Көркем сурет галереясы — сұлулыққа баулиды Көркем сурет галереясы — сұлулыққа баулиды

Мұндағы ғажайып суреттер қиялыңа қанат бітіредіОблыс орталығындағы көркем сурет галереясының ішіне кірсең түрлі түсті бояумен салынған ғажайып көріністер еріксіз көздің жауын алады. 

Қайсына қарасаң да ерекше сезімге берілесің. Біреуінде періштеден пәк сәбидің жүзі, екіншісінде табиғаттың әсем көрінісі бейнеленген.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласының аясында көркем сурет галереясында да қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Соны өз көзімізбен көру үшін таяуда осы жерге атбасын бұрдық.

Қос қабатты ғимаратты аралап, белгілі суретшілердің тың ізденістермен салған еңбектерімен таныстық. Аталмыш галереяның меңгерушісі Сая Калиновамен де жолығып, көкейімізде жүрген  сауалдарымызға нақты жауап алдық.

Ол осы жұртшылықты әсемдікке, сұлулыққа баулитын орын ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда бұл шығармашылық ұжымда 10 адам жұмыс істейді. Олар күнделікті өздерінің міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Бұл өзіміз болған жердегі қызметкерлер туған өлкеміздің белгілі қыл қалам шеберлері яғни Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының мүшелері және дарынды жастардың қиялынан туындаған картиналардың көрмесін тұрақты түрде ұйымдастырып отырады. Өткен күндерге зер салатын болсақ, мұнда 100-ден аса көрме өткізіліпті. Әрбір замандастарымыздың шығармашылық көрмесі екі ай бойы қала тұрғындарының назарына ұсынылады. Осы кезең ішінде талғампаз қауым көп жайды көңілдеріне түйіп, эстетикалық жағынан жандүниелерін байыта түседі.

Галереяда сурет картиналары ілінетін 3 зал бар. Онда қостанайлық суретшілердің суреттері көрмеге қойылған. Қабырғаларға ілінген түрлі жанрдағы шығармалар кімнің болсын назарын аудартпай қоймайды. Әрбір туындының айтары бар. Әрине, оның қай қайсына да қыл қалам шеберлері көп тер төгіп, уақытпен санаспай еңбек еткені бірден байқалады.

Осынау галереяны аралап жүрген сәтімде үстіміздегі жылы 80 жасқа толған талантты суретші Николай Торшиннің өткен жылы салынған «Жастық шақ»  деп аталатын картинасына көзім түсті.

Мұнда табиғаттың аясында жасыл желектің үстінде, көлдің жағасында арғымақ мініп, серуен құрып жүрген бір топ жастардың бейнелері арқау болған. Оған қарап тұрып кімнің  болса дасонау сағымдай бұлдырап артта қалған  жастық дәурені еріксіз көз алдына келіп тұра қалады.

Бұл да болса суретшінің бойындағы табиғи дарынын, кәсіби биік деңгейін көрсетіп тұр. Жалпы, мұндағы әрбір туындыдан біздің шығармашылықпен айналысатын жерлестеріміздің тек алға қарай ұмтылып келе жатқандығы сезіледі. Олардың басты мақсаты- келушілерге рухани ләззат сыйлау.

Сонымен қатар табиғатты суреттегенді жаны сүйетін қыл қалам шебері Наталья Халифаеваның қолынан шыққан картиналары да кімге болсын үлкен ой салады. Оның көпшілікке беретін әсері де ерекше дер едім.

Өз басым журналист ретінде оның жылдың төрт мезгілін салған картиналарын тамашалып, өте тәнті болдым. Қай қайсысы да маған ұмытылмас әсер қалдырды.

Мәселен,  2014 жылы салынған «Көктем қарсаңында» деп аталатын картинасында балауса шұғылалы көктемнің көрінісі бірден сезіледі. Сондай-ақ боранды, аязды қыс мезгілін де әдемі аша білген.  Осынау суреттен қыстың қытымыр мінезі де бірден сезіледі. Өйткені,  ақ ұлпаға оранған ағаштар да көп жайды аңғартып тұрғандай.

Шаһарымыздың Алтынсарин көшесінде орналасқан көркем сурет галереясында өз саласын жетік білетін білікті мамандар қызмет атқаратындығын кез-келген жерлестеріміз мақтанышпен айтады. Олар мәртебелі қонақтар мен келушілерді жылы жүзбен қарсы алып, залдарға саяхат жасатады.

Сүретті түсірген Александр ОТКИН

Loading...

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись