COVID-2019
в Казахстане



Вся информация здесь

106187

Выздоровевших

111492

Зарегистрированных случаев

3616

Зарегистрированных случаев в Костанайской области

1825

Летальных случаев

Біздің Қостанай

Адалдық – олардың ұраны

Мемлекеттік шекарамыз берік қолда

Қызмет бабымен ҚР ҰҚК ШҚ Қостанай облысы бойынша Департаментіне ауысқалы шекара бөлімшеріне жұмыс сапарымен алғаш шығуым.

Шекара шебін бетке алып, көлік жүргізушісі екеуміз қызметтік көлікпен жүйткіп келеміз.

Сонымен, «Жол мақсаты – жету…», демекші, қаладан жолға шыққан біз әскери көлікпен жарты күн жүріп, ҚР ҰҚК ШҚ Қостанай облысы бойынша Департаментіне қарасты «Ақбалшық» (автокөліктік) шекаралық бақылау бөлімшесіне табан тіредік.

Бөлімшеде карандиндік режим орнаған. Шекаралық бақылау бөлімшесінен бұрынғыдай нөпір халық пен кезекте тұрған көліктер көрінбейді.

Бізді бөлімше офицері, аға лейтенант Абай Қайриденов қақпадан қарсы алды. Әрі қарай бөлімшенің ауласы мен ғимарат құрылымымен таныстырды. Байқағанымыз шекаралық бақылау бөлімшесінің орын-жайлары, шекаралық зонаға кіретін барлық жолдар қанық түспен әктеліп, көліктер мен жаяу жолаушылардың кіріп-шығуына арналған жолақтар тайға таңба басқандай анық түске боялған. Тоқтау, күту, түрлі тексеруге арналған орындардың тақтайшалары да уақтылы жаңартылып тұратыны байқалады.

Наурыз айның соңынан бері шекара бөлімшесі пандемияға байланысты жұмысын уақытша тоқтатыпты. Дегенмен, әскери қызметшілер ауысыммен кезекшілікке түсіп, бақылау-өткізу пунктінде жиырма төрт сағат қызметте болады. Қандай жағдай болмасын мемлекеттік шекарамыз берік қолда. Өйткені, қырағы шекара сақшылары қиындықтарға қарамастан шекара шебін берік күзетуде.

«Ақбалшық» шекаралық бақылау бөлімшесінің басшысы майор Қайрат Әбішев шекарашылар сапында көптен бері әскери қызметте жүрген офицерлердің бірі. Бастамашыл офицердің жоғары басшылыққа жасаған ұсынысымен қазіргі кезде әскери қызметшілер ауысым бойынша қызметке түседі. Соның арқасында жеке құрамға қызметтік жүктеме шамасынан аспай, кәсіптік білімдерін көтеруге мүмкіндіктері де артып отыр. Олардың үнемі алға қоятын мақсаттары – қызметтің сапасын арттыру. Сондықтан да олардың өткен жылдардан бері қол жеткізген жетістіктері мол.

Өткен жылы жетпіс мыңға жуық тұлға, он сегіз мыңнан астам көлік құралдары шекара өткізу бекетінен өткен. Соның ішінде бірнеше адам түрлі деңгейдегі қылмыстық істері үшін іздеуде тұрған тұлғалардың қатарында тұрғаны анықталып, тұзақталған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана бұзуға талпынған азаматтар да, елімізге келу тәртібін бұзғандар да бар. Өзгенің көлігін ұрлап, шекара аспақ болғандар мен шекаралық бақылау бөлімшесі режимінің тәртібін бұзғандар да кездесіпті.

Сөзімізді дерекке негіздейтін болсақ, өзгенің көлігін ұрлаған азамат өткен жылы қаңтардың қытымыр аязды күндерінің бірінде кешкі мезгілде көлік кезегіне тұрады. Көліктің иесі – Ресей Федерациясының азаматы. Алған бағыты еліміздің қалаларының бірі. Тұлғаларды анықтау мақсатында жүргізілетін құжаттық тексеру кезінде көрші ел азаматының «қара тізімге» ілінген азаматтардың қатарынан екені белгілі болады. Шекара сақшылары дереу аталмыш тұлға мен жеңіл көлігін терең тексеруден өткізеді. Мұндай жағдайға икемделген жасыл күнқағарлылар да күдіктіге түрлі сұрақтар қояды. Оның іс-әрекетіне көңіл бөледі. Өз-өзін ұстауы мен сөйлесу барысындағы жүйесіз жауаптары әскери қызметшілердің күмәнін одан сайын арттыра түседі.

Аталмыш дерек бойынша жергілікті органдарға хабар беру туралы шешім қабылданады. Шынымен де Ресей азаматының мінген көлігінің мемлекеттік нөмірі ауыстырылып, басқа көліктің нөмірі тағылғаны анықталады. Ол туралы Ішкі істер министрлігінің бөлімінен келген ақпараттан белгілі болады. Осы бір дерек те қырағы шекара сақшыларының қызметке деген адалдығының кезекті дәлеліндей тіркеледі.

Ақбалшықтық шекарашылардың жауынгерлік қызметтегі жетістіктері үнемі жоғары. Себебі, олардың алған білімі мен тәжірибесі қашанда – Отанға деген адал сезіммен ұласып жатады. Осы себепті де болар, әскери ұжым ешқашан да үздік бөлімшелер қатарынан түсіп көрген емес. Себебі, олардың қызметтегі ұрандары – адалдық!

Манарбек ҚАРЕКЕНОВ,

Майор,

ҚР ҰҚК ШҚ Қостанай облысы

бойынша Департаменті

Суреттерді түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77