Социум

Облысымдағы жер алқаптарына ғарыштан мониторинг жүргізіледі

Өңірде 4,1 млн гектар жердің 1,8 млн гектары пайдаланусыз жатқаны анықталды

Облысымызда ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға арналған алқаптар ғарыштық мониторингтен өтті.

Бұл  туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Жансұлтан Таукеновтің айтуынша, жайылымдардың үштен бірінен көбі пайдаланылмай жатыр. Яғни, 4,1 млн гектар жайылымның 1,8 млн гектары пайдаланусыз жатыр. Биыл 342,1 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылған. Бос жатқан жерлерді қайтарып алуға бағытталған шаралар әлі де жалғаспақ.

– Тоғыз жүз мың гектардан астам жер «Жайылымдар туралы» Заңның талаптарына сәйкес келтірілді. Жер пайдаланушылар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына барлық малды енгізді. Сондай-ақ, 47 жер пайдаланушыда 27,5 мың гектар алқапта пайдаланылмаған егістік жерлер анықталды. Ал, 1603 жер пайдаланушыда жалпы ауданы 1,649 млн гектар «Алқап тарихы кітапшасына» енгізілмеген, – деп атап өтті Жансұлтан Таукенов.

Жансұлтан Таукеновтің жер алқаптарында қосымша тексеру жұмыстарының маңыздылығын нақты мысалдармен түсіндіре кетті. Айталық, Жітіқара ауданында жүргізілген ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша   6,2 мың егістіктің пайдаланусыз жатқаны анықталған.  Ал алқапты жерден тексеру барысында ғарыштық мониторинг бос жатыр деп таныған 3,5 мың гектарға көпжылдық шөп, 1,9 мың гектарға бидай мен қара қыша егіліп, 0,8 мың гектар алқаптың арнайы өңделіп, сүрлемге қалдырылғаны анықталған. Алайда, космомониторинг мәліметтерінің дәлдіктен ауытқып жатуының себебі алқап бедерлерінің сапасыз цифрландыруынан, жер пайдаланушылардың әр дақылға арналған егістікті дәл белгілеп, алқап тарихы кітапшасына дұрыс тіркеп отырмағандығынан болып отыр деп түсіндірді.

– Қазір космомониторинг мәліметтерінің дұрыстығына көз жеткізу үшін жергілікті жерлердегі алқаптарды тексеру жұмыстарын жүргізу қажет. Кейбір аудандарда бұл жұмыс басталып та кетті. Егістік алқаптары туралы түбегейлі мәлімет 1 қазанға дейін белгілі болады. Ресми мәлімет толық жиналып болған соң, мониторинг қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдауға тура келеді. Сондықтан әкімдер өзі басқарып отырған аудандарға тиесілі егістік алқаптарының көлемін тағы бір қарап шықаны жөн.  Сәйкессіздік жойылса, мониторинг қорытындысы да сапалы болады, – деді басқарма басшысы.

Жиында жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Оспанов сөз алып, толықтырды. Оның айтуынша, жыл басынан бері жалпы ауданы 1,1 мың га 75 тексеру жүргізілді, 43 жер заңнамасын бұзушылық анықталды, жалпы сомасы 3,8 млн теңгеге айыппұл түрінде 14 қаулы шығарылған.

– Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 90%-дан астамы шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады, сол себепті, мораторийге байланысты тексеру іс-шаралары жүргізілген жоқ,– деді ол.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77