Алтынай Кәрімжанның тырнақты сәндеуі көпшіліктің көңілінен шығады
Қазіргі таңда қолынан келген іспен айналысып, күнделікті напақасын тауып жүрген жандар қаншама. Менің бүгінгі кейіпкерім Алтынай Кәрімжан тырнақ сәндеудің хас шебері десем қателеспеген болармын. Ол әсемдікке жаны құмар жан.
Қазіргі таңда кез-келген нәзік жанның қалауы тырнағына әдемі, сәнді моникюр жасату. Міне, Алтынай осы маникюр жасаудың білгірі. Бүгінде ол осы іске арналған барлық құралдарды сатып алып, сәнді де ерекше маникюр жасауды кәсіпке айналдырған.
– Мен алғаш рет маникюрді анамы жасадым. Солай үйреніп кеттім. Басында бірден керемет болып шықты деп айта алмаймын. Жаңадан қолға алған істі біртіндеп меңгеру керек. Сондықтан уақыт өте сапалы да әдемі жасауға машықтандым. Маникюрдің құрал-саймандары арзан тұрмайды. Менің қолымнан осы іс келетін болған соң, ата-анам керек заттарымды сатып алып берді. Қазір туыстардың сыртында, хабарласатын өзге жандарға да сәндеп маникюр жасаймын. Маникюрді үйде жасап, біршама қаражат та таптым, – дейді ол.
Әйелзатының жаны қашан да сұлулыққа құмар ғой. Сондықтан олар үстіне киген киімінен бастап, қолының тырнағына да ерекше мән береді. Сондықтан жыл сайын киімнің үлгісімен қоса тырнақтың пішіні, баяудың түрі мың құбылып тұрады. Бұл жағдайда да сәнді жақсы көретін Алтынай еш нәрседен қалыспайды. Әрдайым сән үлгісін қадағалап, ненің сәнде екенін біліп отырады.
Осы ретте одан маникюр жасаудың қыр-сыры жайында сұрағанымда, ол:
– Маникюр жасау оңай деп айта алмаймын. Бір адамға маникюр жасау үшін екі жарым тіпті үш сағат кетеді. Ал егер жасанды тырнақ қоятын болсам, онда уақыт одан да көп кетіп қалады. Маникюрдің өзінің арнайы бояулары болады. Оны мен ғаламтор арқылы тапсырыс беріп алдырамын. Сонымен қатар тырнаққа құйылатын сұйықтығы болады. Ол арзан емес. Сонымен қатар тырнақтың пішінен келтіру де көп уақыт алады. Сондықтан қанша уақыт кетсе де, асықпай сапалы жасауға тырысамын. Маникюрдің де түрі көп. Мысалы, «Французкий маникюр» бар. Ол тырнақта өте сәнді көрінеді. Сәннен ешқашан түспейді. Сондықтан маникюрдің бұл түрін жасатуға келетіндер көп. Ол үшін тырнақ түзу өсуі керек. Сонымен қатар оны жасау жолдары қиындау. Қазір мен маникюрдің осы түрін жасап үйрендім. Келушілерге жоғары деңгейде жасап беріп жүрмін, – дейді.
«Қыздарға әсемдік жарасады» демекші, алдына келген назік жандыларға сұлулық пен әдемілік сыйлап жүрген Алтынайдың маникюрі 2500 теңге. Осылайша ол қолынан келген іспен айналысып, өзінің керегін сатып алатын қаражат тауып отыр.
Еңбек етсем деген жанға әрдайым жұмыс табылады. Ал егер қолың епті болып, бір істің көзін тапсаң тіпті жақсы. Сондықтан еңбекке талпынып, көп нәрсені үйреніп, қолынан келгенше напақасын тауып жүрген талапты жанға еңбегің жана берсін демекпіз.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77