Біздің Қостанай

Марапатқа лайық жандар

Жүрегінің қалауы болған мамандығына адал жан – Юрий Вагин

Әлеуметтік қызметкер – қашанда жалғыз ілікті, тағдырдың жазуымен егде жаста жалғыз өмір сүруге мәжбүр қарттар мен дерттері жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандарға жан жылуын сыйлап, біртұтас жүйелі жағдай жасап отырған маңызды мамандық иесі.

Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде дәл осы әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтеді. Осыған орай нар жүгіндей ауыр міндетті арқалап жүрген қызметкерлер жайында жазуды жөн санадық.

Мәселен, «Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі орталығы» КММ басшысы Зиягуль Кузьминованың мәліметінше орталықта бүгінгі күні 63 әлеуметтік қызметкер өз міндеттерін қалтқысыз атқаруда. Олар 470 кісіге қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде мүгедектігі бар 102 бала, 1-2 топтағы мүгедектігі бар 368 қарт кісі тіркелген екен.

Аталмыш мекемеде біраз жылдардан бері адал еңбек етіп келе жатқан әлеуметтік қызметкерлердің бірі Юрий Вагин. Ер адамның әлеуметтік қызметкер ретінде еңбек етуі сирек кездесетін жағдай. Дегенменен, Юрий Павлович атаулы қызметке бала күнінен жақын болғанын айтады. Ол мектеп қабырғасында оқып жүрген кездерде-ақ, өзінің осы салаға бейім екендігін байқап, таңдауын жасаған көрінеді. Оның бір сәт те болса таңдаған мамандығына деген өкініші болмаған екен.

– 2013 жылы Қостанай индустриалды педагогикалық колледжін аяқтаған күннен бастап мамандығым бойынша жұмыс істеп келемін. Менің мамандығым әлеуметтік жұмыс бойынша тәжірибелік психолог. Әлеуметтік жұмысқа мен 8 сынып оқып жүрген кезімнен бастап келдім десем болады. Мектеп оқушысы бола жүре отбасылық типтегі «Жанұя» үйі, «Дельфин» балалар үйіне, түзету мектептері мен интернаттарға түрлі бағдарламалар мен конкурстар ұйымдастыратынбыз. Сол кездің өзінде-ақ, мен балаларды дені сау немесе мүмкіндігі шектеулі деп бөліп жарып қарамайтынмын.

Мамандық таңдауға келгенде анам әрине күмәнмен қарады. Бірақ өзімнің қатысып жүрген іс-шараларым жайында үлкен махаббатпен айтып, көздерім бал-бұл жайнағанын көреген анам өз пікірін өзгертті, жүрегімнің қалауы осы екенін түсінді. Анам үй шаруасындағы жан. Отбасымда екі бауырым бар, біреуі құрылыс саласында жұмыс істейді, кіші інім мектеп оқушысы. Мен соларға үлгі болып, әрдайым өз ісіме жауапкершілікпен қараймын. Жұмысымда ерекше бір қиындықтар бар деп айта алмаймын, ұжымымда өте жақсы жандар, мен қызмет көрсететін балалар да ең тамаша. Жұмысым жайында айтатын болсам әр әлеуметтік қызметкерге негізгі топ 6 адамнан бекітілген, олардың әрқайсысымен аптасына екі рет екі сағаттан үйлерінде айналысамыз. Барлық қызмет пен көмек әр қызмет алушыға мекенжай бойынша жеке көрсетіледі. Таңдаған мамандығыңа деген адал махаббат қана жетістікке жеткізеді. Сонда ғана жұмысыңнан нәтиже шығады, – дейді Юрий Павлович.

Юрий Вагин балалар бөлімінде қызмет еткендіктен жан-жақты жұмыс атқарды. Оның ішіне әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер кіреді. Ең бастысы өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын кейіпкеріміз өз қызметіне адал, әріптестерінің ортасында беделді екендігіне куә болдық. Айта кеткен жөн болар биылғы мереке қарсаңында Юрий Вагин басшылық атынан «Балалық шақтың досы» номинациясы бойынша марапатталып, мерейі арта түсті. Бұл саланың қызметкерлері қандай марапатқа болса да лайық жандар.

Жан ШАЙМЕРДЕН
Суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77