Культура

Диана Тұрсынова театрдың мәртебесін үстем етті

Облыстық қазақ драма театрының ұжымы Халықаралық фестивальде өнер көрсетті

Астанада еліміздің көрнекті театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған «TEATPALL»
ІІ Халықаралық театр фестивалі өтті.

Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының қабырғасында өтті.
Аталмыш фестивальге І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының ұжымы қатысты. Сонымен қатар театрдың актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров құрметті қонақ ретінде шақырылды. Өнер ұжымы бұл жолы Н.Абдыкадыров сахналаған Шыңғыс Айтматовтың “Құс жолы” спектаклімен бақ сынады.

Дәстүрге сәйкес спектакль басталар алдында фестивальге қатысушылар қызыл кілемнің үстінен жүріп өтті. Сол сияқты мерекелік кеш барысында қазақстандық театр өнерінің шебері Әзірбайжан Мамбетовтің шығармашылық мұрасына арналған бірегей голограмма-цифрлық көрмесі өтті.

Көрмеге 30-ға жуық экспонат қойылды. Театр апталығының салтанатты ашылуында көрермен қауымға Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі қойылды.

Бір аптаға ұласқан фестивальдің жабылу салтанаты 30 қазан күні өтті. Салтанатты рәсім кезінде «Үздік қойылым», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел рөлі», «Екінші пландағы үздік әйел рөлі», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», «Үздік сценография», «Үздік эпизодтық рөл» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып сыйлықтар табысталады. Сондай-ақ, театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Әзірбайжан Мәмбетов атындағы арнайы сыйлық тағайындалды. Бұл үлкен бәйгеден біздің жерлестеріміз де жеңіспен оралды. Театрдың актрисасы Диана Тұрсынова «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі» номинациясын жеңіп алып, қаржылай сертификатпен, дипломмен және арнайы статуэткамен марапатталды.

– Менің ойымша фестиваль өте жоғары деңгейде өтті. Өкінішке орай, басқа елдерден келген әріптестеріміздің қойылымын көру мүмкін болмады, бірақ сахна сыртына толық естілді. Маған өте ұнағаны қазылар алқасының сөзі ашық болды. Яғни, талқылау болған жоқ. Қазылар алқасының әр мүшесі өзінің жеке пікірін бірден айтты. Ия, кейбір жерде келіспеушіліктер болды, өйткені қанша адам сонша пікір болады. Спектакль оларға үлкен әсер қалдырғандығы және біздің актерлік өнеріміз оларға қатты әсер еткені соншалық, төрешілер тіпті көз жасына ерік берді. Бұл ең жоғары марапат емес пе!? Шынымды айтсам мен көрермендер мен әріптестер тарапынан мұндай қабылдауды күткен жоқпын. Спектакльден кейін Өзбекстаннан келген әртістер маған жеке келіп құшақтап, таңданыстарын білдірді. Мен мұны күткен жоқпын. Бірақ өзімді бақытты сезіндім. Осындай өмірдегі жетістіктерім үшін Алла тағалаға және ата-анама алғыс айтамын деп, – өз әсерімен бөлісті актриса Диана Тұрсынова.

Фестивальге еліміздің 8 театр ұжымы және Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерінен келген құрметті қонақтар – Санкт-Петербург камералық театры, Гейдар Әлиев атындағы Тбилиси мемлекеттік Әзербайжан театры, Өзбек мемлекеттік Джизак музыкалық драма театры, Т. Абдумомунов атындағы Қырғыз мемлекеттік академиялық драма театры, Түрікмен Махтумкули атындағы ұлттық музыкалық драма театры қатысты.

Фестивальдің арнайы қонағы — ГУЛАГ тарихының мемлекеттік мұражайы (Мәскеу қаласы) болды.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
суреттерді ұсынған
Диана Тұрсынова


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77