Новости

Келер жылы екі шағын ауданда тұрғын үй құрылысы аяқталады

Олар «Әуежай» ықшам ауданы мен «Юбилейный» шағын ауданында

Ағымдағы жылы облыста «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында барлық қаржыландыру көздері есебінен 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл өткен жылға қарағанда 10% жоғары.

Биыл сегіз айда барлық қаржыландыру көздері бойынша 231 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

– Тұрғын үйді пайдалануға беру өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108% құрады. Біз алдымызға жыл сайын тұрғын үйді пайдалануға беруді он пайызға арттыру міндетін қойып отырмыз. 2019 жылы 8 үйдің құрылысына халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жалдамалы тұрғын үй құрылысына 3, 1 млрд теңге бөлінді. Есепті кезеңде алғашқы жалдамалы үйдің құрылысы аяқталды. Қалған 4 тұрғын үйдің құрылысы жыл сонына дейін аяқталады, – деді Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков.

Ағымдағы жылдың 8 айында бюджеттің игерілуі 1, 3 млрд теңгені құрады. 2020 жылы 6 жалға берілетін баспана салу жоспарланған. Республикалық бюджеттен 1, 6 млрд теңге сомасында қаржыландыру қарастырылған.

Мемлекеттік бағдарлама аясында алдағы жылдары қаланың шағын аудандарында тұрғын үйлер салу жалғасады. «Әуежай» ықшам ауданында үйлер саны 41, оның 34-і салынып пайдалануға берілген. Қалған 7 ғимарат тағы бой көтермек. Биыл 4 үйдің құрылысы басталып, келер 2020 жылы аяқталады. Онда 180 пәтер пайдалануға беріледі. Бүгінде шағын ауданға инженерлік коммуникациялар толығымен жеткізілді, биылғы жылы іске қосылатын дауыл кәріздері мен газбен жабдықтау желілері салынуда.

Ал, «Юбилейный» шағын ауданында 47 баспана бой көтермек. Бүгінде оның 18-і қолданыста. Осы жылы 9 үй, ал, келер жылы 4 үй пайдаланауға беріледі. Шағын ауданда 3, 9 миллиард теңгенің инженерлік инфрақұрылымдық жобалары жүзеге асырылуда.

Осылайша, 2020 жылы екі ықшам ауданда, «Әуежай» және «Юбилейный» тұрғын үй құрылысы аяқталады.

– Тұрғын үй құрылысының келешегі – Қостанай қаласының «Береке» шағын ауданы. Ғимараттың ауданы – 100 га. «Береке» ықшамауданының жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес, жалпы ауданы 406,7 мың м2 болатын 72 қабатты үй салу жоспарланған. «Болашақ» ЖШС 6 тұрғын үйдің немесе жалпы ауданы 15 мың м2 болатын 234 пәтердің құрылысын бастады. Инженерлік инфрақұрылым жобаларын газ, су, кәріз желісі, телефон және вертикалды жоспарлар іске асыру үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде, – дейді Нұрлан Қатарбеков.

Президенттің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында көп балалы отбасылар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінген. Ағымдағы жылы Қостанай облысының көп балалы отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 107 пәтер салуға және сатып алуға 900 млн теңге бөлінді, оның ішінде, 58 пәтерді сатып алуға 487 млн теңге қарастырылған. Оның 50 пәтері қала бойынша, қалған сегізі Қостанай ауданы бойынша.

Ал, келер 2020 жылы Қостанай облысындағы көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңгеге 170 пәтер сатып алу жоспарланған. Сонымен бірге, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында аз қамтылған отбасыларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы «Бақытты отбасы» бағыты бойынша несие берілмек.

Бұл бағыттың қатысушылары, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77