Одан Ақылбек Шаяхметтің кестелі жырлары мен келелі ойларын оқи аласыздар
Қостанайдағы «Қарлығаш» баспасынан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Алаш» сыйлығының лауреаты, М. Дулати атындағы және «Алтын қалам» сыйлықтарының иегері, ақын Ақылбек Шаяхметтің «Сағыныш» деп аталатын жыр жинағы жарық көрді. Әр адамның жүрегін мекендейтін махаббат сезімі жайында жырламаған ақын жоқ шығар. Бұл кітапта ақын жыры – жүрек сыры, көңіл толқыны, сезім тасқыны бірге үндескен.
Бұл еңбекке ақынның бозбала кезінен қазіргі самайын ақ шалған шағына дейінгі өлеңдері енген. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көрде, ішпен біл» деп Ұлы ақын Абай Құнанбаев жырлап кетті емес пе. Махаббат жайын жырламаған ақын жоқ, нәзік жандыларға деген сезімін өлең шумақтарымен жеткізген бозбалалардың да жайын ақын жүрегі жақсы ұқса керек.
Ақылбек Шаяхметтің қаламынан туған туында қай кезде де оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып келеді. Ағамыздың сөз саптауы да өзгеше. Өзіндік стилі де кітабын ашып оқыған жанды еріксіз өзіне тартатыны да бар.
Ақынның осынау кестелі жырларының жинақ болып шығуына белгілі кәсіпкер, көркем әдебиетке жаны құмар, махаббат туралы жыр-дастандарды жатқа оқитын, ыстық сезімін ақын тілімен жеткізе білетін Нұрбол Әбдірахманов демеушілік жасады.
Оқырмандарға жол тартқан ақынның «Сағыныш» атты жинағын облыстық және қалалық кітапханалардан алып оқуға болады.
Осынау құнды дүние көпшіліктің жүрегіне жол тауып, үйлерінің төрінен орын аларына сенімдіміз.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77