Онда мектеп бітірушілердің білімі сараланады
Жыл сайын еліміздің мектеп бітірушілерін үлкен сынақ күтеді. Оның нәтижесі олардың болашақ өмірі үшін де өте маңызды. Жас түлектердің білімін саралайтын ҰБТ-ның да жақындап қалғаны белгілі. Қаламыздағы барлық білім ордалары осы сынаққа үлкен дайындықпен кіріскелі қашан.
11сынып оқушылары оқу жылдың басынан осы сынаққа дайындықты бастайды. Болашақ мамандықтарына байланысты таңдаған пәндерін де жетік білуге тырысады.
Шәкіртінің жоғары балл жинап, армандаған оқу орнына түсіп, өзінің қалаған мамандығын игеріп шығуына ұстаздар қауымының да қосар үлесі зор. Сондықтан да оларға өздерінің білгенін үйретіп, көмектерін аямайды.
Оқушысының жетістігі олардың мерейін асырып, үлкен бақыт сыйлайды. Бұл өзінен білім алған шәкірті сынға түскенде үйінде отырып тақымын қысатын ұстаздар қауымы үшін де өте қобалжуға толы сәт екендігі айтпаса да белгілі.
Елімізде ҰБТ-ның қорытындысы бойынша үздік бестіктің қатарынан көрініп жүрген қала орталығында орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың биылғы сынаққа дайындықтары ерекше екенін білдік.
Онда үстіміздегі жылы 45 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 1-уі Қытайда білім алатын болып отыр. Қалған 44-і ҰБТ-ға қатысады. Сондай-ақ осы меткептің бір бітірушісі Назарбаев университетіне оқуға тегін түкен. Сонда да өзінің білімін тексеру мақсатында ҰБТ-ға қатысуға шешім қабылдаған. Көптеген жылдар қатарынан бірімді шәкірт тәрбиелеп келе жатқан білім ордасының ұстаздар құрамы да мықты. Олар өңірімізде үлкен абырой- беделге ие.
Бұл меткепте қазіргі таңда Алтын белгіге 4 үміткер болса, үздік аттестатқа 8 оқушы ұсынылып отыр. Олардың осы жетістіктерге қол жеткізу үшін ҰБТ-дан жоғары балл жинаулары қажет.
Аталмыш білім ордасының оқушылары биыл да ҰБТ-ға тыңғылықты дайындыққа кіріскен. Бүгін де олар ҰБТ-ға арналған арнайы сайыттардағы сұрақтарға жауап беріп, өздерінің білімдерін жетілдіруде.
Аталмыш білім ордасының директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Бекбосынованың айтуына қарағанда, биыл оқушылардың көпшілігі бесінші еркін таңдаудағы пән ретінде математика-физиканы алған. Олардың ішінде көбісі болашақта медицина, педагогика, халықтар қатынасы, дүниежүзі тарихы сынды мамандықтарды игеруді қалайды екен.
Үстіміздегі жылы ҰБТ бес пән бойынша жүргізіледі, барлығы 120 сұрақ болады. Жалпы, ең жоғары балл 140. Ал жоғары оқу орындарына өту баллына тоқталатын болсақ, ұлттық жоғары оқу орындары мен медицина мамандығына өту үшін 65, педагогикалық, ауылшаруашылық және ветеринарлық мамандықтарға түсу үшін 60, басқа мамандықтарға 50 болып отыр.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77