Қостанай облысында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті республика бюджетінен зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша уәкілетті орган болып табылады.
Республика бюджеті арқылы зейнетақы төлемдерінен басқа 33 түрлі жәрдемақы төлеу көзделген. Бұл жәрдемақылардың негізгі түрлері — балалары бар отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақылар, мүгедектік және асыраушысынан айырылғандарға арналған жәрдемақылар, арнаулы жәрдемақылар және басқа да төлемдер. Қазіргі уақытта Қостанай облысында 200 мыңға жуық адам әлеуметтік төлемдер алады, оның ішінде 130 мыңға жуық зейнеткер бар. 2024 жылы облыс бойынша 260 миллиард 548 миллион теңге сомасында зейнетақы мен жәрдемақы төленген, оның ішінде 217 миллиард теңге зейнетақы төлемдеріне жұмсалды.
– 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады. Минималды зейнетақы мөлшері 62 771 теңге, базалық зейнетақы төлемі 32 360 теңге, ал өмір сүру минимумының көлемі 46 228 теңге болмақ. Сонымен қатар, 2025 жылы зейнетақы төлемдері 8,5%-ға артады. Әсіресе, базалық зейнетақы төлемі өмір сүру минимумына байланысты 70%-ға дейін өседі, ал ең жоғарғы базалық зейнетақы 110%-ға дейін ұлғаяды. Мысалы, 30 жылдан астам еңбек өтілі бар азаматтар үшін базалық зейнетақы 50 851 теңге болады. 2025 жылы зейнетақы төлемдерінің мөлшері 95 131 теңгеге дейін жетеді, ал ең жоғарғы төлем 113 046 теңгені құрайды, – дейді “Қостанай облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті” РММ басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айнұр Сатаева.
Инвалидтігі бар азаматтар мен асыраушысынан айырылған азаматтар үшін жәрдемақылар да 2025 жылдан бастап ұлғайтылады. Мысалы, бірінші топ мүгедектігі бар адамдар үшін жәрдемақы мөлшері 101 702 теңге болады. Екінші топ мүгедектері 81 362 теңге алады, үшінші топ мүгедектері 55 474 теңге алатын болады. Асыраушысынан айырылған отбасыларға арналған жәрдемақы да артады. Бір балаға 42 530 теңге, екі балаға 78 588 теңге төленеді. Қостанай облысында қазіргі уақытта мүгедектігі бар азаматтар мен асыраушысынан айырылған азаматтарға 28 миллиард теңгеден астам жәрдемақы төленген.
– Балалары бар отбасыларға арналған әлеуметтік қолдау да көбейтілуде. 2025 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақылардың мөлшері жоғарылайды. Мысалы, төрт баласы бар отбасыларға 63 030 теңге, бес баласы бар отбасыларға 78 798 теңге, ал алты баласы бар отбасыларға 94 565 теңге төленеді. Көпбалалы аналар үшін де әлеуметтік қолдау артады. 2024 жылы көпбалалы отбасыларға 6,5 миллиард теңгеден астам жәрдемақы төленген, – дейді маман.
Бұдан бөлек, жұмыс істейтін азаматтар үшін жаңа әлеуметтік төлемдер енгізілуде. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 55 жастан асқан азаматтар үшін зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін арнайы әлеуметтік төлемдер тағайындалды. Бұл төлемдер төрт түрлі көзден: республикалық бюджет, жұмыс беруші, сақтандыру компаниялары және жинақтаушы зейнетақы қорынан төленеді. Қазіргі таңда осы құқықты 1500-ден астам адам пайдаланып отыр.
Қостанай облысында әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында көптеген шаралар қабылданып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін мемлекеттік міндеттемелер толық көлемде орындалады.
Аяжан СЕРІК,
сурет архивтен алында
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77