Қайсарлық жігіттерге жарасады

Әскери кафедрадағылар жастарды батылдыққа баулиды

Оқырман қауымға аян, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап облыс орталығындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің жанынан әскери кафедра ашылды. Бұл біздің өңіріміздегі елеулі оқиға болғаны да айдан анық.

Жуырда осы кафедрада арнайы болып, аға оқытушы, запастағы полковник, әскери саланың ардагері Серікбай Ізімовпен сөйлескен едік. Өмірінің көп жылдарын өз Отаны мен туған жеріне адал қызмет етуге арнаған азаматтың да өзіндік айтары мол.

Сонымен Қостанай шаһарында осындай кафедраның ашылып, онда талапты жастардың білім алып жатқандығына да қарап отырсақ бір жылдан асып қалыпты.

Мұнда негізінен студенттер 1-2 курстан оқуға қабылданады. Алғашқы түлектер келер жылы университетті тәмәмдайды. Осы кезең ішінде олар мұндағы білікті оқытушылар мен офицерлердің қамқорлығы мен біліктілігінің арқасында әскери өмірдің қыры мен сырына қанығады.

Оны аяқтаған соң лейтенант шенін алып шығады. Олар дәріс барысында көп жайды көңілдеріне түйеді. Мәселен, қазіргі таңда мұнда 350 студент тиянақты білім алуда. Олардың арасында 40 бойжеткен да бар.

Қыздар да оқу барысында шыңдалып, білімдерін тереңдете түседі. Олар келешек әскери психологтар. Сондықтан да осындағы жылдарды барынша тиімді өткізуге талпынады.

Сөздің орайы келгенде, бүгін әңгімемізге арқау болған кафедраны полковник, өз саласын жетік білетін азамат Болат Токин басқаратындығын да айтып өткеніміз лазым.

Жалпы, өзіміз болып, деректер мен дәйектерді алған кафедрада бұл күндері 17 адам жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі ұзақ жылдар бойы өз міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарап, қорғаныс саласында бай тәжірибе жинақтаған білікті офицерлер.

Енді осы кафедраның мәртебесін өсіріп, жастарды әскери салаға баулып жатқан кісілердің де аты-жөндерін тілге тиек еткенді жөн көрдік.

Бұл орайда полковник Андрей Зимоглядов, подполковник Жәкен Еркенов, майор Нұржан Оразбаев сияқты нағыз өз елінің патриоттарын өзгелерге өнеге еткіміз келеді. Өйткені, олар әрдайым Отан алдындағы жауапкершіліктерін терең сезінеді.

Осындағы жылдар ішінде жастар сапта жүруді үйренеді. Қазақстан Республикасының әскери Жарғысын біліп, ондағы талаптарға ерекше назар аударады.

Сондай-ақ техникалық жағынан дайындықтан өтеді.  Бір сөзбен айтақанда, оны тәмәмдағанша көп жайды ұғынып, Отан қорғау деген аса мағыналы сөздің байыбын жан-жақты түсінеді.

Кафедрадағы 15 кабинетте әскери білім алудың қырлары мен сырлары оларға үйретіледі. Басқа да жайларға қанығады. Түсінген адамға осындағы жылдардың қай жағынан болсын берері мол.

Әрине, мұнда білім алып жатқан студенттердің арасында гранпен және ақылы  негізде оқитындар да бар. Жастарға дәріс аптасына бір рет өткізіледі. Төрт жылдың ішінде олар әскери саланың өмірінент хабардар болып отырады.

Жылда жазғы маусым және шілде айларында көршілес жатқан Ақмола облысының Щучинск ауданындағы кадет корпусында болып, онда мемлекеттік емтихан тапсырады.

Міне, осылайша жастар кафедрадағы тәжірибелі де білімді офицерлердің дәріс беруінің арқасында жоғарыда айтып өткеніміздей запастағы лейтенант дәрежесін алады.

-Өзіңіз де бүгін менімен бірге жүріп, көп жайға көңіл бөлдіңіз. Кафедра ашылғалы бері бізге оқуға ниет білдіруші жастар аз емес. Себебі, олар оның қажеттігін және маңыздылығын жете түсінеді.

Біз жұмыс барысында Қостанай облыстық қорғаныс істері жөніндегі  департаментпен тікелей байланыста боламыз. Өзіміздегі жігіттер мен қыздарға бүгін арамызда жүрген, кешегі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, халқымыздың батыр ұлдары мен қыздары жайлы әңгіме өткіземіз.

Көпшілікке белгілі, үстіміздегі жылы сәуір айындағы жарық көрген  Елбасының „Болашаққа бағдар: рухани-жаңғыру„ деп аталатын  мақаласы көпшіліктің көңілінен шықты.

Осы мемлекетіміздің келешегін айқындайтын бағдарламаны толық қолдаймыз. Ондағы айтылған Туған жер„ жөніндегі тұжырымдар  бәрімізге де үлкен ой салды.

Себебі, жастардың бойындағы патриоттық сезім туған жерге, сүйікті Отанға деген сүйіспеншіліктен басталады емес пе. Өскен жерін, өзінің кіндік қаны тамған өңірдің болашағын ойлаған адам нағыз патриот дер едім,-дейді білікті офицер Серікбай Ізімов бізбен болған әңгімесінде.

Сонымен сөзімізді түйіндер болсақ, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің жанындағы әскери кафедраның жұмысы уақыт талабына толық сай келеді. Өйткені, онда көп жыл қорғаныс саласында адал қызмет атқарған тәжірибелі офицерлер  жұмыс істейді.

Бетті дайындаған Оразалы Жақсанов

Loading...

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись