Қостанай ауданында аға буынның белсенді өмір сүруі үшін әртүрлі мүмкіндіктер жасалуда. Үлкендер буыны мәдени дәстүрлерді сақтау, жастарға өмірлік тәжірибені жеткізу және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту ісінде маңызды рөл атқарады. Дегенмен, әр ауылдық округтің жағдайы мен ресурстарына байланысты мұндай бастамалар деңгейі әртүрлі болып келеді.
Тобыл қаласында зейнеткерлер теледидар алдында уақыт өткізуден гөрі, белсенді өмірді таңдады. Клуб құру идеясы бірнеше жыл бойы талқыланып, алғаш рет 2021 жылы қыркүйек айында «Белсенді өмір сүру» жобасы өз есігін ашты. Қазір клубта өмір қайнап жатыр, қатысушылардың көзінен жастықтың оты көрінеді, жүздерінен күлкі кетпейді. Көпшілік бұл жерде өмірлерінің ең жақсы кезеңін қайта өткендей сезінеді. Клубта бес бағыт бойынша секциялар жұмыс істейді, фитнес және скандинавиялық жүріс секциясы, компьютерлік және құқықтық сауаттылық бойынша курстар, шығармашылық секция, психологиялық жеңілдену тренингтері және мәдени-ойын-сауық бағдарламалары. Қатысушылардың кейбірі алғаш рет смартфон немесе компьютерді қолданып үйренсе, енді бірі шығармашылықпен айналысып, жаңа таланттарын ашып жатыр. Сонымен қатар, ерекше артықшылықтарының бірі – тіл үйрену мүмкіндігі. Зейнеткерлер мемлекеттік тілді үйренуге ерекше қызығушылық танытып, қысқа мерзімді қазақ тілі курстарына қатысуда. Олар аз уақыт ішінде негізгі білім алып, күнделікті өмірде қазақ тілін еркін қолдана бастады. Бұл олардың өзіне деген сенімін арттырып, қоғамда белсенді болуына септігін тигізуде.
Клуб мүшелерінің тағы бір ортақ пікірі – олардың жаңа достар табуы. Ольга Чернушева клубқа құрбысының шақыруымен келіп, еш өкінбегенін айтады.
– Мұнда тек жаңа білім ғана емес, нағыз достар таптым, – дейді ол.
Клуб жаттықтырушыларының айтуынша, жобаның басты мақсаты – зейнеткерлердің өмір сапасын жақсарту, олардың бос уақытын ұйымдастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және белсенді өмірге тарту. Бағдарлама үнемі жаңарып отырады, фитнестен бастап экскурсияларға дейін әркім өзіне ұнайтын іс таба алады. «Белсенді өмір сүру» жобасы зейнеткерлердің денсаулығы мен сергектігін сақтауға ғана емес, жаңа жетістіктерге жетуге де шабыттандырады. Бұл жобаның арқасында кез келген жаста белсенді өмір сүруге болатыны дәлелденіп отыр.
Садчиковка ауылдық округі аға буын өкілдері үшін мәдени орталыққа айналды. Мұнда 33 жылдық тарихы бар «Зарянка» фольклорлық ансамблі жұмыс істейді. Ансамбль өз мәртебесін растап, әндердің сөздері мен музыкасын өзі жазып, халықтық музыкалық аспаптар жасайды.
ТОО «Олжа Садчиковское» мәдениет үйінде 2022 жылы құрылған «Қазына» клубы жұмыс істейді. Бұл клуб қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін сақтау және оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында ашылған. Аға буын өкілдері бұл клубта бірлесіп жұмыс істеп, округтің мәдени өміріне белсене араласады. Сонымен қатар, мұнда «Истоки» атты қызығушылық клубы бар, ол аға буын өкілдерін біріктіріп, славян мәдениетін сақтауға бағытталған. Қатысушылар қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибелерімен бөліседі.
Озерный ауылдық округінде үлкендерге арналған мәдени және әлеуметтік шаралар ұйымдастырылуда. Әр демалыс сайын барлық жастағы тұрғындарға арналған дискотекалар мен концерттер өтеді.
Округтегі спорт кешені физикалық жаттығулармен айналысқысы келетін барлық тұрғындар үшін ашық. Мәдениет үйіндегі кітапхана зейнеткерлер мен еңбек ардагерлерін қатыстыру арқылы түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Қарттар күніне орай арнайы концерттер өткізіліп, аға буын өкілдері құрметті қонақтар ретінде шақырылады.
Майколь ауылдық округі егде жастағы тұрғындармен жеке жұмыс істеуге басымдық береді. Әсіресе, 70 жастан асқан зейнеткерлерге тұрақты түрде барып, қолдау көрсету ұйымдастырылады. Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылатын концерттік бағдарламалары бар шай ішу дәстүрі ерекше танымал. Бұл шаралар үлкендерге өзара қарым-қатынас жасауға және мерекелік атмосферада уақыт өткізуге мүмкіндік береді.
Алайда, округте тұрақты іс-шаралар өткізуге қажетті ғимараттардың болмауы үлкен кедергі болып отыр. Кітапхана мен әкімдік ұзақ өмір сүру бойынша үйірмелер ашуға тырысуда, бірақ инфрақұрылымның жеткіліксіздігі көптеген идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.
Кейбір округтердегі қиындықтарда осындай.
– Жданов ауылдық округінің үлкен кісілері өздері Қостанайда орналасқан «Мирас» мәдениет үйіне барып, іс-шараларға қатысады. Ал ауылда ондай шаралар өткізетін орын жоқ,- дейді ауылдық округ әкімі Меңдіғали Ибраев.
Өкінішке орай, кейбір ауылдық округтерде аға буын өкілдеріне арналған мәдени-әлеуметтік шараларды ұйымдастыру мүмкін емес. Оның негізгі себебі — мәдени іс-шараларды өткізуге арналған ғимараттардың жоқтығы. Жамбыл ауылдық округінде тек мереке аясында іс-шаралар өтеді. Ол қарттар күні, наурыз мейрамы.
Мысалы, Надеждин ауылдық округінде арнайы клубтар мен үйірмелер жоқ. Дегенмен, жергілікті әкімдік пен кітапхана қызметкерлері зейнеткерлерді қоғамдық өмірге тартуға тырысуда. Бірақ ғимараттардың жетіспеушілігі бұл жұмысты толыққанды жүргізуге кедергі келтіреді.
Қоғамның кез келген саласында аға буынның орны ерекше. Олардың өмірлік тәжірибесі, рухани байлығы – бұл жастарға үлгі әрі баға жетпес мұра. Сондықтан егде жастағы адамдарға қамқорлық көрсету тек мәдени немесе әлеуметтік бастама емес, бұл ұлт болашағы үшін маңызды міндет.
Қостанай ауданында осы бағытта нақты шаралар қабылдануда. Аға буын өкілдері үшін арнайы клубтар, үйірмелер ашу, концерттер мен мерекелік іс-шаралар өткізу – олардың қоғамнан тыс қалмай, белсенді өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Алайда, бұл салада әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар. Кейбір округтерде ғимараттардың, құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі, мамандардың тапшылығы мәдени шаралардың ауқымын кеңейтуге кедергі келтіруде. Осы мәселелерді шешу арқылы ғана аға буын өкілдерінің қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға болады.
Қостанай ауданында егде жастағы адамдарға қамқорлық көрсету – басты басымдықтардың бірі. Бұл бастамалар аға буын өкілдерінің өмір сапасын жақсартуға, мәдени мұраны сақтауға және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мысалы, әр ауылдық округте осындай істі қолға алып, үлкен кісілердің белсенді өмір сүруіне ықпал жасауға болады. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» негізгі негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтардың белсенді өмір салтын ұзартуға мотивациясын қалыптастыру және дамыту, егде жастағы азаматтардың бос уақытын және мәдени бос уақытын ұйымдастыру.
Аяжан СЕРІК,
суретті ұсынған кейіпкерлер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77