Қаламыздың көшелерінде отырғызылған гүлдер ерекше күтімге алынған
Әр жыл мезгілінің өзіндік ерекшелігі, әдемі шағы болады. Бірақ көркемдік пен әсемдік жаз мезгілінде өте көп екені белгілі. Міне, осындай сұлулықтың айқын айғағы жаз айларында жайқалып өсетін түрлі-түсті гүлдер десек қате болмас.
Қала көшелерімен келе жатып, жақында ғана отырғызылған, қылтиып өсіп келе жатқан гүлдер көзге түседі. Қостанайдың келбетіне айналған гүлдердің күтімі де ерекше екені байқалады.
Біз тұрғындарға түкті кілемдей жайқалып, ерекше шаттық сыйлайтын гүлдердің отырғызылу барысымен толық танысу мақсатында Қостанай қаласының тұрғын үй шаруашылығы және автомобиль жолдары бөліміне барып, бас маман Кенжебай Акбаевпен жолығып, бірнеше сауалымызға жауап алған болатынбыз.
– Жалпы, қаламыздың 18 мың шаршы метріне жылда гүл отырғызылады. Қазіргі таңда мұның 12 мың шаршы метріне толық гүл егіліп, күтімге алынды. Қалған 6 мың шаршы метріне алдағы уақытта алыстан көз тартатын, әдемі гүлдерді отырғызуды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ біздің қаламыздың сәнін келтіретін құмырадағы гүлдер екені жасырын емес. Осындай қара түсті құмырадағы гүлдер Нұрсұлтан Назарбаев және Абай даңғылдары мен Тәуелсіздік, Бородина, Энергетик, Баймағамбетов көшелерінде орнатылған. Бұл қара түсті құмыралардың ішінде 8 түп гүл өсірілген.
Сонымен қатар ішінде 14 түп гүл өсірілген көлем жағынан үлкендеу гүл құмыралары Пушкин-Баймағамбетов, Амангелді-Баймағамбетов және Қайырбеков көшесі мен әл-Фараби даңғылының қиылысында орнатылған.
Орайы келгенде айтып өтер жайдың бірі, қала көшелеріндегі құмыралардағы гүлдердің ұрлануы болып отыр. Тұрғындар тарапынан арнайы мамандардың қызметін бағаламаушылық байқалып жатыр. Осыған дейін де көптеген құмыралардағы гүлдер қолды болды. Сондықтан тұрғындарға өзіміздің ғұмыр кешіп жатқан қаламыздың көркейіп, ажарлана түсуіне кері әсер жасамайық дегім келеді. Кімге болсын өзінің тұрып жатқан мекені ыстық болуы тиіс.
Гүлдерді отырғызумен «Жаңа өмір» ЖШС-нің қызметкерлері айналысуда. Олар қала көшелеріне отырғызылған және құмыраларда өсір тұрған гүлдерді ауа температурасы жоғары болғанда күнделікті суарады.
Гүлдердің арасында өсіп кеткен арам шөптерді жұлып отыруға да ерекше назар аударады. Бұл аталмыш серіктестіктің жұмыскерлерінің жауапкершілігіне берілген. Сондай-ақ олар жаңа шығып келе жатқан гүлдерді құстардың шоқып тастауынан да қорғайды. Таңертең суарып, оларды күтіп, баптайды,-деді.
Жаз айлары жайқалып өсетін гүлдер Қостанайдың келбетіне айналғандай. Жылда әсем гүлдер тұрғындарға жоғыра көңіл-күй сыйлап келеді. Сондықтан бұл әсемдіктің біз үшін мәні өте зор.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77