Өнерде өз қолтаңбасы бар

Өнерде өз қолтаңбасы бар

Загрузка...


Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Қонысбек Бегайдаровпен сыр-сұхбат

Өтіп бара жатқан өмір-ай десеңізші. Арамызда өзінің өнерімен талай талғампаз қауымның жүрегінен берік орын алған Қонысбек Бірманұлы Бегайдаровтың 60 жасқа қалай келгенін де білмей де қалыппыз.

Жуырда онымен арнайы жолығып, мерейтойы қарсаңында сұхбат құрудың сәті түсті. Сахна саңылағының айтары да мол. Оның осы салада келе жатқанына да көп жылдардың жүзі болды.

Қазіргі таңда Қостанай өңірінің атын шығарып жүрген көрнекті азаматтардың бірегейі. Төменде біз мәдениетімізді өркендетіп, оның әлемге танылуына өзіндік үлесін қосып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың ой-толғаныстарын жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Жастайынан өнегелі тәрбие алды

-Қонысбек Бірманұлы, сіздің басқа жақты айтпағанның өзінде, қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты жерлесіміз Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында қызмет атқарып келе жатқаныңызға да біраз уақыт өтті. Сондықтан аталмыш өнер ордасының тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеп берсеңіз?

-Иә жылдар зуылдап өтіп жатыр. Қазіргі таңда өзім күнделікті жұмыс істеп жатқан өнер ордасының ашылып, халыққа қызмет етіп жатқанына да қарап отырсақ 17 жыл болып қалды.

Осы кезең ішінде театрды республика жұртшылығы жақсы таныды. Өйткені, біз сол жылдар ішінде Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында да гастрольдік сапарда болдық.

Басқа да елімізге белгілі өнер саласындағы фестивальдарға қатыстық. Қазіргі таңда репертуарымыз да жеткілікті. Жылда жаңа драмалық туындылармен көрермендерімізді қуантуға тырысып келеміз.

Сондай-ақ әртістердің қатары да Алматыда кәсіби білім алған дарынды жастармен толығып жатыр. Көркемдік жетекшіміз, Қазақстан Республикасының халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың басшылығымен ойға алған спектакльдеріміз қойылып, талантты жастар тың ізденістермен көзге түсуде.

-Әрбір азаматтың туған жері ыстық көрінеді. Сіз де өзіңіздің кіндік қаны тамған ауылыңызда кәдімгі қарапайым ғана ұстаздың отбасында өстіңіз. Әңгіменің орайы келгенде, бақытты балалық шағыңыздың ізі қалған елді-мекенге де тоқтала кетсеңіз?

-Қазақ «Алпыс тал түс» дейді. Осы биік асуға қалай тез жеткенімді шынымды айтсам өзім де білмей қалдым. Жалпы, мен Қостанаймен іргелес жатқан Ақмола облысы Қима ауданына қарасты Қима деп аталатын киелі қоныста дүниеге келдім.

Әкем Бірман сол өңірге танымал ұлағатты ұстаз еді. Сөйтіп, ғұмыр бойы елді-мекендегі ағайындардың ұлдары мен қыздарын оқытып, олардың өмірден өз орындарын табуына тікелей ықпалын тигізді.

Ауылдастары әулетіміздің басшысын сонау Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер ретінде де өте құрметтейтін. Ол мұндай ілтипатқа әбден лайықты еді. Сол қанды майдандағы оқ пен оттың ортасында жүріп, ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетті.

Біз жастайымыздан осы кісіге еліктеп өстік. Өзі руханиятқа жаны жақын-ды. Кәдімгі гарьмонды құйқылжыта тартып, әнді де беріле орындайтын. Сондықтан да болар, өзі араласатын ағайындар той-томалақ болса, алдымен біздің әкемізді іздейтін.

Әлі есімде. Бала кезімізде оның сурет салатын өнерін де көзімізбен көріп, көңілімізге тоқыдық. Ол қазір арамызда болмаса да біз оны әрдайым сағынышпен еске алып, аруағына бағыштап Құран оқытып отыруды өзіміздің перзенттік парызымыз деп есептейміз.

-Әкеңіз жайлы өте тебірене баяндадыңыз. Ал шаңырақтың ұйытқысы аяулы анаңыз бен бауырларыңыз жөнінде де тілге тиек етсеңіз?

-Әрбір саналы ұл мен қыз үшін әке шаңырақтағы асқар тау болса, ана да ерекше орын алады. Шыр етіп дүниеге келгелі бері түн ұйқысын төрт бөліп, аялап өсірген анамыз Сұлушаш та біз үшін алтынан да қымбат.

Ол кісі де бұл күндері арамызда жоқ. Шешеміз кезінде тоғыз құрсақ көтерген, ағайын-туыстың арасында өте сыйлы жан еді. Оны қашан да қазақ әйелдеріне тән — мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық секілді асыл қасиеттер дараландырып тұратын.

Егер күйеуін сыйлаған әйел болса, ол біздің анамыз еді деп ерекше бір мақтанышпен айтар едім. Өйткені, ол кісі әкеміздің алаңсыз жұмыс істеуіне бүкіл ғұмырын арнады. Екеуі де бізге өмірде үлгі болуға тырысты.

Солардан ғибрат алған балалары да тіршілікте оларды жерге қаратқан жоқ. Бәрі де өмірден өз орындарын тауып, туған жері мен еліне адал қызмет етуге барын салды.

Менің өмірімде апам Қарашаш пен ағам Қуандықтың да алар орны ерекше дер едім. Біз бауырмал болып қалыптастық. Алыста жүрсек те өмірдегі барлық қиындық пен қуанышты бірге бөлістік.

Ауылдастарым әлі есімде

-Талантты актер Қонысбек Бегайдаровтың бұл күндері бүкіл ел біледі. Алайда оның сонау сағымдай бұлдырап, артта қалған балалық шағында қандай шәкірт болғандығынан да көпшілікті хабардар етсеңіз?

-Мен өз қатарластарымнан пәлендей ерекше дараланатындай бала болдым деп айта алмаймын. Біз де кешегі елді-мекендегі өзге ұлдар секілді талшыбықты ат қылып жетілдік емес пе.

Сонымен қатар кішкентай кезімде бұзықтық немесе тентектік жасап, біреуді ренжіткен де жайым жоқ. Алайда ашық-жарқын мінезіммен кез-келген адаммен тез тіл табысып кететін едім. Осы арада бір тілге тиек етер жай мені кішкентай кезімде ақсақалдар «Қара Қоныс» дейтін.

-Енді азамат болуға талпынған кезеңдеріңізге де шолу жасап өтсеңіз?

-Әкеміз мұғалім болған соң біздің сабағымызды үнемі қадағалады. Өзіміз де шама-шарқымыз келгенше намысқа тырысып оқыдық. Сол дүниеге келген Қима ауылындағы бастауыш мектепті кейін Ақмола облысындағы көпшілікке танымал Атбасар қаласындағы мектеп-интернатта білімімді одан әрі жалғастырдым.

Қазір сол интернатта жатып, қара нанды бірге бөліп жескен достарымды да айрықша бір қимастықпен еске аламын десем артық болмас. Себебі, онда да өзім секілді шалғайда жатқан елді-мекендердегі малшылардың және басқа да түрлі мамандық иелерінің ұл қыздары тәлім-тәрбие алды емес пе.

Міне, осы жерде болғанда біз ата-ананы, бауырды сағынудың не екендігін түсіндік. Демалыс күндері үйге жеткенше асығатын едік. Білім алуды да ұмытқан жоқпыз. Ең бастысы бұл жерде өз бетімізше қарекет етуге бетбұрыс жасадық.

Мектеп-интернат мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Осында жүріп, көңілділер мен тапқырлар клубына белсене қатыстым. Жиі ұйымдастырылып тұратын мәдени шараларда ән айтатын өнерім де бар еді. Әкемнен жұққан болар, сурет салу қабілетіме де айналамдағы құрдастарым дән риза болатын.
Осындай таудай талабымның арқасында қабырға газеттерін безендіріп, ұстаздарымның тарапынан да жылы лебіздер естідім. Сол күндерімді де ешқашан ұмытпаймын.

Асқар Тоқпановтан бата алды

-Сіз осы актерлік мамандықты кішкентай кезіңізден армандадыңыз ба? Жоқ әлде оған деген қызығушылығыңыз бертін келе пайда болды ма?

-Сұрағыңыз өте орынды. Шындығы керек, әу баста мен еліміздегі болашақ актерлерді даярлайтын оқу орнына түскен жоқпын. Өзімнен үлкен әпкем

Қарашаш пен жездем Дулаттың мамандығы дәрігер-тін. Өздері халық үшін адал қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандар болған соң ба, менің де өздеріндей елге пайдасын тигізер кәсіпті таңдағанымды қалаған секілді.

Әлгі өзім түлегі болып табылатын мектеп-интернатты аяқтаған соң жездем Дулат сонау Алатаудың баурайында орналасқан Алматыға алып барды. Содан осындағы медициналық институтқа құжатымды тапсырдым.

Алайда несін жасырамын, дәрігер бола алмадым. Семей қаласындағы зооветеринарлық институтқа түсуімді жөн көрген ағаларым да болды. Қысқасы, әлгі аталған мамандықтарды игеру менің маңдайыма жазылмағандығын уақыт көрсетті.

Содан кейін аудандағы Кеңарал кеңшарындағы орта мектепте кәдімгі мұғалім болып жұмыс істедім. Әскер қатарына шақырылып, өзімнің азаматтық борышымды өтедім. Алайда мені киелі өнер өзіне тартты да тұрды.

Сондықтан да шығар, 1978 жылы бұрынғы Торғай облысының орталығы Арқалық шаһарындағы театрға жарық беруші болып қызметке тұрдым. Осы жерде қарапайым жұмыс істесем де әртістердің сахнадағы өнерін көріп, қиялым қияндарға шарықтайтын. Әрбір қойылымнан ерекше бір рухани ләззат алатынмын.

Шіркін, қайда да жанашыр және қамқор азаматтар баршылық қой. Әлгі театрдың сол кездегі режиссері Ерсайын Тәпенов ағамыздың тікелей қамқорлығымен әрі жолдамасымен әлемдегі көрікті де сұлу қалалардың бірі Алматыға жолға шықтым.

Арманым мені алдаған жоқ. Содан жолым болып, Алматыдағы театр көркемсурет институтына студент болып қабылдандым. Сол шақтағы қуанышымды қазір тілмен айтып жеткізе алмаспын.

Бәлкім бақытым мен бағым шығар, осы жерде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Рахилям Машурованың класында білім алдым. Ол кісінің менің әртіс болып қалыптасуымда алатын орны қашан да айрықша дер едім.

Жастық шақта студенттік өмірдің барлық қуанышы мен қызығын бірге өткізген достардың жөні бөлек қой. Солардың арасында өздеріңіз көріп, біліп жүрсіздер, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, асқақ дауыс иесі, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, аса танымал эстрада әншісі Құдайберген Бекішов, Гүлбаушан Тілеубекова және басқалар ел мақтаныштары.

Осы аталған жоғары оқу орынында бізге сахна тілінен дәріс берген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мәрияш Жақсымбетова маған жанашырлық танытып: «Айналайын Қонысбек, сен шалғай деме, Арқалыққа барып, өзіңнің өнеріңді дәлелде. Онда режиссер болып қазақ мәдениетінің білгірі Жанат Хаджиев жұмыс істейді» деді.

Оның пікірі маған үлкен ой салды. Сөйтіп, әлгі шаһардағы Сералы Қожамқұлов атындағы облыстық қазақ драма театрында актерлік еңбек жолымды бастадым. Уақыт өте аталған өнер ұжымы Жезқазған қаласына қоныс аударған кезде әріптестеріммен бірге сол шаһарда қызмет атқардым.

Өнер жолында өзім небір мәдениет майталмандарының ұлағатты сөздерін естідім. Мәселен, ұлтымыздың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың кезінде менің актерлік шеберлігіме риза болғаны соншалықты, маңдайынан иіскеп: «Бауырым, өнерде жолың болсын. Жалпы, театрда кішкентай рөл деген болмайды, үлкен актер болады. Сенің алдыңнан тек ғана Алла жарылқасын» деген сөзі әлі күнге дейін жадымда сақтаулы.

Одан кейін осы Қостанайға қызметке келгеннен бері өздеріңіз секілді қаламгерлермен де араласып кеттік. Осы кезге дейін сомдаған театрдағы рөлдерім баршаға мәлім. Сондықтан оған тоқталып отырған жоқпын. Талай фестивальдерде жүлделі орындарға ие болдым.

Қазақтың атын шығарған «Жау жүрек мың бала» киносына да түстім. Сондай-ақ оның алдында тарихи тақырыпқа арналған «Көшпенділер» деп аталатын фильмге де қатысқан едім.

Көп жылғы тәжірибеме сүйеніп, режиссерлік жұмысты да батыл қолға алдым. Соның нәтижесінде «Саят батыр» деп аталатын фильм дүниеге келді. Ол осы саладағы алғашқы еңбегім. Оған бағаны беретін қашан да халық.

Отбасы өнер адамы үшін киелі. Сүйген жарым Зәмзәгүл де танымал актриса әрі әнші. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Ұлдарым мен қыздарым өмірімнің мәні. Бір ұлым Олжас менің жолымды қуды. Қазір өзім қызмет атқаратын облыстық театрдың белді актері.

Өзім өнер адамы болғаныма еш өкінбеймін. Мемлекетіміз адал еңбегімді лайықты бағалады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын берді. Қостанай облыстық меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының лауреатымын.

Әңгімелескен
Оразалы Жақсанов

Loading...

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись