Біздің Қостанай

Еңбек адамы: шаштараз барлық уақытта болған және бола бермек

Айжан Хасенова алты жылдан астам уақыт шаш қиюмен айналысып келеді

Сырт көзге жеңіл кəсіп болып көрінгенімен, қиюуын келістіріп шаш басу жауапты іс. Әр адамның келбетіне сай жарасымды етіп шаш үлгісін жасау оңай емес.

Бала күнінде тәтелері сіңілдерінің бұрымын өріп, шаш үлгісін жасау әр қыз баланың басынан өткен болуы керек. Кейіпкеріміз Айжан Хасенова да өздігінен бауырларының шашын қиып-қысқартып жүретін. Уақыт өте келе бұл қызығушылықты тұрақты кәсібіне айналдырды.

Алты жылдан астам уақыт шаштараз болып қызмет атқарып жүрген Айжан апай қазіргі таңда «Қайнар» сауда орталығындағы шаштараз салонында жұмыс істейді.

– Менің кәсібім үлкен жауапкершілікті талап етеді. Халықпен жұмыс жасау бір жағынан өзіме де ұнайды. Əрбір тұтынушының көңілінен шығу, оның жасына, бет-əлпетіне сай шаш үлгісін жасау, шеберлікті, тəжірибені қажет етеді. Мамандығыңды жақсы көрсең əрине, мұның барлығын да оңай еңсеруге болады. Бұл саланы алты жыл бұрын бастаған болатынмын. Шаштараз оқуын оқып, шаш қиюдың əдіс-тəсілдерін меңгердім. Басында қиындықтар болды. Алғашқы жылдары оқып, бəрін түгел үйренсемде, қандай да іс тәжірибемен жүзеге асадығой. Ең қиыны ер адамдардың шашын алу еді. Өйткені, ер адамның шашы қысқа болған сайын оның өз қиындықтары да көп болады. Шаш алу барысында асықпаған жөн. Ол жұмысты мұқият әрі тиянақты орындау керек. Қызмет көрсеткен адамыңның көңілен шығу оңай емес әрине, бірақ ойдағыдай етіп жасасаң ол келесіде сенің тұрақты келушіне айналуы әбден мүмкін. Келесі келгенде өз жақынын, досын, тусын ертіп келуі де ғажап емес. Әйтпесе, жан-жаққа көз жүгіртер болсақ шаш қиятын салондар жетерлік, бірақ сапасы сын көтермейді, – дейді шаш қиюшы Айжан Қасымқызы.

Маманның айтуынша, келушіге жалпы қарауға болмайды. Себебі, келушінің талғам-талабы әр түрлі. Сол себептен әрқайсына жеке дара көңіл бөлу керек.

– Қазір жастардың талғамы жоғары. Олардың қалауы бойынша шаштарын қиып, бояп, əрлеп беремін. Халық талғамы жоғарылаған сайын сұраныс та арта түседі. Осыған орай, мен де бір қалыпта қалмас үшін өзге елдердің шаш үлгісінің қырларын тұрақты меңгеріп біліктілігімді жетілдіріп келемін, – дейді шаш маманы.

Айжан Қасымқызының жұмысқа деген шабытын оятатын, ол келушінің «рахмет, әдемі жасап бердіңіз» деген бірауыз жылы сөзі.

Тұрақты келушілерінің бірі Анар, шаш маманының қызмет етіп ғана қоймай, ерекше көңіл күй сыйлайтындығын айтады.

– Өз ісінін шебері. Бұл кісі сияқты кәсіби мамандар қаламызда көп емес. Келген сайын әңгіме-дүкен құрып, көңілін бір сергіп қалады, – дейді тұрақты келуші Анар.

Маман әңгіме барысында шаш күтіміне қатысты бірнеше кеңестерімен де бөлісті.

– Шаштың да жаны бар, оған күтім жасай білу керек. Негізі шашты жылы сумен жуған дұрыс. Егер ыстық суды пайдаланар болсаңыз көлемін жоғалтып, сыңғыш болады. Ал, салқын су керісінше, шаш тамырларының қан ағынын ыңталандырып, тері қыртысын жазады. Екіншіден шаштың түсуіне жол бермейді, – дейді шаш маманы Айжан.

Қала тұрғындарына қол жетімді бағада қызмет көрсететін Айжан апайдың шаш салоны әрқашан тұтынушыға толы. Оның сапалы қызметіне әр жастағы адамдар жүгінеді.

Гүлшар БАҒЫТЖАН
Суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77