В ритме города

Қарапайым еңбектен бақытын тапқан Мүкарима Шарипова жайында

Ол 10 жыл қатарынан әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп келеді

Менің бүгінгі кейіпкерім 10 жыл қатарынан қаламызда әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп келе жатқан Мукарима Шарипова. Ол 1963 жылы Денисов ауданы Қараоба станциясында дүниеге келген. Әкесі Нұрсұлтан жылқышы болған, ал анасы Мнаура аспазшы болған кісі. Отбасында 4 бала тәрбиеленеді. Бүгінде Мукарима Нұрсұлтанқызы бауырларымен қоян-қолтық араласып-құраласып ғұмыр кешіп жатыр. Бір ағасы Нұр-Сұлтан қаласында, бір апасы өзінің қасында Қостанайда ғұмыр кешіп жатыр.

Бір уақыт бауырларын көріп, олармен әңгіме-дүкен құрып, өнегелі ғұмыр кешіп жүрген Мукарима Нұрсұлтанқызы ақ жарқын, кең жүректі кісі. Ол мектепті тәмамдап, ұстаз болуды армандап, Арқалық қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтына орыс тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсіп, диплом алып шығады. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң бірнеше жыл қатарынан ауылда ұстаздық қызмет атқарады. 2005 жылы отбасымен Қостанай қаласына қоныс аударады.

Қалада қолынан келген жұмыспен айналысып жүріп, 2011 жылы әлеуметтік қызметкер болып орналасады.

-Алғашында мен әлеуметтік қызметкер болып көп уақыт жұмыс істеймін деп ойламаған едім. Бірнеше жыл қатарынан өзіме ұнайтын жұмыс таба алмай жүріп қалдым да, жұмыспен қамту орталығы арқыды әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа орналастым.

Бүгінде жалғызбасты, көмекке зәру зейнеткерлерге қарап жүргеніме 10 жылдың жүзі болыпты. Жұмысыма толық үйрендім. Күнделікті таңертеңгі 9:00-ден кешкі 17:30-ға дейін жұмыс істеймін. Менің қарамағымда 9 зейнеткер бар.

Күні бойы соларды аралап, үйлеріне барып, тамақтарын дайындап, үйлерін жинастырып, дәріханадан дәрі-дәрмектерін әкеліп, емханаға дәрігердің қабылдауына апарып, кейбір кір кімдерін жуып көмектесемін. Тіпті олардың кейбіреулерімен жақын құрбыдай араласып кеткенмін.

Олар жасы үлкен жандар ғой. Өмірден көрген, түйгендерін мысалға алып, ақылдарын да айтып отырады. Жақын құрбылардай сырласып, әңгіме-дүкен құрамыз. Үлкен кісілер жастары ұлғайған сайын жас балаша қисынсыз қылықтар шығара бастайтыны да белгілі ғой. Олардың мінездері ауыр, тіл табысып кету бірден мүмкін емес. Оған көп уақыт керек. Шынымды айтсам, осы 10 жыл ішінде менің бақылауымда болған кейбір зейнеткерлер өмірден өтіп кетті. Олардың дерттен жандары қысылап ауырған сәттерінде де қастарынан табылып, көмек қолымды созуғы тырыстым.

Менің жұмысым психилог мамандығын талап етеді. Оқыған мамандығым мұғалім болғандықтан болар, көпшілікпен тез тіл табысамын. Өзімнің білгенімді ол кісілерге де айтып отырамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Бойымда қуатым барда сүйікті ісіммен айналыса беремін, – дейді ол.

Бүгінде өзіне еш қатысы жоқ бөгде жандардың көңілін тауып, күнделік тіршіліктеріне көмектесіп жүрген Мүкарима Нұрсұлтанқызы алатын айлығына риза. Адамның еңбегіне қарай өнбегі демекші, қосымша жұмыстарға шығатын болса бір айлық жалақысы 180 мың теңгені құрайды екен.

Таңертеңнен кешке дейін зейнеткерлерге көмектесіп, үйіне шаршап қайтатын Мүкарима Нұрсұлтанқызын жолдасы Алтай мен ұлы Арлан асыға күтеді. Олар оның күнделікті атқаратын жұмысының қаншалықты жауапты да ауыр екенін жақсы түсінеді. Ұлы Арлан әрдайым анасына қолғабыс етеді.

-Жұмыстың оңайы жоқ қой. Менің жұмысым аса жауапкершілікті талап етеді. Мен қарамағымдағы зейнеткерлердің денсаулығына көп алаңдаймын. Қолымнан келгенше ем-домдарын жасауға тырысамын. Жалпы, менің ойымша қандай жұмыс істесең де адал болу керек. Сондықтанда осы уақытқа дейін жұмысыма жүрдім-бардым қараған емеспін. Менің бір күнім толық жазылып тұрады. Осы уақыт ішінде қарамағымдағы зейнеткерлердің бәріне барып, көмектесіп үлгіремін, – дейді Мүкарима Нұрсұлтанқызы.

Иә, әр істің майталманы атану оңай емес. Ол үшін көптеген жылдар бойы жиналатын тәжірибе қажет. Соның ішінде адаммен жұмыс істеу, оның тілін табу өте қиын болса керек. Сонда да күнделікті көмекке зәру жандармен жұмыс істеп, осы еңбектен өзінің бақытын тауып отырған еңбекқор жан Мүкарима Нұрсұлтанқызы көпке үлгі болса керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77