Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бірмәнұлы жайында
Театр – адамның ішкі жан дүниесін ізгілендіретін өнер ошағы. Шын дарын халық жадынан әсте ұмытылмайды. Халықтың қошеметіне бөленіп, елдің ықыласын алып жүрген актердің бірі ҚонысбекБегайдаров.
Бүгінде, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театрында қызмет атқаратын Қоныс аға, еңбек жолын Арқалықтан бастаған.
– Мектепте оқып жүрген уақытта, есейгенде шығармашылық адамы болғым келді. Бірақ, нақты театр актері болсам демедім. Кейін мектеп-интернатты бітірген соң апа-жездемнің нұсқауымен Алматыдағы медициналық институтқа құжат тапсырып, дәрігер мамандығын игермек болдым. Алайда, дәрігерлік менің қолым емес екендігін байқадым. Одан кеңшарға қайта оралып, мұғалім болып қызмет еттім. Сөйтіп жүргенде, кейін әскерге әкетті, ол жақтан келген соң Арқалық қаласына тұрақтадым. Онда әпкем тұратын. Арқалықта жүргенде драма театрға жиі барып тұруды әдетке айналдырдым, неге екенін білмеймін өзіне әркез тартып тұратын. Алғаш, 1978 жылы әпкемнің көмегімен театрға жарық беруші болып жұмысқа орналастым. Дәл сол кезде жұмыстың жалақысы қызықтырмады, тек өз жұмысыммен мәре-сәре болып жүрдім. Әркез қойылым дайындықтарын кетпей, сырттан бақылап отыратынмын. Көзім жанып, құдды өзім сахнада ойнап жүргендей болатынмын. Күндердің-күнінде белсенділігімді байқаған режиссер мені шақырып алып, массовкаға қатыстыратынын айтты. Бір жылдай қойылымдарға қатысып жүрдім. Келесі жылы, сол кездегі режиссер Ерсайын Тәпеновтің қамқорлығымен Алматыдағы театр және көркемсурет институтына жолдама алдым. Ол жақта 5 жыл оқыдым. Институтты бітіргелі жатқан шақта ұстаздар кей студенттерді жергілікті театрларға қалдырып жатты. Ал, маған ұстазым Арқалыққа баруға кеңес берді. Өйткені, ол жақта Мәскеудегі Михаил Щепкиннің театр училищесінің түлектері қызмет ететін. Және тәжірибелі режиссер Жанат Хаджиев бар еді. Солардың тағлымының зор екендігін айтты. Сералы Қожамқұлов айтып кеткендей, «Бұл шалғайдағы театр емес, бұл маңдайдағы театр» деп, ұстазымның кеңесімен Арқалыққа оралып, маңдайға бақ болып біткен театрда әрі қарай қызметімді жалғастырдым, – дейді Қонысбек Бегайдаров.
Торғай облысы жабылған тұста орталықтағы театрдың да мәселесі майшаммен қаралды. Арқалықтағы театрды Алматыға көшіргілері келді, кейін ол жоспар жүзеге аспады. Өзге аймақтарға ұсыныс жасағанмен, ол облыстардың әл-ахуалдары көтермейтін болды. Сол тұста Жезқазған облысының басшысы өзі бас болып ұсыныс жасап, театрды Жезқазғанға көшіруге ниет білдіреді. Онда барған актерлер баспаналы болды, тетарға арнайы ғимарат берілді. Қонысбек ағамыз да сол жақта өз қызметін жалғастырды.
Уақыт өте келе Жезқазғанан актерлер көше бастады. Қонысбек ағамызға Алматыдан ұсыныс түскендіктер, сонда бет алмақ болады… Алайда, Алматыға емес, 2000-шы жылы Қоныс ағамыз Қостанайға қоныс аударады. Бірден-бір себеп, туған жер алдындағы перзент парызын сезінгендік десек артық айтқандық емес.
– Жезқазғандағы ұжымның біртіндеп өзге өңірге көшуі белең алды. Маған Алматыға ұсыныс түсті, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеуге. Мен, дайындалып барамын деп жүрген едім. Сөйтіп жүргенде, бір күні үй телефоныма қоңырау келді, тұтқаны көтерсем ар жағынан өзін Жамбылбек Есенбековпін деп таныстырған кісі амандық-саулық сұрасқан соң, бірден шаруасын баяндады. Қасында Нұрлан Ерекешев тұрғанын айтып, екеуі Қостанайдан театр ашқалы жатырғандарын, маған келуге ұсыныс тастап, бірге болып, қолдау білдіруге шақырды. Мен екіұдай ойда қалдым десем болады. Ойлана келе, Алматыдан бас тартып, Қостанайға мен бармасам кім барады? өзімнің елімғой, деп баруға шешім қабылдадым. Сөйтіп, 2000-шы жылы Қостанайға келдім. Мұнда маған бірден үй берді, жұмысқа орналасып, бәрі жаймен реттеліп кетті. Сол кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін қызмет етіп келемін. Міне, 20 жыл уақыт болды, шешіміме өкінбеймін. Бәрі айтадығой Елорда, Алматы деп, ол жақсығой, көбі ол жаққа киноға түсу үшін барады. Бірақ, шын шығармашылығына берілген адам кез-келген жерден театр аша алады деген ойдамын. Керек десеңіз төрт бөлмелі үйден де, театр ашып, қойылым қоюға әбден болады. Суретші болсаңыз да солай, сіздің үлкен шеберханаңыз болуы шарт емес, шағын кішігірім бір бөлме де жеткілікті сурет салып, шығармашылықпен айналысуға. Алайда, театрды киноға еш алмастыра алмайсыз. Театрда өз келбетіңді қалыптастыруға мүмкіндік мол. Адам бір дегеннен шыңға шыға алмайды, бәрі жата-жастана қалыптасады. Бір ойнаған соң, кемшің тұстарыңды аңғарып, келесіде түзетесің. Осылай сенің бейнең жасалады. Ал, өз басым бірер жыл бұрын қазақстандық «Күй ғұмыры» деген киноға түскен болтынмын. Соңғы уақытта ұсыныстардан бас тартуға тура келіп жүр. Олардың сценарийі көңілімнен шықпайды, – дейді ағамыз.
Өмірдің өзі театр екендігін Қонысбек ағамыздың сөзінен анық байқауға болады. Ағамыз «театрды» әр адам, бала күнінде басынан өткереді, есейген шақта күрделі процесін еңсереді деп есептейді. Ең бастысы өзіңді жоғалтып алмауың керексің.
– Қазір балаларға сырттай қарап отырсаңыз олар кәдімгі «әртістер» сияқты. Өйткені, өздерінің қиялдарына сенеді. Қыз бала өзінің қолындағы қуыршақты шынайы сәби сияқты көреді. Оған қарайды, бірге сөйлеседі, тамақтандырады, киімін тігіп береді деген сияқты. Ұл балаларда солай, қолындағы кішкене мәшинемен ойнаса да, ойына ерік береді. Құдды шынайы спетті көреді, оған арнайы тұрақ жасайды, өзінің соның жүргізушісі деп есептейді, бөлшектерін жөндегендей болады, қосалқыларын алады-салады, сыртын сүртеді, көтергіші бар болса, онымен екінші бір затты көтеріп басқа орынға қояды. Мысалы, өзіміз кезінде ауылда бәріміз ұзын бір таяқты алып «ат» сияқты міндікқой, мейлі, ол құр таяқ болсын бірақ, біз сендік, оны шын «ат» көрдік, секіріп мініп, секіріп түсіп, бүкіл ауылды шапқылап айналып кететінбіз бәйге ұйымдастырып. Міне нағыз өзінің қиялына ерік беріп, сену деген осы. Біз ондай сәтте кедерді жасамауымыз керек. Өйткені бала даму үстінде, ол сонысымен өмір сүруде. Осы жағдайлар біздің ішімізде сақталып қалған, кейін уақыт өткен сайын өзгерістерге ұшырап қайта пайда бола бастайды. Қазір өзім бала күнімде немен айналысқанымды есіме жиі түсіремін. Қалай киіндім, қандай ойын ойнадым… Ауыл сыртына ойнап аңшылыққа шығады екенмін. Әншейін таяқшаларды мынау құс, мынау аң деп аулаға әкеліп қоятынмын. Шекспирдің айтқаны бар ғой «барлық әлем театр, біз бәріміз актерміз» деп, осы біздің басымыздан өткен «театр» десек болады. Дегенмен, өзіңді жоғалтуға жол бермеуің керек. Айталық, Кенесары ханды сомдасам, мен Кенесары хан болдым деген сөз емес. Мен, Қонысбек болып тудым, солай болып өтемін. Көптеген әртістерді кездестірдім, «мен образға енемін», болмаса «образдан шыға алмай жүрмін» дейтін, «мазаламаңызшы, мен образдамын» дейді. Ондайларды мүлдем түсінбеймін, айтып тұрғанына сенбеймін де. Ол әншейін мақтаншылық қана, басқа ештеңе емес. Мұндай жағдайды жастармен қатар, өз қатарластырымнан да байқаймын. Менің түйсігімде сомдағалы тұрған бейнеңді түсіну керексің. Ол нені қалайды, соған өзіңнің пайым-парасатыңды қоса отырып көрермеңге жеткізсен, сенің жетістігің сол. Кей актерлерден кімді ойнағың келеді деп сұрай қалсаң, Гамлетті деп жауап береді. Түп негізінде не үшін ойнағысы келетінін, неге аңсары Гамлетке ауып тұрғанын өздері түсіндіріп бере алмайды. Сол себептен де образ толық ашылмайды. Абайдың келбетін сомдаймын деп, суретіне қарап, сақал-мұртты Абай сияқты қойып бояп алып, шапанды киіп, қолға кітап ұстап шыға салу оңай. Ал, Абайдың ішкі ойын түйсінуге талпынбаймыз. Неліктен ол осындай қадамдарға барды. Қара сөз жазуға не итермеледі немесе неге ол қайғыланды… Өзі де жазып кеттіғой…
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?…
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!…
Осының бәрін шын әртіс сыртқы келбетімен емес, ішкі жан дүниесіне ене отырып жеткізсе деймін. Өзіме қарапайым рөлдерде ойнаған ұнайды. Мен жергілікті режиссерге ұсыныс тастадым, Эрнест Хеменгуэйдің «Шал мен теңіз» повесін ыңғайлаңызшы деп, шалды сомдағым келеді. Алайда, әлі күнге дейін қалай үйлестіретініне өресі жетпейді, міне, осыдан-ақ айқын, ізденістің жоқтығы. Тек алдарындағы дайын ақпаратқа, компьютерге сеніп алғандығын байқауға болады. Қазіргілердің көбісінің әуселесі белгілі. Менің қалағаным шығарманың шын тәмсілін айқындау. Ол шалдың уақытпен күресін, көтеріліп қайта жоқ болған толқындар, өліп жатқан уақытпен тең, өтіп жатқан дәурен. Ал, шын мәнінде шал ол – Хеменгуэйдің өзі. Міне, осыны әрі жетілдіріп әкететін режиссер жоқ. Егер осыны жасап шықса, біз біраз деңгейге көтеріліп, күллі Қазақстанды шарлап шығуға болар еді, – дейді Қонысбек Бегайдаров.
«Адам боп келдім өмірге, адам боп өту тілегім…», бұл қанатты сөз Қоныс ағамыздың өмірлік ұстанымының бірі. Пайымдауынша бүгінде адамдардың бір-бірлеріне сыйы төмендеп, пендешілік қылығы басып бара жатыр деп қынжылады…
– Қазіргі уақытта адамдар бір-бірінің қадір-қасиетін құрметтеуден қалып барады. Ішкі сезімдерін, түйсіктерін ұғынудан алшақтады. Қоршаған ортаға, табиғатқа мән беріп қарамаймыз. Адамдық қасиеттердің деңгейі төмендеп кетті. Жер ана қажеттінің бәрін бізге беруде, ал біз оған лайықты қарым-қатынас жасай алмай отырмыз. Шығармашылық адам ретінде мен барлығына шынайы көзқараспен қарағанды жөн көремін. Маған бәрі тіршілік ететін сияқты… Мысалы, қарапайым тастардың өзі бізше өмір сүріп жатқандай. Өзім солармен сөйлесемін, олар маған тіл қататын тәрізді… Сол сияқты, құстармен де, ағаштармен де бәрімен-бәрімен… шығармашылық адам өзінің қиялына ерік беріп үйренуі керек. Сонда ғана шынайы туындылар пайда болады. Қазіргі жағдайды алсақ, жаратқанның өзі қарбалас тіршілікті бір сәт тоқтатып қойған тәрізді. Жер бетін басып жүрген тіршілік атаулы қайда бара жатыр, бағыты қандай соған көз салсын деген ниетпен. Біз «адам деген кім?» деген сұраққа әлі жауап таппай келеміз. Аңдарды білеміз, қасқырды, аюды, жолбарысты білеміз, қарапайым масаны білеміз, бірақ, «адам кім?» десе үнсізбіз… Өйткені, шынын айтқанда біз өзіміздің кім екенімізді білмейміз. Ол әрқашан өзекті болып қала бермек. Бір жағынан алып қарасақ, адамда бәрі бар сияқты алайда пендеге әрқашан бір нәрсе жетіспей тұрады, оны өзі де, білмейді не жетіспейтінін. Әрқашан бір қажеттілік…, – дейді кейіпкер.
Актерлік өнердің биігіне көтерілген Қонысбек ағамыздың жары Зәмзәгүл де актриса. Екеуі де Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері. Балаларының ішінен ұлы Олжас ағамыздың жолын қуып, әкесінің қасында актер болып жұмыс жасауда.
– Ең бастысы – адам бол. Қай балама да айтқан ақылым осы. Құдайға шүкір! Ұл, қыздарым өсіп-өнді, олардан немере сүйіп отырмын. Ұлым Олжас келінім екеуі театрда жұмыс істейді. Ел көзіне түсіп, мақтауларына ілігіп жүр, өзімнің де көңілімнен шығады, шүкір! Ендігі бір балам темір жолда басшылық қызметте. Кіші ұлым кәсіпкер. Қыздарым да тұрмыста. Немерелерім де шүкір, өсіп келеді. Балаларымның бойына адамдық қасиеттерді сіңіртіп өсірдім деп есептеймін, ырзамын – деп сөзін қорытты Қонысбек Бегайдаров.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77