Социум

Бүгінде еңбек етемін деген жанға еш қиындықсыз жұмыс табылады

Үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамту 2020-2021» жол картасының аясында 98 жоба жүзеге асырылатын болады

Осы 98 жобаның ішінде 12-білім саласы, 3-уі денсаулық саласы, 3-уі спорт, 3-әлеуметтік көмек салалары бойынша жүргізіледі.  Ал 77 жоба бойынша кәріз құбырлары, жылу жүйелері, көгалдандыру, аулаларды жөндеу, көлік және жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды және басқада кезегін күтіп тұрған салаларды жөндеу жұмыстары қамтылатын болады.

Қазіргі таңда осы 98 жобаның 78-інде жұмыстар басталып, қарқынды жүріп жатыр. Осы бекітілген жобалар бойынша 6906 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осы жұмыс орындардың  қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 3453 адамды жұмыспен қамту көзделген.

Тамыз айының басында аталмыш жобалар бойынша 1803 жұмыс орны ашылып, онда жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 1345 адам жұмысқа орналасқан.

Бұл көрсеткіштердің жүзеге асырылып жатқанын қала тұрғындары күнделікті көріп жүргені белгілі. Қала көшелері жабылып, онда жұмысшылар жол жөндеуге кіріскен. Осы ретте шаһарымызда жол жөндеумен, қаланы тазартумен 20 жылдан артық айналасып келе жатқан «АБЗ+» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы атбасын бұрып, бас директоры Николай Лобановпен тілдескен болатынбыз.

Бүгінде «АБЗ плюс» ЖШС-де барлығы 480 адам жұмыс істейді. Мұндағы жұмыскерлердің бір бөлігі жол салып жатса, қалғандары көшелерді сыпыру, жол жиегін ақтау, сырлау, қақпаларды жуу сынды тазалық жұмыстармен айналысады.

Осы мекемеге қалалық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жұмысқа орналасқан Бикичеваны сөзге тартқанымызда, ол:

– Мен бір жыл бойы жұмыс іздедім. Кейін қаламыздағы жұмыспен қамту орталығы арқылы «Жұмыспен қамту 2020-2021» жол картасы бағдарламасы бойынша осы мекемеге жұмысқа орналастым. Қазір көше бойындағы жол жиектерін ақтау, сырлау жұмыстарын істеймін. Қоршауларды жуып, тазалаймын. Жұмысым өте қиын емес. Өзіме ұнайды. 100 мың мен 130 мың аралығында жалақы аламын, – дейді ол.

Сондай-ақ аталмыш мекеме жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен Олья Гранатюк те хатшы ретінде жұмысқа орналасыпты.

Мен колледжде оқып, заң мамандығын меңгеріп шықтым. Содан кейін қаламызда жастар тәжірибесі бойынша жұмыс істедім. Бұл бағдарлама бойынша келісім шарт аяқталғаннан кейін мен қалалық жұмыспен қамту орталығынан осы мекемеге хатшы керек екендігін біліп, солардың жолдамасымен осында жұмысқа орналастым.

Мұнда жұмыс істеп жүргеніме 7 айдың жүзі болды. Жұмысым қиын емес. Жалақым да ойымнан шығады, – дейді.

«АБЗ плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаламызда бірнеше көшелердің жолын салумен айналысып жатыр. Осы ретте біз әл-Фараби даңғылы мен Майлин көшесінің қиылысында салынып жатқан жолдың жұмыс барысымен де таныстық.

Мұнда таңмен таласа жол салуға кіріскен жұмысшылардың да керекті техниканың да қарасы көп екен. Олар ескі жолды алып, жаңасын төсеп жатқанын байқадық. Осында қолына күрек алып, қызу жұмысқа кірісіп кеткен жұмысшы Владимир Шманскийді сөзге тартқанымызда:

– Мен «АБЗ плюс» мекемесінде 10 жылдай жұмыс істеп келемін. Маған жұмысым ұнайды. Жалақым да жаман емес, көңілімнен шығады. Қазір жол салумен айналысып жатырмын. Күнделікті күрекпен жұмыс істеймін, – дейді ол.

Міне, «Екі қолға бір күрек» деген осы болар. «Жұмыспен қамту-2020-2021» жол картасы бойынша жұмысқа орналасып, көңілдері толатын жалақы алып, өздерінің ризашылығын білдіріп отырған жандар қаншама.

Өзіміз арнайы барып, жұмыс барысымен танысқан әл-Фараби даңғылының Майлин көшесімен қиылысында салынып жатқан жолдың жұмысы қыркүйек айының аяғында аяқталады деп күтілуде.

Биыл наурыз айында бекітілген «Жұмыспен қамту 2020-2021» жол картасы қаламызда қарқынды жүріп жатыр. Осы бағдарлама аясында көптен бері жұмыс іздеп жүрген жандар, жұмысқа орналасқан.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77