Культура Новости

Лисаков қаласының музейі елімізде «Ең үздік» атағына ие болды

Ондағы археологиялық құнды жәдіргерлер көптің қызығушылығын тудырып отыр

Қостанай облысына қарасты Лисаков қаласындағы Жоғары Тобыл тарихи-мәдени музейі биыл еліміз бойынша «Ең үздік» деп табылды.

Мұнда барлығы 18 000 жәдігер бар. Оның 2 500-дейі арнайы залдарға орналастырылған. Ал музейдегі ең құнды жәдігерлерді археология залынан көруге болады.

Мұнда қала маңында жүргізілетін археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған құнды жәдігерлер қойылады. Қазба жұмысының тобы ерте замандағы алтын бұйымдар мен қыштан жасалынған ыдыс-аяқтарды тапқан. Олардың тарихы 4000 жылдай болады.

Міне, осындай көне заттар қойылатын музей елімізде үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Сонымен қатар мұнда өткен дәуірлерде қолданыста болған тарихи-тұрмыстық заттар да көп қойылған. Сондай-ақ Лисаков қаласының тарихынан сыр шертетін суреттер мен құжаттар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырады.

Қазіргі таңда музейдің жұмыс істеп келе жатқанына айтарлықтай көп уақыт болмаса да, елімізде ұйымдастырылған көптеген байқауларда жеңіске жетіп, алдың орында келеді.

Бүгін де ол үстіміздегі жылы Қазақстандағы ең үздік музей атағына ие болып отыр.

Осы ретте біз, Лисаков қаласының тұрғыны Шарбану Балғабайқызын сөзге тартқанымызда, ол бізге былай деді:

Қаламыздағы музей еліміз бойынша «Ең үздік» болып отыр. Оған әрине біз өте қуаныштымыз. Өзім шаһардағы қазақ мектебінің байырғы ұстазымын.

Музейге оқушыларымды жиі әкеліп тұрамын. Оқушыларға да музейге саяхат жасау қатты ұнайды. Мұнда олар көптеген құнды жәдігерлерді тамашалап, өздеріне тың мәліметтер алады. Қаламыздың тарихымен жан-жақты танысады.

Музейдің қызметкерлері де үнемі ізденіс үстінде. Оны жылдан-жылға көркейіп келе жатқан музейдің тыныс-тіршілігінен де байқауға болады.

Лисаков қаласындағы ең үздік музейге өзімде кезінде мектепте оқып жүргенде, сыныбымызбен саяхат жасаған болатынбыз. Шын мәнінде ішінде адам қызығарлық құнды дүниелер өте көп. Залдар да жеткілікті. Әрқайсысы өзінше сыр шертеді. Тарихи жәдігерлерді көріп, таным көк жиегіңді кеңейтесің.

Музей адамға рухани азық беретін киелі орын.  Сондықтан бос уақытымызда музейге барып, өткен тарихымызға көз жүгіртіп жүргеннің артықтығы жоқ.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Фото ғаламтор желісінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77