Құнды жәдігерлер тарихтан сыр шертеді

Құнды жәдігерлер тарихтан сыр шертеді



немесе облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайындағы игі істер көпті қуантады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласының аясында тарихи жәдігерлерімізді насихаттауға ерекше назар аударылуда.

Жуырда біз Қостанай шаһарындағы руханият ордасы болып табылатын және ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілген облыстық мұражайға арнайы атбасын бұрдық.

Мұндағы мақсат аталған тәрбиелік мәні ерекше орынға қойылған ұлттық жәдігерлерімізді көзбен көріп, оқырман қауымға жеткізу еді. Өйткені, кейінгі жас ұрпақ басылымдағы жарық көрген дүниелерді оқи отырып, көп жайды көңілдеріне түйері анық.

Бізді аталмыш мұражайда көп жылдардан бері аянбай қызмет атқарып келе жатқан білікті маман, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Роза Қаратайқызы Қуанова жылы жүзбен қарсы алып, біраз жайлардан хабардар етті.

Содан кейін залдарды аралап көрдік. Осыдан біраз жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен парасат ордасының қызметкерлері де өз жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарайтындығы байқалады.

Жарық та сәнді мұражайдың ішінен қазақ халқын білім нәрімен сусындатқан ұстаздың ең алғаш Торғай өлкесінде ашқан мектібінің макетіне бірден көзіміз түсті. Қалың жұртшылықтың есінде болар, бұл білім ордасы 1864 жылы шәкірттерге есігін айқара ашқан болатын.

Көпшілікке мәлім, Ыбырай атамыз кезінде қандастарын білім алуға шақырып, олардың жан-жақты азаматтар болып қалыптасуын армандады. Соны жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеді.

Мұны көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бәрі де біледі. Сол кездегі кездескен қиындықтарға қарамастан ұлтымыздың балаларына қаншама ұлағатты тәрбие берді. Ұлы ағартушының бойындағы асыл қасиеттер оның жазған кітаптарынан да айқын көрінеді емес пе.

Мұнда келген адам Ыбырай атамыздың жұмыс үстеліне де назары түсетіндігі сөзсіз. Осы құнды затқа қарап отырып, сол кездің тыныс-тіршілігін сезіну қиынға соқпайды. Бабамыздың сонау бір жылдары жұмыс кезінде қолданған қаламсабы да біраз жайдан сыр шертеді.

Сондай-ақ оның өзі ғұмыр кешкен үйінің макеті де мұражайдың төрінен орын алыпты. Бұл баспананың сырты да, алып жатқан аумағы да көз тартарлықтай тартымды. Осы ретте сары қағазға салынған ұлы ұстаздың үлкен портреті де көрнекті жерге қойылыпты.

Жалпы, өзбасым бұл күндері Марғұлан Оспанов басқаратын мұражайдан орын алған жәдігерлердің кімнің болсын назарын аудартып, рухани жандүниесін кеңейте түсетіндігіне кәміл сендім.

Онда болған әрбір адам ерекше рухани ләззат алып, ой-өрісін дамыта түсетіндігі сөзсіз. Мына бір жайлар да мені журналист ретінде назарымды еріксіз аударды.

Ол Ыбырай Алтынсариннің жесірі Айғаныстың мал мүлік және балаларын өз қамқорлығына қалдыру туралы жазған өтініш хаты еді. Бұл хат 1891 жазылған екен.

Ондағы Ыбырай атамыздың аталмыш мұражайға қойылған кітабы мен кезінде отбасы қолданған төсекқабы да осындағы аса құнды жәдігерлердің бірі. Осы затты да келушілер өз көздерімен көріп, ризашылықтарын білдіріп жатады.

Сонымен қатар осындағы аспа шам да бірден көзге түседі екен. Жалпы, онда болғанымда Ыбырай Алтынсариннің немересі Нағима апамыздың да кезінде осында тапсырған өзге де бірқатар заттарын көрдік.

Ал Нағима апамыз 1916 жылы Қостанай облысы Талапкер ауылында дүниеге келген. Ол бала кезінде атасы Ыбырай ашқан Қостанайдағы мектепте үш жыл білім алған. 1920-30 жылдары сол кездегі нәубеттен ұлы ағартушының ұрпақтары да байдың тұқымы ретінде қуғындалған.

Осы қазақтың аяулы қызының кезінде қолданған ыдыс аяқтары мен самауырыны да маған ерекше әсер етті. Мұражайдан оның кезінде жазған: «Ыбырайдың жалғыз баласының жалғыз қызымын. Атым Нағима»,-деген естелігін де оқыдым.

Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсем, облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайы алыстан, өңірдің аудандары мен қалаларынан келген мәртебелі қонақтардың жиі атбасын бұратын қасиетті орнына айналған.

Loading...

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись