Жаңа оқу жылы қарсаңында Қостанай қаласындағы ата-аналар арасында мектеп формасына қатысты әңгіме қайта жанданды. Баланың киімі – тек сыртқы келбет қана емес, тәртіп пен бірізділіктің белгісі. Алайда мектеп формасына қатысты талаптар, оның сапасы мен бағасы, ата-аналар үшін өзекті мәселеге айналды.
ҚР «Білім туралы» заңының 5-бабының 14-1 тармақшасына, 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрыққа және 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Білім министрінің №534 бұйрығының өзгерістеріне сәйкес, еліміздегі барлық орта білім беру ұйымдарында бірыңғай мектеп формасын кию міндетті. Қостанай қаласының білім бөлімінің мәліметінше, бұл талап қаладағы барлық мектептерге қатысты және оқушылардың жасына, сыныбына қарамастан бәріне ортақ.
Міндетті ме?
Мектеп формасын кию – барлық оқушыға қойылатын міндет. Ата-аналар баласының мектепке бекітілген үлгідегі киіммен баруын қамтамасыз етуі тиіс. Дегенмен, форма сатып алатын жерді таңдау құқығы бар. Яғни, ата-аналар дайын үлгіні сатып ала алады немесе өз қалаулары бойынша шеберге тіктіре алады – тек мектеп бекіткен үлгі мен түске сай болуы қажет.
— Біздің мектепте форма жайлы жалпы жиналыста айтылды. Үлгісі көрсетілді, бірақ оны қайдан алатынымыз өз еркімізге қалдырылды. Өйткені біздің мектеп Шымкент қаласында тіктіруді жоспарлап жатыр екен. Ата-аналардың көбісі қарсы. Мен таныс тігіншіге тіктірдім, ол әлдеқайда арзан әрі сапалы болды, – дейді ата- аналардың бірі.
Мектеп формасының үлгісі, түсі мен пішімі мектеп әкімшілігі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті және оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымымен бірлесе отырып бекітіледі. Бұл шешім жалпы мектептік ата-аналар жиналысында қабылданады.
Қостанай қалалық білім бөлімі бұл процестің ашық әрі ата-аналармен келісілген түрде жүргізілуі тиіс екенін айтады.
— Біз тек отандық өндірушілерді ұсынуымыз мүмкін, бірақ нақты бір кәсіпорынға міндеттеуімізге құқымыз жоқ. Мектептер ата-аналармен бірлесіп таңдау жасауы керек, – деп атап өтті бөлім мамандары.
Алайда ата-аналар арасында бұл талаптың іс жүзінде әртүрлі орындалатыны байқалады.
— Бізге бірден айтылды – тек Шымкенттегі өндірушіден аласыңдар. Қазір балалардың өлшемін жіберсін деді. Бұған мен қарсымын. Себебі мен өзім танитын шеберге де тіктіре аламын, әрі сапалы, әрі арзан, – дейді жаңа ашылған «комфорт» мектептің оқушысының анасы.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Қостанайдағы Аэропорт шағын ауданында жаңа жайлы мектеп ашылды. Бұл мектепте бірыңғай мектеп формасы енгізілген және тапсырысты Шымкент қаласындағы тігін кәсіпорындарына берген. Себебі жергілікті цехтар көлемі үлкен тапсырысты қабылдай алмайтынын айтқан.
Қостанайдағы «Азурит» тігін цехының өкілі бұл жайында былай дейді:
— Біз жыл сайын ата-аналардан тапсырыс аламыз. Алайда бірден 1000-нан аса оқушыға форма тігу – біздің өндірістік қуатымыздан асып түседі. Сондықтан мектептер көлемді тапсырыстарды Шымкент сияқты ірі өндірушілерге жібереді, – дейді цех технологы.
Ал қаладағы «Большевичка» тігін фабрикасы да мектеп формасын тігумен айналысады, алайда көбіне жеке тапсырыстармен жұмыс істейді.
— Бізге ата-аналар келеді, өлшемін аламыз, матаны өздері таңдайды. Бағасы да әртүрлі – бюджеттік және сапалы нұсқалар бар. Бірақ бізге мектеп тарапынан тікелей тапсырыс түсе бермейді, – дейді фабрика қызметкері.
Баға мен сапа
Форманың бекітілгені – жақсы. Алайда оның құны мен сапасы басты сынға ұшырап отыр. Ата-аналардың айтуынша, кейбір жағдайларда форма бағасы 80–100 мың теңгеге дейін барады.
— Үш балама форма алу үшін 200 мың теңгеден астам қаражат жұмсадым. Әсіресе салқын ауа райына арналған сыртқы форма, жилет пен қосымша шалбар керек болды. Бірақ сапасы көңіл көншітпейді – мата тез тозады, кей киімдер баланың қозғалуына кедергі келтіреді, – дейді қала тұрғыны Айгүл Әбдімәлікқызы.
Тағы да ата-аналардың пікіріне құлақ салсақ.
— Мектеп формасының матасы қалың, ауа өткізбейді. Қыркүйек айының ыстығында балалар терлейді, салқын кезде жұқа болып қалады. Бұған қоса, бала жылдам өседі, жыл сайын жаңартуға тура келеді, – дейді тағы бір ата-ана.
Ата-аналардың шағымдары білім бөлімінің назарында. Білім бөлімі өкілдері кез келген ата-ана мектеп бекіткен үлгі мен түске сай келген жағдайда форманы өз қалауы бойынша тіктіре алатынын ескертеді.
— Мектептер ата-аналарға нақты бір өндірушіні міндеттеуге құқылы емес. Егер осындай жағдайлар орын алса, бізге ресми түрде жүгінуге болады. Арыз жазып, ата-аналар комитетінің қатысуымен мәселе шешіледі, – деді Қостанай қалалық білім бөлімінің қызметкері.
Бірізді мектеп формасы – тәртіптің, ұйымшылдықтың символы ретінде қарастырылады. Алайда оны енгізу мен сатып алу барысында ашықтық, ата-аналармен келісім және икемділік маңызды. Білім беру мекемелері заң талабын орындаумен қатар, ата-аналар мен балалардың мүмкіндіктерін, әлеуметтік жағдайын, климаттық ерекшеліктерді де ескеруі тиіс.
Мысалы, бір мектептерде ата-аналардан толық костюм-шалбар немесе белдемше, жейде, жилет, жакет, галстук немесе бантик, тіпті мектеп эмблемасы бар бейджик талап етіледі. Ал басқа мектептер күнделікті жайлы киім үлгісін ұстанады: оқушыға көк немесе қара шалбар мен ақ жейде кию жеткілікті. Мұндай ыңғайластырылған талаптар ата-аналар мен оқушылар үшін анағұрлым тиімді, әрі күнделікті қолдануға жарамды.
Түстің өзі бірыңғай емес. Бір мектеп қою көк түсті ұсынса, басқасы сұр, жасыл, кейде тіпті қою қызыл түсті форманы бекіткен. Бұл жағдай басқа мектепке ауысқан кезде қиындық тудырып жатады. Өйткені әр оқу орны өз талабына сәйкес жаңа форма алуды міндеттейді.
— Былтыр ұлым басқа мектепке ауысты. Бұрынғы формасы жарамай қалды, өйткені жаңа мектепте түсі мен фасоны басқа. Сөйтіп, жаңасын тіктірдік, – дейді ата-аналардың бірі Жанат.
Мектеп формасының маусымдық түрлері де бар: жазғы және қысқы. Кей мектептер жазда жеңіл көйлек пен белдемше, ал қыста жылы жилет пен жакет киюді талап етеді. Бұған қоса, дене шынықтыру пәніне арналған спорттық киім де қажет. Бұл – қосымша шығын. Бір баласы бар отбасы үшін бұл жағдай қалыпты көрінуі мүмкін, алайда үш-төрт баласы мектепте оқитын отбасылар үшін бұл – үлкен қаржылық салмақ.
Кей ата-аналар дайын форманы сатып алмай, жергілікті шеберлерге өз қалауы бойынша тіктіріп жатады. Себебі дайын өнімнің сапасы бәріне бірдей ұнамайды немесе балаға шақ келмейді. Біреулер ескі форманы қайта тігіп, пайдаланады. Кейбір ата-аналар пайдаланылған киімді басқа отбасыларға береді, айырбастайды немесе онлайн платформалар арқылы сатады.
Мектеп формасы – міндет болса да, мәселенің шешімі тек ереже мен бұйрықта ғана емес, ашық диалог пен келісімде жатыр. Жергілікті тігіншілерді қолдау, сапаға мән беру және ата-аналар пікірін ескеру – осы үш бағыт баланың мектеп өмірін ыңғайлы әрі сәтті етуге көмектеседі.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77