Новости

Мемлекеттік қызметтер онлайн режимде көрсетілетін болады

Елімізде электронды түрде құжат алу қолжетімді болмақ

Елімізде мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру жалғасын тауып жатыр. Осы жылдың аяғына дейін мемлекеттік қызметтердің 81 пайызын электронды түрге ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл бірінші кезекте қажетті құжатты халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ үйде отырып алуға мүмкіндік береді.

Осылайша үйде бала күтімімен отырған аналар мен егде жастағы жандарға өте қолайлы. Сонымен қатар керекті құжаттарды электрондық сайттар арқылы үшінші тұлға да ала алады.

Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметтердің 72,5, пайызы электрондық режимде көрсетіледі. Мәселен, барлығы 742 мемлекеттік қызметтің 538 онлайн режимде электронды түрде алынса, 204-і қағаз түрінде беріледі.

Алдағы уақытта үкімет барлық құжаттарды электронды түрде беру үшін жаңа технологияларды енгізуді қолға алып отыр. Атап айтар болсақ, бүгінде халық электронды сандық қолтаңбамен бірнеше анықтамаларды онлайн режимінде алып отыр. Бірақ қазақстандықтарға сол қолтаңбаның өзін алу оңайға түспей отырғанына байланысты электронды мемлекет қызметін қажетті деңгейге көтеру мүмкін болмай отыр.

Осы қолайсыздықты жою үшін елімізде sms-пароль жүйесі енгізіп отыр. Осы sms-пароль арқылы мемлекетімізде 64 мемлекеттік қызмет түрін алуға болады. Бірақ олардың ішінде қазақстындықтардың сұранысына ие қызметтер аз кездеседі.

Бұл жайында Қостанай қаласының тұрғыны Ботагөз Нугманова былай дейді:

-Менің ойымша елімізде электронды құжаттарды енгізу өте тиімді. Мысалы, өзім бала бақшада тәрбиешімін. Биылдан бастап балабақшаның кезегін электронды түрге ауыстырды. Бұл біріншіден баламен үйінде отырған аналарға өте қолайлы болды.

Біздің бала бақша жылда жаңа сәбилермен толығып тұрады. Биыл да осы электрондық кезекті жіті қадағалап отыратын ата-аналар балаларын біздің бала бақшадағы бос орындарға орналастырып жатыр.

Елімізде халық ғаламторды толық меңгеріп, өздеріне қажетті қызметтерін сапалы түрде ала алатынына қуанамын. Техника күнде дамып, ғаламтордың көмегіне жиі жүгінетін кезге жеттік.

Ғаламтор алдымен үйде отырып, ешқайда бармай қажетті құжаттарымызды алуымызға үлкен мүмкіндік туғызып жатыр. Әрине, бұл үлкен жетістік.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Сурет ғаламтор желісінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77