Латын әліпбиі өркениетке жеткізеді

Бұл мәселеде зиялы қауым белсенділік танытуға тиіс

«Таңбасыз ел болмас, найзасыз ер болмас»- деген халқымыздың нақыл сөзіне сүйенер болсақ, еліміз егеменді, тәуелсіз ел болғаннан бері өзіміздің рәміздеріміз, тіліміз, дініміз, Ата заңымыз мақтанышымызға айналды.

Алдағы уақытта латын әліпбиіне көшсек, өзіміздің мемлекеттік тіліміздің де мәртебесі одан да асқақтай түсері даусыз. Бір тоқтала кетер жай, латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келеді.

2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», — деген еді.

«Қазақстан-2050» стратегиясында латын тіліне 2025 жылы толық көшетініміз туралы айтылды.  Мемлекет басшысының үстіміздегі жылы республикалық басылымдарда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани-жаңғыру» деп аталатын мақаласында да бұл еліміз үшін аса маңызды мәселеге жан-жақты назар аударылған.

Қазіргі таңда қалың жұртшылықтың рухын көтеріп, болашаққа деген сенімдерін барынша нығайта түскен мақала республикамызда талқыланып жатқандығы көпшілікке мәлім.

Біз ұстаздар қауымы да оны толық қолдаймыз. Бүгінгі жазған дүниемізде өзіміздің көкейімізде жүрген ой-пікірлерімізді жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Елінің болашағын ойлаған әр азамат, зиялы қауым өкілдері, әртүрлі мамандық иелері латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп жатқаны да баршаға аян. Дегенмен, мәселенің байыбына терең бармай, әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар. Егер бұлай түсінсек, яғни қазіргі 42 әріпті латын әріптерімен жай ғана алмастыра салсақ, одан ештеңе өзгермейді. Латын графикасына (таңбасы) негізделген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміз дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс.

Мысалы, латын графикасын қазақ әліпбиіне икемдеу бағытында өзінің салмақты ойлары мен ғылыми маңызды зерттеулерін көп талқысына ұсынып жүрген білікті ғалым Әлімхан Жүнісбековтің еңбектерінің маңызы зор.

Қазіргі таңда ол бастаған ғалымдар қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонеманы (9 дауысты, 19 дауыссыз) латын графикасымен таңбалап, жаңа қазақ әліпбиін дайындады. Бұған қоса, кірме сөздерді таңбалау үшін «в», «ф», «һ» әріптерін де әліпбиге алу туралы пікір айтылды.

Себебі бұл әріптер 1938 жылы әліпбиімізге енгізгелі қазақ тілінде әбден орнығып болды. Сөйтіп, ғалымдар 30-31 әріптен тұратын әліпби жасауды нысана етіп отыр. Бұл бұрынғы 42 әріптің қысқарып, 10 таңбасы алып тасталынатынын көрсетеді.

Мысалы, бұрынғы әліпбиде «ащы», «тұщы» және өзге тілден келген щетка, щи, деген санаулы сөзді таңбалау үшін арнайы «щ» әрпі алынған болса, енді осындай әріптердің қысқаруы нәтижесінде кірме әріптерге қатысты 30-40 басы артық ереже өзінен-өзі жойылып кетеді екен.

Қазір ғалымдар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ісін қазақ жазуын реформалау (қайта қарастыру) ісімен байланыстыру жұмыстарының ғылыми негіздемесін әзірледі. Басты қажеттілігін тілдің өзі талап етуде.
Кешегі кеңестік жүйенің солақай саясаты қазақ тілі дыбыс жүйесінде  жоқ орыс ё, ю, я, в, ф,х,ч,ц,ь,ъ әріптерін әліпбиімізге еріксіз енгізгені баршаға аян. Онымен қоймай, әліпбиіміз кирилл жазуына басқа тілден енген өзге сөздерді де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай қолданылуы керек деген талап қойылды.
Сөйтіп тіл экологиясы сол кезеңнен бастау алып, тілімізге жат дыбыс тіркестері де еш кедергісіз еніп, тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен өзіндік реңін жоғалтып, сөзіміз де құлаққа жат әуенмен «ән салғанға» үйреніп кеттік.

Жанар Жанабергенова, Балжан Досанова,
№3 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері

Loading...

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись