Көптеген көрермендеріміз сахнаның үстінде спектакльдерді видеоға түсіретін операторларға арналған балкондар бар екенін біледі
Сондай-ақ, сахна үстінде театрдың жарықтандыру мамандары, дыбыс операторлары және музыкалық бөлім жетекшісі отырады.
Алайда, көпшілік сахна жарықтандыру балкондарының жанында синхронды аударма жасайтын радиокабина орналасқанын біле бермейді. Дәл осы жерде отырып, аудармашы Костанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының спектакльдерін қазақ тілінен орыс тіліне аударады.
Театрдағы аударма – тірі процесс.
Өнер әр елде өз жанкүйерін табады, кітаптар әртүрлі тілдерге аударылады, кинофильмдер кәсіби актерлердің дыбыстауымен көрерменге жол тартады, ал сәулет, мүсін және кескіндеме туындыларын тілге тәуелсіз-ақ тамашалауға болады. Бірақ театр өнерінде жағдай өзгеше. Кинода аударма мен дубляж бір рет жасалса, театрда әр қойылымға жеке, ерекше синхронды аударма қажет. Себебі, театр – тірі өнер, мұнда әр қойылым сайын актерлер жаңа қырынан көрінеді.
Біздің театрда синхронды аударманы 2021 жылдан бастап Надырова Айнұр жүргізеді. Ол – мамандығы бойынша қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі, ал аударма дағдыларын өз бетінше меңгерген. Бұл өте мұқияттылық пен жоғары концентрацияны талап ететін күрделі жұмыс. Театрлық аударма – жай ғана мәтінді оқи салу емес, бұл процесс эмоционалдық сезімталдықты, икемділікті және әдеби материалды терең білуді қажет етеді.
– Сөздері келтіру қиын, қазақ тілінің сөздері көп, оны аударуда, жеткізу де қиын. Сценарий дайын болғанымен, кейде актерлер өздері оқып, өзгертеді. Оларда читка, кейін дайындық болады. Сол уақытта өз ыңғайларына келтіріп, кейбір жерде алып тастап, не болмаса қосып жатады. Оған қоса кейде тамағым ауырып қалатын кездер болады. Сол кезде су, түрлі дәрілерді алдыма қойып, бірдене болса бірден су ішіп, тез оқып жіберемін, – дейді аудармашы.
Аудармашының жұмыс орны.
Аудармашының радиокабинасы – өте шағын бөлме, онда жұмыс істеуге қажетті заттар ғана бар. Мұнда шағын орындық пен үстел орналасқан. Үстел үстінде үстел шамы, микрофон, құлаққап және пьесаның аудармасы жазылған папка жатады. Спектакль барысында көрермен аудармашының тіпті тынысын да естуі мүмкін, сондықтан синхронистер мүмкіндігінше қатты дем алмауға, жөтелмеуге, түшкірмеуге тырысады – себебі мұның бәрі көрермендерге кедергі келтіруі мүмкін. Тек сахнада кідіріс болғанда немесе музыкалық үзінділер кезінде ғана аудармашы микрофонды сөндіріп, су ішіп немесе тамағын кенеп алуына мүмкіндік бар.
Қостанай көрермендері спектакльдің аудармасын құлаққап арқылы тыңдайды. Аудармашы мәтінді «қағаздан» оқып, актерлердің сөздерімен бір уақытта аударады, олардың қарқынына бейімделеді, сөйлеу мәнерін тыңдайды. Синхронды аударманы тыңдайтын көрермендердің нақты саны белгісіз болғандықтан, аудармашы әрдайым дайын болып, қойылым басталғанға дейін радиокабинада отырады. Көбінесе аудармашыларды, не болмаса кітапты қолданады. Бірақ сценарист кітаптағы оқиғаны қойылым ретінде койған кезде оны өзгертіп жіберетін кездер болады. Сол кезде аудармашы түбегейлі мәнің, актерлердің ойының көріп болғаннан кейін аудара бастайды.
– Менің аудармама ешкім дұрыс емес, түсінбедік деп айтпады. Кейде өзім барып сұраймын “как вам перевод? Все ли было ясно ?” деп. Ұнап жатады, тіпті режиссерге аударма жақсы болды деп айтып жатады. Әрине, қуанып қаламын. Тағы айта кететін жайт, балаларға ертегілер қойып жатқан кезде, аңдар болса, аңның даусын басқа да бір нәрселер болса, солардың даусын келтіріп аударамын, – дейді Айнұр Кинесарханқызы.
Қазақ және орыс тілдері құрылымы мен ырғағы жағынан айтарлықтай ерекшеленеді, бұл аударманы қиындата түседі. Сондықтан аудармашылар мәтіннің ырғағы мен сөйлеу жылдамдығын мұқият қадағалайды. Сахнада болып жатқан оқиғалардан ауытқып кету өте қауіпті – бұл көрерменнің қойылымды қабылдауына кері әсер етуі мүмкін.
Алайда, аудармашыға «микрофон арқылы театр жасауға» рұқсат жоқ. Оның міндеті – қойылымдағы актерлердің дауысын қайталау емес, тек көрерменге спектакльдің мәнін жеткізу. Сондықтан бұл аударма түрі ең күрделісі болғанымен, қойылым тілін түсінбейтін көрермендер үшін ең қолайлы тәсіл болып саналады.
– Қазақ тілінде жаман сөздер орыс тіліне аударылмайды. Сол кезде өзім келтіріп әдеби “сука” деген сөзді қосып, не болмаса тағы ізденіп, қарап аударамын. Қай жағынан қарамасақта қазақ тілін басқа тілге аудару қиын. Мысалы, орыс тіліндегі мақал-мәтелдерді қазақ тіліне келтіріп алуға болады, ал қазақшаны орысшаға келтіру оңай емес,- деп түйіндеді өз сөзін маман.
Қойылымдарға орыс мектептерінен, балабақшаларынан көп келіп жатады. Ал салмақты қойылымдарға көбінесе орыс әжелері келеді, тіпті біздің қазақ тілін білмейтін қазақтан келіп “ мы на казахском не понимаем, можно там наушники” деп келіп жатады екен.
Театрлық синхронды аударма – тек тілді білуді ғана емес, жылдам реакцияны, дәлдікті және эмоционалдық тұрақтылықты талап ететін ерекше өнер. Айнұр Кинесарханқызы сияқты мамандардың еңбегі арқасында театр кез келген көрермен үшін қолжетімді бола түседі.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77