Кітапханада өткен кешке жиналған студенттер өздерінің өнерлерін көрсетіп, тың мәліметтерге қанықты
Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Кітапхананың өлкетану бөлімі мен оқу залының қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырған шара екі тілде өткізілді. Оған А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік және Ө.Сұлтанғазин атындағы мемлекеттік педагогикалық университеттерінің студенттері қатысты.
Еске алу кешіне «Ақ қауырсын» әдеби жастар клубының мүшесі, жас ақын Айтжан Құрымғалиұлы қонақ ретінде қатысып, ақынның өмірбаяны жайында жан-жақты сыр шертті. Сонымен қатар қазақ поэзиясының патшайымы Фариза Оңғарсынованың публицисттік қырлары жөнінде баяндады. Ақынның ұстаз ретінде жасаған еңбектеріне де тоқталды.
Ақынды еске алу кешін жүргізген өлкетану бөлімінің қызметкері Жұлдызай Сейілді сөзге тартқанымызда, ол бізге былай деді:
– Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай осындай әдеби кеш ұйымдастырып отырмыз. Мұнда студент жастарды шақырып, ақынның артында қалған өшпейтін ізімен жан-жақты таныстыруды мақсат еттік. Сондықтан кеште әдебиетке жаны құмар жастар қазақ поэзиясының майталманы, өмір шындығын өлеңмен өрнектеген ақынның шығармашылығын жатқа оқыды. Ол жайында тың мәліметтер алып, білім көкжиектерін кеңейтті.
Кеш барысында, өнерлі студенттер ақынның «Анама», «Мен сонда жылап қалғанмын» сында басқа да өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әншісі Нұржан Қуандық әуелете ән шырқады. Кеште Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Фариза жан, Фариза қыз» әні орындалды.
Жиналған көпшілікке «Жыр менің жалғыз тарланым» атты кітап көрмесі де ұсынылды. Онда Фариза Оңғарсынованың өлең жинақтары мен ол жайында жазылған еңбектер қойылды.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77