Культура Новости

Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналып Н. Островский атындағы қалалық кітапханасында көрме ұйымдастырылды

Онда халық данышпанының өмірін, шығармашылығын насихаттайтын құнды дүниелер қойылған

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлыққа қол қойды. Осы мақсатта еліміз бойынша түрлі іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда.

Мұндай шаралар Қостанай қаласында да жалғасын тауып жатыр. Елімізде өтіп жатқан Ұлы тұлғаның өлеңдері мен шығармаларын дәріптейтін челенджге Н. Островский атындағы қалалық кітапхана ұжымы да ат салысып отыр.

Осыған орай мұнда қазақтың бір туар ұлдарының бірі, данышпан ақын, ойшыл, дана, ғұлама әдебиетіміздің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер «Поэзия әлемінің жарық жұлдызы» деп аталатын кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынды. Онда кітапхана қорынан жинақталған әдебиеттер қойылған. Кітапхананың оқу залында орналастырылған көрмені оқырмандар жыл бойына тамашалай алады.

Аталмыш кітапхананың қазақ әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Дүйсенбаеваның айтуына қарағанда, бұл көрмеге жергілікті тұрғындар көп келеді екен. Әсіресе, тұрақты оқырмандардың тарапынан қызығушылық жоғары. Мектеп оқушылары мен студенттер де ұлы тұлға Абайдың құнды еңбектерін көп ақтаратын көрінеді. Тіпті кейбір психолог мамандар Абайдың қара сөздерінен көптеген сауалдарға жауап табуға болады деп, жұртшылықты осы еңбектерге ерекше ден қоюға шақырады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын мақаласының жарық көргені де белгілі.

Бұл мақалада данышпан Абайдың артынан қалдырған еңбектерінің қаншалықты құнды екендігі жан-жақты баяндалған. Тіпті оның әр жолдарынан өмірге қажетті баға жетпес құнды кеңестер алуға болатыны жайында жазылған.

Осындай өмірге қайта келмес данышпаны бар халықтың қашан да білім көкжиегі кең болары хақ. Ең бастысы өзіміздің ғұлама, данагөй тұлғаларымызды біліп жүргеніміз жөн.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77