Қалалық Пушкин атындағы балалар кітапханасының қызметкерлері бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады
Бүгін жаздың алғашқы күні балаларды қорғау мерекесі. Жылда осы уақытта шаһар орталығында бүлдіршіндердің күміс күлкісі сыңғырлап, айнала шаттыққа толып жататын еді.
Елімізде белең алған қауіпті дертке байланысты өңірімізде карантин жарияланып, халықтың бір жерде көп шоғырланбауы басты назарға алынып отырғандықтан, бұл мереке де өз деңгейінде аталап өтілмеді.
Орталықтан мерекені байқамағандықтан, қаламыздағы Пушкин атындағы балалар кітапханасына бас сұқтық. Мұнда біздің күткеніміздей, балаларды қорғау күніне байланысты мерекелік іс-шара өтті.
Кітапхананың кітапханашылары Бибігүл Ажгалиева мен Меңсұлу Досжанованың ұйымдастыруымен шаһарымыздағы балаларды бейімдеу орталығындағы бүлдіршіндерге арналып «Міне, жаз деген осы» атаумен мерекелік шара болып өтті. Олар аталмыш орталыққа барып ондағы 20 балаға «Допты қағып алу», «Қаппен секіру», «Шеңбер ішінен өту» сынды түрлі қызықты ойындар ойнатып, танымдық жағы мол байқаулар ұйымдастырды.
Кітапхана қызметкердерінің арнайы дайындаған мерекелік іс-шарасы ондағы балақайлардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар байқаулар мен ойындарда белсенділік танытып, демеушілердің дайындаған әдемі ойыншықтары мен тәтті сыйлықтарына ие болды.
Сонымен қатар мұндағы кішкентай бүлдіршіндерді құттықтауға Тобыл қаласының «Алтан дән» мәдениет үйінің апалы-сіңілілерден құралған «Арена чудес» атты цирктік ұжымы барды. Олар балғындарға өздерінің өнерлерін көрсетіп, жүздеріне күлкі ұялатты.
Осы шараны ұйымдастырған кітапханашылардың бірі Бибігүл Ажгалиеваның айтуына қарағанда, аталмыш кітапхана балаларды қорғау мерекесін жылда жоғары деңгейде атап өтеді екен. Биыл қаламыздағы карантин режиміне байыланысты тек 20 балаға ғана мерекелік көңіл-күй сыйлағанды жөн көрген. Сондықтан оларға қызықты мерекелік бағдарлама жасап, ешқайсысында сыйлықсыз қалдырмаған.
Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері «Балалар әлемі» деп аталатын кітап көрмені балғындардың назарына ұсынды. Ол көрмеге балаларға қызықты кітаптар мен журналдар қойылған. Көрмені таныстыру барысында олар кішкентай бүлдіршіндерді кітапханаға келіп, тұрақты оқырман болуға шақырды.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77