Новости Социум

Құлақ асуға құлықсыз мемлекет…

«Саққұлақ мемлекет» формуласы Қазақстанда толық жұмыс істемейді

Президент мемлекеттік аппаратқа «Қоғам үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қолданысқа енгізуді тапсырған болатын.

– Азаматтық қоғамды қолдап, ықпалын нығайту керек. Оны жалпымемлекеттік өзекті мәселелерді талқылап, шешуге тарта білген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халық мәселесін айта бастаса, шенеуніктердің құлағы бітеліп қалатыны жасырын емес. Жылдар бойы қордаланған мәселеге билік төтенше жағдай орын алғанда ғана назар аударатын әдет тауып алды. Ситер отбасындағы бес қыздың өлімі көпбалалы отбасылардың мәселесін, қорықшының кісі қолынан қаза табуы қылмыстық заңнаманың шикілігін, Тараздағы бала зорлау оқиғасы мектеп дәретханаларының заман талабына сай емес екенін көрсетті.

Мұның бәрі қарапайым халықтың наразылығын туғызып, шығыны көп шараларға ақша шашқанша, қаржыны өзекті мәселелерді шешуге неге жұмсамайды деген орынды сауал қойғызып отыр.

Неге Үкімет басындағы шенеуніктер мәселеге азаматтар зардап шеккеннен кейін ғана назар аударады?

Біз ақпарат алаңы мен парламенттік сауалдарға талдау жасау арқылы Үкіметке алдын ала шара қолдану туралы дабылдың денін «Халық коммунистері» парламенттік фракциясы жасайтынын аңғардық.

Коммунистер көтеріп жүрген тақырыптардың көбі әлеуметтік қамсыздандыру, өңірлік инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру мәселелеріне қатысты болады. Партия өкілдерінің айтуынша, депутаттық сауалдар партияның жер-жердегі халықпен тығыз араласып жүрген мүшелерінің күн сайынғы тынымсыз еңбегінің арқасында дайындалады. Коммунистер мемлекеттік бастамалардың ел ішінде қалай жүзеге асатынына алаңдайды. Өйткені елордада отырып ойластырылғанда оңтайлы көрінетін жоба өңірде күтпеген кедергілерге тап болуы мүмкін.

Мысалы, жарнамасы жер жарған «Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдердің тұрмысын жақсартуға арналғанмен, жұмыс істеуге жарамсыз, саланы реттеуге қолайсыз заңдардың бірі болып қалуы мүмкін.

Қазір бұған коммунистер мен партияның шараларына қатысушылар ғана мән беріп отыр.

«Халық коммунистері»фракциясы заң жобаларын жоғары лауазым иелерімен ғана емес, білім беру саласының қара жұмысын істеп жүрген мамандармен бірге талқылайды. Олар да Парламент қарауында жатқан құжатқазіргі қалпында қабылданса , ешқандай пайдасы болмайтынын түсініп отыр.

– Шығатын қорытынды біреу. Мемлекет педагог мәртебесінің шын мәнінде өзгеруіне мүдделі емес. Бірақ аталмыш топтың саны мен қоғам ішіндегі ықпалы елеулі екенін білгендіктен, өзгеріс енгізуге ниеттеніп жатқан кейіп танытады. Мұндай әрекет көзалдау ғана деп ойлаймыз, – дейді «Халық коммунистері» фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров.

Партияның «Кедейлік. Не істеу керек?» деген тақырыппен өңірлерде өткізген дөңгелек үстелдері көптеген мәселелерің бетін ашты. Мейлінше жұмсартып айтылған деректердің өзіне сүйенсек, елдегі тақыр кедейлердің саны 800 мыңға жуық екен.

– Мемлекет атаулы әлеуметтік көмектің алғашқы форматын іске қосқанда-ақ, жобаның шикі екенін ескерткенбіз. Біз болжаған тәуекелдің бәрі орын алды. Қазір ел ішінде көпбалалы аналарға масыл ретінде қарау белең алып тұр. Бұл кімге тиімді болғаны түсініксіз, – дейді коммунистер.

ҚКХП өкілдері өзге оппозицияшыл топтар сияқты мезгіл мәселесін сынап қана қоймай, заңмен тікелей жұмыс істейтін өкілдермен сұхбат құру арқылы оның шешілу жолдарын ұсынып келеді.

Мұндай кезде өңірлерге шығып, елмен жүздесу арқылы ақпаратқа молынан қанығуға болады. Бірақ партияның Парламенттегі өкілдерінің саны жетеу-ақ болуы, адым аштырмай отыр. Дерекжинауда жергілікті орындардағы партия ұйымдастырушыларының көмегі көп тиіп жүр.

Барлық салада қордаланған мәселе жетерлік. Оның көбінің шешімінде әлеуметтік астар жатыр.

Ауыл шаруашылығы мен жастар саясатын не біріктіреді? Аграрлық сектордың мүмкіндігін жас мамандармен нығайту өзекті болып отыр. Аграрлық оқу орындарының студенттері де бұл іске дайын. Бірақ олардың пікірін коммунистерден басқа ешкім сұрап жатқан жоқ. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін іске асырып жатқан медицина мамандарының дабылын да коммунистер ғана қаперге алып отыр. Ерекше мұқтаждығы бар балалардың аналарының зарына да коммунистер құлақ түрді.

Биыл ҚКХП құрылымдары кедейлік пен жастардың қоғамдағы орнын, отандық медицина жүйесінің кемшіліктерін, білім саласындағы жаңашылдықтарды талдау үшін жүздеген басқосуұйымдастырды. Қайырымдылық акциялары мен қоғамдық талқылаулар өткізілді. Ауыл мен қала тұрғындары ұдайы қабылдауға келді. Осы шаралардың барлығында коммунистер қарапайым халық айтқан пікірлерді назарға алып, талдады.

Әлеуметтік бағдарға негізделген партиялар бүкіл әлемде халықтың көкейіндегі шаруаларға белсенді араласады. Қазақстандықтар Конституция бойынша ақысыз сапалы білім алып, дер кезінде медициналық жәрдемге жүгінуге, отбасын қамсыз асырап, еңбек етуге құқылы. Адамға өзі мен ұрпағының болашағынан артық не керек?

Банктерді қолдап, шығыны көп имидждік шараларды насихаттауға бөлінген қаржыны білім беру мен медицинаға, сұранысқа ие тауар өндірісіне бағыттасақ, өңірлер гүлденер еді.

Коммунистер өңірлердің жаршысына айналды. Мұғалімдер мен өндіріс еңбеккерлерінің, жастар мен дәрігерлердің жанайқайын жеткізіп жүр.

Жұрттың жанайқайы үкіметтің құлағына жететіндей болып шығуы үшін күш біріктірер кез келді.

Әсия Болатбекқызы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77