.

Оның осынау аяулы перзенті де алақанына салып өсірген сүйікті анасының сенімін ақтады. Жоғарыда аталған театрдың белді актрисасына айналды.

Шешесі перзентінің өнердегі әрбір сәтті қадамына өзі жеткендей қуанатын. Қызы да оның мәртебесін өсіріп, өнер ұжымының өзіне сеніп тапсырған образдарын әрдайым жоғары деңгейде шығара білді.

Мұндай асыл жан туралы өткен шақпен сөйлеу өте қиын екен. Өйткені, жарқын бейнесі күні кешегідей көз алдыңа келіп тұра қалады. Әрине, адам өмірі оның жасаған ұзақ ғұмырымен емес, артында қалдырған ізімен, халқына сіңірген еңбегімен бағаланары хақ.

Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Кеңес Бірмағамбетованың мерейі үстем, мағыналы өмірі алдағы уақытта өнер мен мәдениетке ғұмырымды арнаймын деп жүрген барша сіңілілеріне ғибрат.

Қостанай облысының орталығынан шалғайда жатқан Амангелді ауданының тұрғындары Кеңес Бірмағамбетованы өзіміздің көркем мінезді қызымыз деп мақтанышпен ауызға алады.

Өйткені, ол өте орынды да. Себебі, замандасымыз Кеңес осы ауданда туып өскен болатын. Сол өңірде 1967 жылы жұрт қатарлы орта мектепті тәмәмдады.

Содан соң осы жерде қалып, аудандық кітапханада жұмыс істеді. Оның пайдасы болмаса зиянын көрген жоқ. Онсыз да дарынды бойжеткеннің кітап құмарлығы бұрыннан да ерекше болатын. Мұнда келген соң қаншама көркем әдебиеттерді тереңдетіп оқуға толық мүмкіндік туды.
Оның руханиятқа деген құштарлығы ерекше-тін. Сондықтан да шығар, 1971 жылы аққу арман жетелеп, торғайлық қазақ қызын Алматыға алып келді.

Сөйтіп, республикалық эстрада және өнер студиясының «Көркемсөз оқу» бөліміне түсіп, осындағы тәлімгерлерінің арқасында оны жете меңгерді.

Студияны 1973 жылы ойдағыдай тәмәмдады. Содан кейін өзіндік қолтаңбасы бар бойжеткен еңбек жолын осынау сұлу шаһардағы мемлекеттік «Гүлдер» эстрада ансамблінде бастады.
Атағы бүкіл Кеңес Одағына тараған өнер ұжымында жұмыс істеу кез келген қазақ қызына асыл арман болғандығы ешкімнен де жасырын емес. Осы жерде жемісті қызмет атқарған Кеңестің еңбегі бағаланбай қалған жоқ.

Содан кейін ол қазақтың бұлбұлы Роза Бағланова секілді КСРО халық әртісі қызмет атқарған «Қазақ концерт» бірлестігіне шақырылды. Уақыт өте дүниежүзіне танылған «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде концерт жүргізуші және көркем сөз шебері ретінде баршаға танылды.

Қазақтың ежелден келе жатқан інжу-маржан көркем сөздерін, мақалдары мен мәтелдерін бойына сіңірген ол кезінде Қазақстан өнер шеберлерімен бірге бірнеше шет елдерде, Одақтас республикаларда болып, өзінің шынайы қызметімен көзге түсті.

Оның өмірінде 1985 жылдың да орны бөлек. Себебі, Кеңес Бірмағамбетова сонау Мәскеуде өткен дүниежүзілік жастар мен студенттердің 12-ші фестиваліне қатысу бақытына ие болды. Киелі Торғай өңірінің халқы оны диктор ретінде жоғары бағалады.

Оның одан кейінгі өмірі біздің Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрымен тығыз байланысты болды.

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись