Образование

«Менің мамандығым – мемлекеттік қызметші» жобасы іске қосылды

Аталмыш жоба барысында қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушылары үшін арнайы кездесуі ұйымдастырылды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті «Менің мамандығым – мемлекеттік қызметші» жобасын іске қосты.
Аталмыш жоба иновациялық технологияларды қолдана отырып, жастар арасында, атап айтқанда орта мектеп түлектері арасында мемлекеттік қызмет институтын насихаттауға және мемлекеттік қызметтің имиджін арттыруға бағытталған. Осы шара барысында, 500-ден астам мектеп түлегінің мемлекеттік қызметшілермен кездесулерге қатысуы көзделіп отыр.
Міне, осындай кездесу өңіріміздегі білімнің қара шаңырағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында өткізілді.

ҚР мемлекеттік қызмет істері агентігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Мэлс Абдрахманов «Менің мамандығым – мемлекеттік қызметші» республикалық жобасы аясында, облысымызда алғашқы рет қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушыларымен кездесті. Мұндағы басты мақсат-мектеп оқушыларының азаматтық белсенділігін және жауапкершілігін, патриоттық құндылықтарын дамыту.

Кездесу барысында, оқушылар мемлекеттік органдардың миссиясы, мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық міндеттері, жұмыстағы жетістіктерімен танысты. Бұл шараға барлығы 64 оқушы қатысып, мемлекеттік қызмет жайында көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алды.

-Бүгінде мемлекеттік қызметшіге деген талап өте жоғары. Біздің мектепті аяқтағалы отырған оқушыларымыз ертең жоғары оқу орнын бітіріп, жас маманға айналады. Олардың ішінде көбісі мемлекеттік қызметші болуы да мүмкін. Сондықтан олардың мемлекеттік қызметшінің қандай болуы керектігі жайында өзіндік түсініктері болуы қажет. Міне, осы мақсатта білім ордамызда оқушыларға арнайы осынау кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Мұның оқушылар үшін өте маңызды екені белгілі. Осы кездесуден кейін мамандық таңдауда екі ойлы болып жүргендері дұрыс таңдау жасай алады деген сенімдеміз,-дейді Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған меткеп-интернаттың директоры Ырсалды Келінбердиева.

Бүгінгі мектеп оқушылары ертеңгі еліміздің білікті де, білімді жас маманы. Сондықтан олардың бүгіннен бастап мемлекеттік қызметкер жайында жан-жақты түсініктері болуы өте маңызды. Ең бастысы олар қандай қызметте болса да адалдық, адамгершілік, еңбексүйгіштік сынды қасиеттерді өздеріне серік етсе нұр үстіне нұр болар еді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77