Социум

Қаламызда кәсіпкерлерге қазақ тілін үйрететін қысқа мерзімді курс өз жұмысын бастады

Бұл курсқа барлығы 31 жеке кәсіпкер мен сауда орындарында жұмыс істейтін сатушылар жазылған

Қаламыздағы ірі сауда орындарында халыққа қызмет көрсету барысында, кәсіпкерлік және бизнес саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын және әлеуметтік беделін арттыру мақсатында Қостанай облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы офлайн форматта кәсіпкерлерге қазақ тілін тегін қысқа мерзімде оқыту курсын бастады.

Бұл курсқа қаламыздағы «TSUM CENTER COMMERCE» ЖШС-нің, «Март» және «Цум» сауда орталықтарының бизнесмендері, кәсіпкерлері, сатушылары барлығы 31 адам тіл үйренуге тілек білдіріп, жазылды.

Қазақ тілін үйрететін курс бағдарламасы бойынша тыңдаушылар үшін  базалық және іскерлік қазақ тілі, айтылым, оқылым, сауатты жазу, қазақ тілін еркін форматта үйрету, тілдік кедергіні жеңуге көмек көрсету, әр тыңдаушыға жеке дара көңіл бөлу, тілдік орта қалыптастыру қарастырылған.

Сондай-ақ бұл курстар аптасында екі рет қаламыздағы Бизнес орталығында өтетін болады.

-Аталмыш курсқа шаһарымыздағы ірі сауда орындарындағы кәсіпкерлер келіп, қазақ тілін меңгеруды қолға алып жатыр. Өте қуанышты жағдай. Сонымен қатар осы жерлердегі сатушылар да қала тұрғындарына мемлекеттік тілде қызмет етуді қалайтындарын және осы мақсатта қазақ тілінде еркін сөйлесек жақсы болар еді деген ойларын жеткізді. Болашақта біздің орталықтың оқытушылары осы ниет білдірген жандарға барынша қазақ тілін үйрететін болады. Мысалы, біз «Март» сауда орталығында сауда жасағанда қажетімізді қазақ тілінде яғни ана тілімізде сұрай алатын болсақ, нұр үстіне нұр болмай ма,-дейді «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жұлдызай Ербатырова.

Иә, айналамыз қазақша сөйлеп кетсе, бізден бақытты жан болмас еді ғой.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77