«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»: Аталмыш құжаттың құндылығы жайында
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы бүгінде зор маңызға ие мәселелерді тарихқа үңіле отырып шешу қажеттігін көрсеткен маңызды құжат.
Бұл мәселелердің қазіргі уақытта көтерілуінің өз себебі бар. Тәуелсіздік алған жылдары еліміздің экономикасы әлсіз болғаны аян. 1992 жылы Қазақстанның ЖІӨ (ВВП) 122,7 млдр$ құраған. Ең бірінші қаржылық жүйені қалыпқа салып, өз валютамыз теңгені айналымға енгізіп, дамудың жаңа қадамын жасау саясаты жүргізілді. Пайдалы қазбаларға бай жер болғанымен, оны игеретін кәсіпорындардың жетіспеушілігі, жұмыс орындарының тапшылығы мәселесі туындады. Осы тұста өзекті түйінді шешудің жоспары жасала бастады. Қазақстан алғашқы қадамға барып, 1991 жылы 29 тамызда ядролық қарудан бас тартты. Сәйкесінше, ядролық қару жасауда қолданылатын байытылған уран қоры (әлемде 4-ші арсенал) Кеңес үкіметі тарағаннан соң, ел меншігінде қалды. 1994 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев АҚШ Президенті Билл Клинтонмен келіссөз жүргізіп, байытылған уранды АҚШ-қа сату жөнінде келісімге келді. Тиісінше, келелі кездесу нәтижесінде, келесі тарап Қазақстан экономикасын көтеру үшін, маңызды салаларға қаржы бөліп, қажетті кәсіптік құрылғылармен қамтамасыз етеді. Осылайша еліміз аяққа тұрады, экономикалық өсім көрсеткіштері артады.
Бүгінде Қазақстан әлемдік экономикада өз орны бар елге айналды. Енді жастармызды шетелдік тәжірбие негізінде оқытып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық жағдайды арттыру ісінде тиімді қолдану қажет. Тарихи деректерге сәйкес, 1949-1989 ж.ж. Қазақстан жерінде шамамен 468 ярдролық жарылыс ұйымдастырылған. Күні бүгінге дейін соның зардабын тартып, экологиялық мәселелерден арыла алмай келеді. Арал теңізінің тартылуы, Семей полигонының залалы адамзат тарихында өшпес өкініш қалдырды. Енді қоршаған ортаның тазалығына мән беріп, жер құнарын қайта жанданту жолында жас мамандарды оқыту өзекті. Дегенмен, аталмыш жұмыстар қаржылық қиындықтарға қарамастан 1993 жылдарда басталған. «Болашақ» бағдарламасы бойынша азаматтарымыз шет елдерде оқып келіп, Отанының дамуына үлес қосты. Ал қазір осы бағыттағы істерді жоғары қарқынмен жетілдіре түсу мүмкіндігі бар. Оны жастарымыз терең түсініп, шет тілдерін меңгеріп, шынайы тарихты оқып, реалистік көзқарас қалыптастыруы керек.
«Біздің тарихымызда біз ұялатындай ештеме жоқ», – деп еді Н.Ә.Назарбаев. Шынында да, алдыңғы буын салған сара жолмен жүру – Қазақстанның әлемдік брендке айналуына мүмкіндік ашады. Төрткүл дүниені билеген түркілердің ұрпағын өзге елдер де тануға тиісті. Мәдениет, әдебиет, өркениет саласында озық атанып, өкінішке қарай насихатталмай жатқан байылықтарымызды бүгінгі қоғам білуі керек.
Адамзат тарихында ұлы цивилизация жасаған түркілердің бүгінгі ұрпағын неге әлем білмейді? Себебі, бодан болған елдің тарихын солшыл саясат жаңадан жазған еді. Қазақ ұлтының рухани сауатын жетілдіру жолында еңбек еткен зиялыларды көш басынан ысырды. Қаймана елдің маңдайына біткен тұлғаларды отбасымен айдауға жіберді, басым бөлігі репрессияға ұшырады. Бұл сол дәуірдегі революциялық дамудың залалы еді. Сондықтан да Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында революциялық емес, эволюциялық жолмен болашақ қалыптастыруды ұсынды. Себебі оның пайдасынан зардабы басым екенін тарих көрсетті. Ең өкініштісі, бірнеше буын өткенді бұрмаланған қалпында оқып, тәрбиеленді. Енді егеменді ел атанып, сананы жаңғыртатын кез туды. Замануи өмірге жаңаша бейімделе білу шарт. Бірақ, ұлттық кодты жоғалтпау маңызды. Алға басуға кедергі болатын керітартпа түсініктерден арылу үшін, шынайы тарихтың бет-бейнесі жазылған «100 жаңа кітап» бастамасы көтерілді.
Сондай-ақ, елімізде шет тілдерін меңгеруге аса жоғары ден қойылды. Өзге ұлттың азаматарына өз тарихыңды ұғындыру мақсатында шет тілдерін білу маңызды.
Латын әліпбиіне көшу ісі қолға алынды. Бұл 1929-1940 ж.ж. тарихқа қайта оралу емес, тарихи тәжірбиені негізге алу. Қазақ ұлтынан шыққан зиялылар шығармаларын осы әліпбиде жазды және түбі бір түркі елдерінің басым көпшілігі қабылдады. Тарихи туысқандықты қайта жандантып, бірлікке шақыруға серпін беретін бастама 2025 жылға дейін жоспарға сәйкес жүзеге аспақ. Бүгінде ЖОО-да, мемелекеттік қызметкерлер арасында, мектептерде жалпыхалықтық диктанттар ұйымдастырылып тұрады. Бұл жас ұрпақ санасына тез қабылдауға, сіңуіне жол ашады.
Сонымен қатар, өз ойын еркін, сауатты айтып, саяси жағдайға сараптама жасай алатын келешек қалыптастыру үшін, білім саласына реформалар енгізілді. Заманауи үлгідегі білім әлемдік стандарттарға сай болуға тиісті. Сондықтан озық елдердің (АҚШ, Финляндия, Жапония, Польша) оң ықпал ететін дүниелерін оқыту процесі басталды.
Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзатқа жасалған қастандық», – деген нақылы бүгінде маңызын жоймады. Тек біліммен шектеліп қалмай, дұрыс тәрбиеге мән берген жөн. Патриоттық сезімді қалыптастырып, адалдық қасиеттерін сіңіру мақсатында «Туған жерге туыңды тік» жобасы ұсынылды. Әр перзент туған жерін көркейтуге қолғабыстық етсе, нәтижесінде ел кемелденеді. Жастарды ынталандыруға бағытталған «100 жаңа есім» жобасы да патроиттық сезімді қалыптастыру жолындағы жүйелі бастама.
Тағы бір маңыз берілген мәселе: ұлттық құндылықтарды мультимедиялық тәсілдермен насихаттау. Техника дамыған заманда жастардың санасына БАҚ арқылы жеткізу жеңіл. Кезінде Н.Бонапарт «Мыңдаған әскердін күшінен, 4 газеттің қуаты артық», – деген еді. Сондықтан, аталған ауқымды жұмыстар дұрыс қадағалаудағы насихатты қажет етеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77