Іскер азаматтың дара жолы

Іскер азаматтың дара жолы

Комментарии к записи Іскер азаматтың дара жолы отключены
Загрузка...


Экономика ғылымдарының докторы Сәбит Есмұратов хақында

Бұл күндері елімізге кейіпкеріміздің аты-жөні кеңінен таныс.

Елгезек азамат

Өйткені, ұзақ жылдар бойы ғылым саласында шыңдалған тұлға қазіргі таңда — Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің құрылтайшысы әрі басшысы.
Жұртшылық осы жоғары оқу орнына Алаш ардақтысы, даңқты жерлесіміз Міржақып Дулатовтың есімі берілгендігінен де хабардар болса керек. Ол бастаған профессор-оқытушылар құрамы университеттің атына заты сай болуына талпыныс жасап келеді.

Қай жерде болсын жұмыстың алға басуы, оның нәтижелі болуы бірінші басшының іскерлігіне, біліктілігіне, өмірді қаншалықты жетік білетіндігіне де байланысты. Бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, Сәбит Борисұлының мәртебесі үстем, абыройы асқақ.

Оны жерлестері халық қалаулысы, яғни Қостанай қалалық мәслихатының депутаты ретінде де жақсы біледі. Себебі, ол темірдей тәртіптің адамы, елінің болашағын терең ойлайтын көрнекті тұлға.
Әрине, мен онымен қызмет бабымен талай кездестім. Ағамыздың жан-дүниесіне үңіліп, бойындағы қасиеттерін бір інісіндей білдім десем, бәлкім артық айтпаған болармын.
Сәбит Борисұлы облыс орталығымен іргелес жатқан Қостанай ауданының Жамбыл атындағы ұжымшарында 1949 жылы 2 қазанда дүниеге келді.

Ол да өзге азаматтардай жалындаған жастық шақты бастан кешті. Көпшілікке аса бір зеректілігімен танылды. Мектепте де үздік шәкірттердің бірі атанды. Сол даралық қасиеті әлі күнге жалғасын тауып жатқандығы жалпақ жұртқа мәлім.

Ағамыз халыққа адал қызмет етуге септігін тигізетін мамандық иесі болуды армандайтын. Сондықтан да болар, барлық сынақтардан сүрінбей өткен бозбала 1966 жылы бұрынғы Целиноград ауыл шарушылығы институтының агрономия факультетіне түсті.

Жоғары оқу орнын ғалым-агроном мамандығы бойынша тәмәмдады. Мұнда да өнегелі қырларымен институт ұжымының ыстық ілтипатына бөленді.

Қолына диплом алған соң ерекше қуанышты сәтті бастан кешкен жігерлі маман туған жерін гүлдендіруге бел буды. Осы мақсатқа ұмтылған ол еңбек жолын облыстағы Ресеймен іргелес жатқан Қарабалық ауыл шарушылығы тәжірибе станциясында кіші ғылыми қызметкерліктен бастады.

Содан кейін өзге бозбалалардай әскер қатарына шақырылып, ол жақтан да өмірлік тәжірибе алып қайтты.

Ел таныған ғалым атанды

Өзінің азаматтық борышын өтеп келген соң ғылымға біржола ден қойды. Осы сөзіміздің нақты айғағындай Қазақ ғылыми зерттеу институтының аспирантурасын аяқтады.

Содан кейін аталмыш мекемеде ғылыми қызметкер болып жұмысын одан әрі жалғастырды. 1980 жылы көптен зерттеп жүрген тақырыбын терең игеріп, ауыл шарушылығы ғылымының кандидаты атанды.
Осылайша оның сонау мектеп қабырғасынан бері алдына қойған армандары біртіндеп жүзеге аса бастады. Жас ғалым өзінің туған жерін көркейтуге құлшыныс танытып, Қостанайға біржола оралды.
Алдымен, осындағы ауыл шаруашылығы институтында доцент дәрежесін алды. Деканның орынбасары ретінде де өзін жан-жақты көрсеткен тұлға аталмыш жоғары оқу орнының оқу ісі бойынша проректоры болып бекітілді.

Оның бай тәжірибесі лайықты бағаланып, „Қостанай ғылыми-өндірістік„ бірлестігінің бас директоры болып тағайындалды. Осы жауапты қазметте де әріптестерінің арасында ұйымдастырушылық және басқа да кейінгі жастар тағылым аларлық жақтарымен жұртшылықтың назарын аударды.

Асыл азаматтың есімі Қостанай ауыл шаруашылығы институтымен тығыз байланысты. Өйткені, ол 1992-2000 жылдары осы жоғары оқу орнының білікті ректоры болды.

Көрнекті ғалымның алдынан тәлім-тәрбие алған кешегі шәкірттері бұл күндері ұлағатты ұстаздарының өздеріне тигізген ықпалдарын ешқашан да ұмытпайды. Бұл да олардың қызметтегі, тіршіліктегі жетістіктеріне өзі жеткендей қуанып отырады.

Өздеріңіз білесіздер, 2000 жылы өңіріміздегі алғашқы жеке оқу орындарының қатарында Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті  де бар.
Оның негізін қалаушысы әрі президенті де Сәбит Борисұлы Есмұратов болып табылады.  Жылдан-жылға талапкерлер саны да артып, оқу орнының беделі халық арасында артып келеді.
Белгілі тұлғаның ғалым ретінде де жазған еңбектері ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, қазірдің өзінде оның 120-ға жуық ғылыми жұмыстары жарық көрді. Соның ішінде монографиялары мен оқу құралдарын кітапханалардың сөрелерінен көруге болады.

Сәбит Борисұлының ғылыми жұмысындағы қозғаған тақырыптары да өте өзекті. Ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Қызметі өте жауапты болса да шығармашылық жұмысын еш уақыт ұмытқан емес.
Отбасында ардақты әке, сүйікті жар. Ғылым саласына бейімі бар дарынды жастардың жанашыры екендігін, ізгілікті істердің басы-қасынан табылатын қайраткерлігін жерлестері жақсы біледі.
Ол бақыттың да, қуаныштың да, атақ-дәреженің де адам баласына тек қана адал бейнетпен келетіндігін бір кісідей түсінетін еңбекқор да ардақты жан.

Өтіп бара жатқан уақыт емес пе? Даңқты жерлесіміз, көпшіл де мейірбан ғалым мерейтойына да саусақпен санарлықтай ғана күндер қалды.

Сіңірген еңбегі, төккен маңдай тері заяда кеткен жоқ. Ол мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. Қаншама марапаттарға ие болды. Оны айналасындағы әріптестері көріп те, біліп те жүр.
Осыдан біраз жыл бұрын ол Қостанай қаласының құрметті азаматы мәртебелі атағына ие болды. Бұл да болса халық арасындағы беделінің өте жоғары екендігін айғақтай түседі емес пе?
Қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Қазіргі таңда Қостанай қалалық мәслихатының депутаты. Шаһар өміріндегі есте қаларлық жиындарды жүргізіп, өзінің азаматтық-іскерлік қырларын да әбден танытты.

Біз Сәбит Борисұлын 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Оған алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасында бақыт тілейміз! Жауапты қызметінде табыстан-табысқа жете беріңіз дегіміз келеді!

Оразалы Жақсанов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77

Loading...

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись