Қоғам қайраткері жұртшылықпен кездесті

Қоғам қайраткері жұртшылықпен кездесті



Онда құнды мақала жайлы жан-жақты айтылды

Жуырда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласы аясында Қостанайда мәртебелі қонақтар болды.

Солардың бірі-көрнекті қоғам қайраткері, тіл жанашыры, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының кеңесшісі Оразгүл Асанғазықызы.

Ол осы сапары барысында облыс әкімі аппаратының басшысы Арман Әбеновпен, облыстық әкімдіктің басқарма басшыларымен, Рудный қаласы, Қостанай ауданы әкімдерімен, Қостанай академиясы қызметкерлерімен және жергілікті халықпен кездесу өткізді, оған көп адам қатысты.

Бұл кездесулердің басты мақсаты – студенттерге, мұғалімдерге, мемлекеттік қызметшілерге, ата-аналарға латын әліпбиіне көшудің негізгі мақсаттарын түсіндіру. Сонымен қатар, облыс тұрғындарының қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысуына қатысты ой-пікірлерін білдіру еді.

Есімі елімізге кеңінен танымал тұлға өз сөзінде: „Аталмыш әліпби шын мәнісінде біздің үкілі үмітіміз болып табылатын жастарға өте қажет. Өйткені, олар елдің ертеңі, халықтың болашағы„-деді.

Шынында да ол айтып өткендей, әлем елдерінің 80 пайызға жуығы, дамыған 30 елдің 27-сі, дүниежүзінің 45-ке жуық мемлекетінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың басым көпшілігі латын әліпбиін қолданады.

Елбасы жүргізіп отырған саясаттың бірі — ұлтаралық татулық екені бәрімізге мәлім. Мемлекетіміздегі барлық ұлттардың достық пен татулықта ғұмыр кешіп жатқаны барша әлемге аян. Өңіріміздегі бүкіл этномәдени бірлестіктердің күн сайынғы жұмысы бірлік пен берекені нығайтуға, келісімді сақтауға, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға бағытталған.

Жалпы, Оразкүл Асанғазықызы жүздесулер кезінде өзінің өмірлік тәжірибесімен де бөлісті. Ең алдымен адамда бір-біріне деген ыстық ықылас, өзінің туған халқына, оның тіліне деген жанашырлық пен сүйіспеншілік болуы керектігін баса айтты.

Әрбір қазақ өзінің отбасында ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, ұрпағына қазақы тәрбие беруден бастаса жалпы елдік мүддені ойлағаны болып табылатындығын да білдірді.

Сонымен Астанадан келген ардақты қазақ қызы, сегіз қырлы бір сырлы аяулы жан Қостанайдағы басқосу барысында құнды мақаланың мән-жайын жан-жақты түсіндірді.

Сондай-ақ Елордамыз Астанада жылдан-жылға көркейіп, тіліміздің мәртебесі асқақтап келе жатқандығын да тілге тиек етті. Мәселен, бас қаланың 600-ге жуық көшесі мен 1000-ға жақын аялдамаларының атаулары өзгертілгенін де жеткізді.

Бұл орайда көрнекті қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының да қосып жатқан үлесі айтарлықтай. Жиылған қауым оның мол адамгершілігіне, кішіпейілдігіне, қарапайымдылығына, тапқырлығы мен батылдығына өте тәнті болды.

Бахытгүл Сүлейменова, Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы

Loading...

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись