События

Облыстық «Үздік оқытушы – 2020» байқауы онлайн түрде өтті

Байқауға облыс қаласы мен аудандарынан 13 оқытушы қатысты

Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынов атындағы оқытушылар арасындағы «Үздік оқытушы – 2020» облыстық байқауы олнайн түрде өтті.

Дәстүрге айналған байқауға осы жылы облыс қаласы мен аудандарынан 13 оқытушы қатысқан.

– Биылғы «Үздік оқытушы – 2020» байқауы елімізде тараған індетке байланысты онлайн түрде өтті. Сол себептен де, байқау шарттарына өзгерістер енгізіліп, осы бағытта икемделді. Ал, негізгі байқаудың мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның әдіс-тәсілдерін жаңғырту, ересектерге мемлекеттік тілді инновациялық әдістемемен оқытатын шығармашыл оқытушыларды анықтау, қолдау, марапаттау, оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын шыңдау және мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ілгерілету, өзара оқытушылардың тәжірибе алмасуы, қазақ тілін меңгертудің озық үлгісіндегі педагогикалық тәжірибелерді тарату, – дейді Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бахытгүл Сулейменова.

Байқау 4 кезеңнен тұрған, алғашқы кезеңінде қатысушылар 15 минуттан аспайтын бейнесабақ үлгісін даярлап, арнайы белгіленген сайтқа жүктеп онлайн түрде дауыс жинаған. Екінші кезеңде, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, қызметі мен шығармашылығы қамтылған тест тапсырмаларын орындаған. Үшінші кезең бойынша, Ахаңның шығармашылығы, әдістері мен әдістемелік мақалалары, сондай-ақ, оқытудағы түрлі педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға байланысты бейнесұрақтарға жауап берген. Ақырғы кезеңде, қатысушылар өздерінің соңғы жылы шыққан оқулық, оқу-әдістемелік құралдарын, ғылыми-әдістемелік мақалаларын, байқаудағы жүлделі жетістіктерін көрсетіп, таныстырған.

Сайысқа қатысушыларды Қостанайдағы жоғарғы оқу орын оқытушылары мен тәжірибелі мұғалімдер бағасын беріп, еңбектерін ескеріп, біліктіліктерін саралап отырған.

– Байқаудың қорытындысы бойынша, І орын Сарыкөл ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Нәби Болатқа бұйырды. Ал, ІІ орынды Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Балайм Молдабекова алды, ІІІ орынды «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айнұр Миркемелова иеленді. Жүлделі орындарының жеңімпаздары дипломмен және «Сулпак» электрондық-техникалық дүкенінің сыйлық сертификатымен марапатталды. Сонымен қатар, «Шығармашыл педагог» номинациясы бойынша Меңдіқара ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Анар Хасенова, «Креативті педагог» номинациясы бойынша Қарабалық ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Ерлан Абилов, «Жаңашыл педагог» номинациясы бойынша Денисов ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Алия Сабитова марапатталды. Номинация иегерлері де диплом және «Сулпак» электрондық-техникалық дүкенінің сыйлық сертификатымен марапатталды, – дейді Бахытгүл Сулейменова.

Нәтижесінде, жеңімпаз атанған Нәби Болат Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық Ахмет Байтұрсынов атындағы оқытушылар арасындағы «Үздік оқытушы – 2020» байқауына жолдама алып отыр.

Айта кету керек, республика бойынша өткізілетін аталмыш байқаудан облыс намысын қорғауға барған оқытушылар бос қайтқан емес. Байқау тарихында Қостанай болысының қатысушылары жүлдемен оралғандарды санамағанда, 4 рет Гран–при иеленген.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған орталық


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77