«Жастар – уақыттың қадірін білуі керек»

«Жастар – уақыттың қадірін білуі керек»

дейді облысымызға танымал азамат Болат Қалиев


–Болат Назымұлы, сіздің жастарды тәрбиелеп, оларға бағыт-бағдар беруде сіңірген еңбегіңіз көпшілікке мәлім. Алайда, өзіңіз туралы көп біле бермейміз, осы жайлы әңгімелеп берудің сәті келген секілді?

– Жалпы, мен өзімді мақтаудан мүлдем аулақпын. Негізі, Наурызым ауданының тумасымын. Кіндік қаным тамған елді-мекенде білім алып, жоғарғы сыныптарды Қостанай қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы гимназияда оқыдым. Қос мамандық иесімін.

Филология ғылымдарының магистрімін. Содан кейін, өзім түлегі болып табылатын Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде тәрбие жөніндегі және қоғаммен байланыс басқармасы директорының орынбасары қызметін атқарып, студенттермен тығыз байланыста жұмыс істедім.

Еңбегім лайықты бағаланды. Екі мәрте Қостанай облысы жастарының лидері атандым. Бұл марапаттар маған ерекше әсер етті, жасампаздық істерге жетеледі.

– Өзіңіз ұстанған қандай мұраттарыңыз бен қағидаларыңыз бар?

– Әрине, онсыз болмайды. Өзімнің әу бастан ұстанған мұраттарыма келсем, «Өмірдегі ең жаманы, сенің ешкімге қажет болмай қалуың» және «Өзіңді әрдайым дамытып отыру». Осы қос қағидам мені тек қана шыңдады және табыстарға қол жеткізді.

– Өмірде талаптанған адамға алынбайтын асу жоқ. Менің пайымдауым бойынша, адам баласы ғұмыр бойы оқып өтеді емес пе? Осы ізденістеріңіз жайлы да бірер сөз?

– Оныңыз рас. Оқымаған адам тоқырауға ұшырайды. Сондықтан, үнемі ізденіс үстінде жүргенді ұнатамын. Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде гуманитарлық бағытта докторантурада білімімді одан әрі ұштастырудамын.

Ал, қоғамдық жұмыстарыма келетін болсақ, ол кімді болсын шыңдайды. Адамдармен жұмыс істеуді үйретеді. Мен 2005 жылдан бастау алған Қостанай облысы «Алтын кітап» жобасының ұйымдастырушысымын. Кезінде еліміздің студент жастары арасындағы 5-ші қысқы универсиадаға жетекшілік еттім. Сонымен қатар, облысымыздағы «Жайдарман» ойындарының қалыптасуына да бір кісідей үлесімді қостым.

– Жақында Қостанай өңіріндегі «100 жаңа есімге» енгендердің қатарына қосылды деп естідік. Қуанышыңыз ұзағынан болсын. Жалпы оған қойылған талаптарға тоқталып өтсеңіз?

– «100 жаңа есім» жобасының біз секілді жастардың алдына қойған ең басты талабы — ол Тәуелсіз Қазақстанның көркеюіне өзіңнің лайықты үлесіңді қосу.

Әрине, мұндай жобаға ену үшін, соған лайықты болуың керек. Мені жоғары бағалап, қолдау көрсеткен азаматтарға деген алғысым шексіз. Сол себептен де, олардың үміттерін ақтау менің негізгі парызым.

Өзім жас та болсам, шама-шарқым келгенше өңіріміздің өркендеуіне талпыныс танытып келемін. Он жыл уақытымды жастардың өзекті мәселелеріне арнадым. Олардың рухани жағынан өсуіне де көп көңіл бөлдім.

– Армансыз адам қанатсыз құспен тең дейді. Алдағы уақытта жүзеге асырсам деген арман-мақсаттарыңыз жайлы да тілге тиек етсеңіз?

– Болашақта жүзеге асырсақ деген мақсаттарымыз баршылық. Оған әрине, уақыт керек. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын құнды мақаласы бәрімізге де ерекше серпіліс берді.

Сондықтан да, алдағы уақытта жастардың діни сауатын көтеру, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату секілді өзекті жайларға өзімнің ықпалымды тигізсем деймін.

Шәмші Қалдаяқовты кім білмейді? Сол себептен де осынау ұлы композитордың және жергілікті танымал композиторлардың туындыларын жинақтасақ деген ойымызда бар.

Әрине, бәріне де уақыт төреші. Өзім қашан да сөз бен істің бір жерден шыққанын қалаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Әңгімелескен Нұрия БАТЫРБАЙҚЫЗЫ,
Қостанай мемлекеттік университеті
журналистика мамандығының
3 курс студенті

Сурет ғаламтордан алынды

Редакция НК

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись